27.06.2024, 15:00
Оқылды: 64

Ақжайықтық «Асыл әжелер» ансамбліне 15 жыл толды

Жайық ауылында құрылған «Асыл әжелер» ансамблінің 15 жылдық мерейтойы аталып өтті. Залды лық толтырған көрерменнің әжелер салған есті әндерді сағынғаны ықыластарынан байқалады.

F8B6CF92-EB49-403E-A518-55D8B65B4A13

Жүргізушінің хабарлауынан соң, көрерменнің ыстық қошеметімен сахна төріне көтерілген мерейтой иелері бір демде-ақ «Аққұм», «Сусамыр – елдің жайлауы», «Сәулем-ай» халық әндерін нақышына келтіріп орындап берді.

– Біздің ансамбльдің репертуарында халық әндерімен қатар белгілі сазгерлердің әндері де бар. Осыдан аттай 15 жыл бұрын ауыл тізгінін ұстаған азамат Жігербай Қажғалиевтың ұсынысымен, мәдениет үйі қызметкерлерінің қолдауымен құрылған болатынбыз. Бүгінде аудан, облыс сахналарында өнер көрсетіп жүрміз, еш жерден ықылассыз қайтқанымыз жоқ. Бүгін міне мерейтойымыздың қарсаңында халыққа есеп беріп, алдарыңызға шығып тұрмыз, - деген ансамбльдің жетекшісі, белгілі әнші Дина Хасанова зейнет жасына жеткен әжелерді құттықтап, алғысхаттар мен естелік сыйлықтар тапсырды.

Ауыл-аймаққа кеңінен танымал Хасановтар жанұялық ансамблінің негізін қалаған мәдениет саласына елеулі еңбек сіңірген өнер иесі Мақсот Хасановтың баянда сүйемелдеуімен әжелер халық әндері «Дүние-ай», «Гүлдерайым», «Қымыз құйғыш», «Ақтамақты», Ескендір Хасанғалиевтің «Айналдым елім», сазгер жерлесіміз Рахым Жанайысовтың «Атамекенге сағыныш» әндерін көрерменге тарту етті.

Одан соң сахнадағы экраннан әнші әжелердің шетелде, еліміздің түкпір-түкпірінде білім алып, қызметте жүрген немере-жиендерінің  бейнеқұттықтаулары көрсетілді. Ауылдағылары да шет жүргендерден қалып қойғысы жоқ.

Олар «Әжетайым» деп әндетсе, жас әншілер Айзере Зәкәрия «Үкілі қыз» әнін домбырада шырқап, Иманәлі Темірболатов «Анам мен әкем» әнін орындады. Аудан мәдениетінде қолтаңбасы ерек зейнеткер Жұмағаным Сырымова Шәмші әндерін әуелетіп, «Балауса» бишілер тобы мың бұрала би де биледі.

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту және дене шынықтыру, спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов, Чапаев ауылдық округінің әкімі Биболат Зейнуллин, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Артур Ермұқанов жүрекжарды тілектерін арнап, әжелердің өнер өлкесіндегі жемісті жылдарына, мәдениет саласындағы, ұрпақ сабақтастығын жалғастырудағы еңбектеріне рахмет айтып, аудан әкімінің және өз аттарынан алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыстады.

Р.Жанайысов жаһандану заманында ұлттық өнер,  сан ғасырдан мұра болып қалған халық әндерін кейінгі ұрпаққа насихаттауда осындай ансамбльдердің маңызы ерек екенін айтып, орталық басшысының алғысхаты мен естелік сыйлығын берді.

Ақын Сағынтай Бисенғалиев тілегін жырмен жеткізсе, еңбек ардагері, аудандық мәслихат депутаты Құрман Бисеғалиев өткен күндердің естелігіндей болған әдемі әндерді бүгінгі ұрпаққа насихаттау міндетіне адалдық танытқан әжелер ансамбліне өте жоғары баға берді.

Жайық негізгі мектебінің директоры Меруерт Ерментаева ансамбль мүшелерін ұжым атынан сыйлықтармен қошеметтеді.

Асыл Қайрат

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале