Абай атындағы мектеп-гимназияның қос бірдей шәкірті онлайн кеңістіктегі білім сайыстарында жарқын жетістіктерге жетіп, жүлдегер атанды. 10-сынып оқушысы Айнара Бақтығалиева «Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық ғылыми жобалар» конкурсының республикалық кезеңінде III орынды қанжығасына байлады. Шәкірттің білімі бұл додада үш кезеңде сыналды. Алдымен оқушылардың жұмыстары іріктелсе, екінші кезеңде жасөспірім өзінің ғылыми жобасын қорғап шығуы керек болды.
«Айнараның бұл конкурсқа арнап таңдаған тақырыбы – ақын Халима Өтеғалиеваның шығармашылық мұрасы. Жобамен жұмыс барысында ол ақынның Алматы қаласындағы ұрпақтарымен хабарласып, жеке фотосуреттерін алдырды. Ақынның көзін көрген жандармен сұхбаттасып, сондай-ақ Жәнібек аудандық музейімен орнатылған тығыз байланыстың арқасында көптеген деректер жинақтады. Осындай ізденістің арқасында республикалық кезеңде бәріміздің артқан үмітімізді ақтады», - дейді Айнараның жетекшісі, мектеп гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Әсел Ерментаева.
Аталмыш білім ордасының мерейін асырған тағы бір жетістік – VI республикалық «Зерде» байқауында 2-сынып оқушысы Інжу Жәрдемова аудандық және облыстық кезеңдерден жеңімпаз атанып, республикалық сайыста орыс тілі пәні бойынша «Сладкая орфография» тақырыбында жұмысын қорғап, (жетекшісі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Айман Шанаева) ІІІ орын иеленді.
Әскер Сағындық,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz