17.01.2019, 10:50
Оқылды: 24

Ақжайықта таңбалануы сәйкес келмейтін 4 тамақ өнімі анықталған

Бүгінде шеттен келетіні бар, елімізде өндірілетіні бар, кейбір тауардың, тамақтың сапасыздығы, қауіптілігі жайында хабар аз емес. Ақжайық аудандық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ерлан Қанатбаев аудан орталығындағы еңбек ұжымдары, тұрғындар өкілдерімен кездесуде осы жайында кеңінен әңгімеледі.

 DSC_0009

Өткен жылы аудан бойынша бірсыпыра қызмет көрсету орындарында тәуекел дәрежесін бағалау негізінде тексерулер жүргізген кезде 72 әкімшілік құқықбұзушылық туралы шешім шығарылды. Сөйтіп, 1 млн. 630 590 теңге айыппұл салынып, 29 адам жұмыстан шеттетіліп, саудадан 12 кг. тағам жойылды.

         Айталық, жыл барысында 182 тамақ өнімі мен 17 тамақ емес өнім анықталды. Мониторинг барысынды микробиологиялық көрсеткіштері бойынша аудан орталығындағы 1 кафеден хот-догтың тұтынуға жарамсыздығы (ластығы), басқа да қоғамдық тамақтандыру орындарынан, дүкендерден таңбалануы бойынша сәйкес келмейтін 4 тамақ өнімі анықталды. Бұлар: майдағы шпроттар, томат тұздығында бөлінбеген Қара теңіз килькасы, жартылай ысталып салқындатылған «Премьера» шұжығы, «Жеңіс» коньягі.

         Тұтынушы дүкеннен азық-түлікті сатып аларда оның сақталу мерзіміне, қандай жағдайда сақталатынына, орамдағы жазулардың айқындығына, жарамдылық мерзіміне, қазақ тілінде де көрсеткіш, сілтемелердің болуына назар аударғаны абзал. Мұны басқа да заттарға қатысты мықтап қаперлеген жөн. Айталық, тексеру барысында балалардың күртесі, «Хоккей» ойыншығы, қыз баланың «Техноткань» көйлегі, балалар футболкасы мен ұйықтарла киер киімі, «Muslima kids textile», «Lady Aida» футболкалары, әйелдердің «L b meierdan» іш киімі таңбалануы бойынша сәйкес келмейтіні белгілі болды. Атап айтқанда, таңбада мемлекеттік және орыс тілінде ақпарат, өнімнің атауы, құрамы, дайындалу мерзімі, Кеден одағы мүшелері елдерінің бірыңғай белгісі көрсетілмеген. Қайсыбір елдің заты болса да, тұтынушы мәселен, оның бояуына дейін зер салғаны жөн.

         Былтыр басқарма мамандары қоғамдық тамақтандыру саласындағы жұмысшы-қызметкерлермен 22 семинар өткізді. Оларға халықтың денсаулығына зардап тигізуі ықтимал көп нәрсе қаперге салынды. Мысалы, той иелерінің кейбір тамақты тойханаларға үйден дайындап апаратын дағды бар. Мұндайға жол беруге болмайды.

Бекем Бекұлы,

Ақжайық ауданы

 

© zhaikpress.kz

 

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram және Telegram парақшамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале