Бүгін – Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутаттарын сайлау күні. Таңғы сағат 7.00-де еліміздегі барлық сайлау учаскелерімен бірге Ақжайық ауданындағы 45 сайлау учаскесі де өз жұмысын бастады.

Аудан тұрғындары таң алагеуімнен учаскелерге келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Чапаев ауылындағы №25 сайлау учаскесінде де дауыс беру белгіленген тәртіпке сай басталды. Алдымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимні орындалып, учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы Әйгерім Хайруллина дауыс беру тәртібі мен заңнама талаптарын түсіндірді.
Алғашқылардың қатарында ел болашағына қатысты өз таңдауын жасауға келген Күләш Жұмағалиева да бар.

– Бұл сайлау ел ертеңін халықтың өзі айқындайтынын көрсетеді. Сондықтан әрбір азамат белсенділік танытып, учаскеге келіп, өз таңдауын жасайды деп сенемін, – дейді ол.
Көпшілікпен бірге аудан әкімі Мұрат Сердалин де Ақжайық аграрлық-техникалық колледжінің ғимаратында орналасқан №26 сайлау учаскесіне келіп, тіркеу рәсімінен өтіп, өз таңдауын жасады.

Барлық сайлау учаскелерінде азаматтардың дауыс беруіне қажетті жағдай жасалған. Келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлау мақсатында әсем әуен ойнатылып тұр.

Ақжайық ауданы бойынша сайлауға қатысуға құқылы азаматтардың жалпы саны – 21 255. Олардың ішіндегі ең үлкен сайлаушы 99 жаста болса, биыл 18 жасқа толып, алғаш рет дауыс беру құқығына ие болған жастардың саны – 225.
Ел тағдырына қатысты маңызды саяси науқанға аудан тұрғындары белсенді қатысып, өз таңдауларын жасауда.
Рақым Берікқали
Ақжайық ауданы