4.12.2022, 14:57
Оқылды: 60

Ақжолда, енді, жарық жиі сөнбейді

Таяуда Бәйтерек ауданы Белес ауылдық округінде 4 трансформатор орнатылды. Нақтылап айтқанда, оның біреуі Ақжолға, қалғандары Белеске қойылды.

IMG-20221204-WA0017

– Электр желілерінің тозуына және трансформаторлардың ескілігіне байланысты жарықтың жиі сөнуі – округтағы өзекті мәселелердің бірі еді. Соған орай бюджеттен 16 млн теңге қаржы бөлініп, соған 4 трансформатор алынды. Оның біреуі Ақжол ауылына, қалғаны Белеске орнатылды. Әсіресе Ақжолда жағдай қиындау болатын. Ондағы бір ғана трансформатор қатты жел болса, істен шығатын, ауыл тұрғындары дәнекерлеу (сварка) аппараттарын қосса, жарықтың кернеуі төмендеп кететін. Мұндай кезде ауыл тұрғындары қатты қиналатын. Енді ондай қиыншылық болмайды деп ойлаймыз. Ақжолдықтар үшін өзім де қуанып отырған жайым бар. Белеске келсек, мұнда 7 трансформатор бар. Соның үшеуі жаңартылып отыр. Қалғандарын жаңарту алдағы жылдардың еншісінде. Осы трансформаторларды орнату үшін көмек сұрағанымызда сөзге келместен арнайы техникаларын бөлген «Белес Агро» ЖШС-ның бас директоры Мұрат Жәкібаевқа округ тұрғындарының атынан шын жүректен алғыс айтамыз. Сондай-ақ аудандық электр торабы қызметкеріне де ризашылығымыз зор. Бір трансформаторды қоюға бір күн кететінін ескерсек, осы арнайы техникалардың көмегімен төрт күннің ішінде осындай игілікті іс жасалды, - деді Белес ауылдық округінің әкімі Бақтыгүл Жүнісова.

IMG-20221204-WA0018

Ауылдағы жалғыз ғана электрик Алмас Қуандықов жаңа трансформаторлар оның жұмысын жеңілдетініне сенімді. Себебі бұрынғы трансформаторлар ескі болуы себепті жиі істен шығатын. Кейде жалғыз өзі үлгере де алмай қалып жатады. Электриктің жалақысы төмен болуы себепті бұл қызметке ешкім келмей отырған көрінеді.

Ауылға трансформатор қойылуына орай ақжолдықтар үлкен қуаныш үстінде. Солардың бірі – Гүлсара Досқалиева. «Ақжолда 1995 жылдан бері тұрамын,- дейді ол.

– Трансформатор сол кезде жұмыс істеп тұрған. Оған да ширек ғасырға жуық уақыт өтті ғой. Қысы-жазы жарығымыз жалп етіп сөніп қалатын. Әсіресе жел күндері жиі өшетін. Бізге қыста қиын тиеді. Үй газбен жылытылатындықтан жарық болмаса насос істемейді, яғни үй жылынбайды. Электрик келіп, трансформаторды жөндегенше үйіміз салқындап кететін. Қар қалың, не мұздақ болса электрик уақтылы келе алмай қалады. Ондай кездерде тіптен қиналамыз. Жаңа трансформатор іске қосылып, көңіліміз бірленді, әрі жарықтың қуаты да жақсарып қуанып жатырмыз. Енді электр желілері жаңартылса, мұндай қиындықтардың бәрі де артта қалары анық».

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале