25.03.2021, 10:06
Оқылды: 73

Ақжайықтықтар шапағатты іске дәнекер болды

Қайырымдылық жасау, соның ішінде жалғысбасты жәрдемге мұқтаж жандарға көмектесу,  мүгедек адамдар мен аз қамтылған жанұяларға шарапатын тигізу – жыл бойы жалғасатын игілікті іс. Қолында қаражаты барлар азық-түлікпен көмектессе, күші барлар қайырымдылықтарын еңбек арқылы көрсетіп жататындығы айтылып, насихатталып жүр бүгінде. Осындай шапағатты іс береке-ырыстың бастауы – Әз-Наурызда қолға алынды.

55

Атап айтар болсақ, жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен ауылдық округтердегі мүгедек бала тәрбиелеп отырған және аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетіліп, Қурайлысай, Қарауылтөбе, Базаршолан, Есенсай, Мерген, Ақжол, Базартөбе, Чапаев пен Жаңабұлақ ауылдарындағы 25 мұқтаж үйелменге азық-түлік жеткізілді.

Сонымен қатар Чапаев ауылдық округі әкімшілігі жанынан құрылған еріктілер тобы бірқатар қарияларға аула шаруасына жәрдем етіп, алғысқа бөленді.  Азаматтар Жайық ауылындағы екі қарияға қолұшын созды. Біріне отын түсіріп берсе, енді бірінің ауласындағы үйілген қарды сыртқа шығарып, үйіне су кіру қаупінің алдын алды.

Чапаев ауылында тұратын жалғызбасты кейуананың да еріктілер ауласын ретке келтіріп, отынын жарып берді. Көмекке асыққан жігіттерге орыс ұлтының өкілі П.Куринаның алғысы зор. Ауласын қардан тазалап берген еріктілерді әже қазақтың ұлттық киімін киіп, бауырсағымен қарсы алды.

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале