22.03.2021, 16:08
Оқылды: 73

Ақжайықтық волонтерлер аудандағы мекеме қызметкерлерін Наурыз мерекесімен құттықтады

Жер-дүниені жайнатып келген Наурызды ақжайықтықтар айшықты шаралармен атап өтуде. Індетке байланысты көптеген шаралар қашықтан өткізілсе, жас еріктілер Ұлыстың ұлы күнінде көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.

IMG-20210322-WA0034

Бір топ қыз-жігіттер мерекеде халыққа қызмет көрсетіп, жұмыста болған жерлестерді ән-жырмен құттықтап, наурыз көже таратты. Атап айтсақ, Қазпоштаның аудандық филиалы, дәрігерлер, азық-түлік дүкендерінің қызметкерлері мен такси жүргізушілеріне ақ пен бауырсақтан дәм татқызып, игі тілектерімен қуантты.

Күн мен түн теңеліп, күллі тіршіліктің жанданатын мерзімі қуаныш әкелуде. Жастарға «Сиыр жылы ырыс пен жақсылық келсін!» деген жылы лебіздер айтылып, мейрам күні қызметте тұрған жандар алғыстарын ақтарды.

IMG-20210322-WA0033

- Бүгін күн мен түннің теңесіп, ағайынның ақ пейілі ақтарылатын Ұлыстың ұлы күні. Қазақ тойдың ұлысын, дәстүрдің озығын, қыстан қалған сүрдің ең дәмдісін көктем мерекесіне арнап сақтаған ғой. Мына індетке байланысты ұлық мерекені сән-салтанатымен атап өте алмасақ та, Наурыздың шуағын сезінсін деген ниетпен мекемелерді аралап, құттықтап шықтық. Ырыс пен ынтымақтың, бейбітшілік пен кешірімнің мерекесі босағамыздан енгенде, індеттің де беті қайтарына сенімдіміз», - дейді волонтерлердің басын жақсы істе біріктірген аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы Әли Орынов.

Ә.Серікқызы
Ақжайық ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале