Ақжайық ауданының орталығы – Чапаев ауылына келген облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шакимов алдымен Тәуелсіздік, Щурихин көшелерінің күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты.
Аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша «Бірлік» ЖШС салып жатқан, ұзындығы 1,8 шақырым бұл жұмыс тамыз айында басталған-ды. Құрылысы желтоқсан айында аяқталуы тиіс жолдың сапасын тексерген Тимуржан Әдиетұлы аудан басшылығына мердігер жұмысын жіті бақылауға алуды тапсырды. Әрі тас жолдың әр қабатына төселетін жабынның қалыңдығы мен материал сапасына назар аударып, температуралық режимнің сақталуын да назардан тыс қалдырмауды міндеттеді. Одан әрі Абай атындағы мектеп-гимназия мен 3 қабатты 24 пәтерлік тұрғын үй құрылысын аралап, мердігерге құрылыс нысандарын мезгілінде сапалы аяқтау керектігін айтты. Сонымен қатар биыл күрделі жөндеуден өтіп жатқан №1 мектеп ғимаратын да аралап шықты. Облыс басшысының орынбасары тапсырыс берушілер тарапынан мердігерлерге қандай да бір шағым болған күнде облыстағы құрылыс саласына жауапты басқармаға жазбаша арыз-хат түсіру керектігін ескертті.
Жұмыс сапарының аяғында облыс басшысының орынбасары аудандағы құрылыс нысандарының мердігерлерімен кездесті. Отырыс барысында облыстан келген басқарма және мекеме басшылары осы салаға қатысты заңнамалардағы жаңа өзгерістерге тоқталып, жиналғандар сұрағына жауап берді. Сондай-ақ аудан көлемінде «Өңірлерді дамыту бағдарламасының» «Ақбұлақ» бағытымен тартылып жатқан су құбырларының жұмысы да назардан тыс қалмады.
Рауан Сатыбалдиев
Ақжайық ауданы
суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер