Өкінішке қарай, тіркелгенімен, жұмыс жасамай тұрған немесе ісін уақытша тоқтатып қойып, жасырын пайда тауып жүргендер бар.
Бұған қатысты Ақжайық ауданының әкімі Қалияр Айтмұхамбетовтың есептік кездесуінде айтылды.
Бірқатар тиісті бөлімдердің, мамандардың қол ұшын созу арқылы іске қосу, саны бар да сапасы жоқтарын жаптыру, жасырын жұмыс жасап жүргендерді заңды жұмыс жасауға тарту бағытында қозғалыс басталды.
-Есепті жылда еңбек қатынастарын заңдастыру мақсатында екі рет «Еңбек келісімшартын жасайық!» акция ұйымдастырылып, нәтижесінде 294 жұмыс беруші 595 жұмысшымен келісімшартқа отырды. Осы қозғалысқа байланысты әлі қарымды қимыл керек. Талдау көрсетіп отырғандай, орташа есеппен 1 субъектке небәрі 1,3 адамнан келіп отыр. Демек, аталған бағыттағы мығым қаракетті мақсатты түрде жалғастыруымыз қажет - деді, Қ.Айтмұхамбетов.
Соңғы жылдары қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың арқасында шағын кәсіпкерлікті несиелендіру мәселен, 2016 жылмен салыстырғанда 2 есеге жуық өсіп, былтыр 1 млрд. 129 млн. теңгеге жетті. «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша 200 адам, «Бизнес-Кеңесші» жобасы арқылы 30 адам оқытылды. Өткен жылы жалпы құны 161 млн. теңгені құрайтын 24 кәсіпкерлік нысаны іске қосылып, 57 жаңа жұмыс орны ашылды. Соның ішінде мысалы, «Октан» жанар-жағармай кешені, 100 орындық «Астана» жеке балабақшасы және «Шаңырақ» сауда үйі бар. Тек қана дүкен, кафе немесе ауыл шаруашылығы құрылымдарын ашумен шектелмеу қажет. Ауданда жылыжай, супермаркет, қоғамдық монша, ұлттық спорт, оның ішінде ат спорты кешені сияқты нысандар жоқ. Ал мүмкіндіктер әрине, аз емес. Демалыс орталығы, балалар кафесі, маршрут арқылы жолаушылар тасымалдау секілді маңызды бағыттар жетіспейді. Кәсіпкерлік саласын ілгерілетуге мақсаттанған арнайы жұмыс тобы жуырда іске кірісті, оған сенім зор-ақ.
Болат Қосжанұлы,
Ақжайық ауданы
© zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер