25.03.2024, 14:55
Оқылды: 28

Ақжайықтың Шабдаржабында көне бекіністің болғанын біліп пе едіңіз?

Бұл туралы облысымызға сапары аясында Ақжайық ауданының орталығы Чапаев ауылына келген Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Заманауи зерттеулер институтының директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Мұхит-Ардагер Сыдықназаров айтты. Сапар барысында ол осындағы өлкетану мұражайымен танысты.

IMG-20240325-WA0023

«Көненің көзі – асылдың өзі» дейді халқымыз. Аталмыш мұражайда ауданның сан ғасырлық тарихынан құнды жәдігерлер жинақталған. Ауыл-ауылдан, мығым әріптестік орнатылған алыс-жақын мұражайлардан жеткізілген әр экспонаттың құндылығы ерекше. Ауданға келген мейманға мұражай қызметкерлері Жайықтың қос қапталын тең жайлаған халықтың тұрмысынан, еліміздің қоғамдық, әдеби, мәдени тыныс-тіршілігінде қолтаңбасы сүбелі ақжайықтықтардың өмірі мен шығармашылығынан деректерді егжей-тегжейлі баяндап берді.

IMG-20240325-WA0013

Қазақ мемлекеттілігінің кәрі тарихын Америка Құрама Штаттары, Бельгия, Англия, Франция, Италия, Германия және басқа да мемлекеттердің саяхатшылары жасаған карталардың негізінде толық зерттеген профессор М.Сыдықназаровтың да Ақжайық өңірінің өткеніне қатысты айтары бар екен.

IMG-20240325-WA0016

– Жоңғар-қалмақ басқыншылығы кезінде еліміздің батыс өңірі үшін жойқын ұрыстар орын алыпты. Солардың бірі сіздің ауданның көрші Атырау облысының Индер ауданымен шектескен тұсында орналасқан Шабдаржап ауылында болғандығы тарихи дәлелденген. Елі мен жерінің дербестігі, азаттығы үшін ата-бабаларымыз осы жерде алып бекініс салып, жауға тойтарыс беріпті. Мұны әр ақжайықтық ұланның білгені абзал. «Өткенсіз бүгін жоқ» деген, аталарының ертеңгі ұрпақтың еркін, тәуелсіз өмірі үшін жасаған осындай ерлігін, туған өлке тарихын, шежіресін білмесе, құрметтеп өспесе, балалардың бойында елжандылықтың, отансүйгіштіктің қалыптасуы екіталай, – деді ол.

Мұражайды аралап шыққан ғалым өткенге куә жәдігерлерді тірнектеп жинап, көздің қарашығындай сақтаған мамандарға алғысын білдірді.

IMG-20240325-WA0017

– Жайықтың бойы тұнған тарих, өткеннің іздері әлі де сайрап жатыр. Өлкетану бағытында да талай зерттеуге арқау болар дерек көп. Осыны бек сауатты пайдалануымыз керек. Жұмыс бабымен талай шет елді аралап шықтым. Көненің көзін аса қатты құрметтейтіндерін байқадым. Тарихта болған шағын ғана оқиғаны олар зор етіп көрсетіп, туристерді қызықтыруға әбден машықтанып алған. Қазақтың, соның ішінде Батыс өңірдің шежіресі бай, құнды. Жаңа Шабдаржап туралы бекер айтқаным жоқ, сол жерде орын алған шайқасқа қайта жан бітіріп, бекіністің макетін орнатып, тарихи-туристік нысан етіп ашса, нұр үстіне нұр, - деді М.Сыдықназаров.

Әлия Шарапиева,

Суреттерді түсірген Нұрбек Ихсан

Ақжайық ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале