Заңсыз түрде қызмет көрсететін такси жүргізушілерінің Ақжайық ауданы орталығында қарасы қалың екені көпке мәлім. Бұл бағытта заңсыз жолаушы тасымалына тосқауыл қою мақсатында бірқатар іс-шаралар қолға алынуда.
Бүгін аудан орталығындағы такси жүргізушілерімен «БҚО бойынша көлік инспекциясы» РММ-нің бөлім басшысы Серік Убишев өзінің іссапары барысында кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Ол жолаушы тасымалымен айналысатын кәсіпкер міндетті түрде көлігіне такси белгісі мен лента жапсыру керектігін, ережені бұзған жағдайда жауапқа тартылатынын ескертті. Сонымен қатар сақтандыру полисі, медициналық тексеруден өткендігі жөнінде анықтама, кассалық аппарат және өзге де сәйкес құжаттар болуы керек.
Ауданда 70-ке жуық азамат заңсыз жолаушы тасымалымен айналысады екен. Осыған орай «Ақжайық» такси қызметін реттейтін жеке кәсіпкер Талғат Төребаев наурыз айының басында аудандық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне бұл салада заңсыз қызмет ететіндерге шара қолдану жөнінде шағымданған. Кездесу барысында Т.Төребаев өзінің қарамағында заңды түрде 22 адам жұмыс жасайтынын және олардың арнайы рұқсат қағазы бар екендігін, кассалық аппарат арқылы түбіртек бере алатындығын алға тартты.
Такси жүргізушілермен сұхбаттасқан аудандық әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы Аман Әлмұханов Аман Алтайұлы заңды белшесінен басып, жолаушы тасымалымен астыртын айналысатындардың қызметін бірлесіп қана тоқтатуға болатынын айтты. Осындай деректерге кезіккен жағдайда "102" нөміріне хабарласу қажеттігін де ескертті, мұндайда заңсыз такси жүргізушісін жергілікті құқық қорғау қызметкерлері жолдан қайтарып та ала алады.
Ләззат Өтегенова
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер