Қаржы пирамидасы бойынша өңірімізде қозғалған қылмыстық істер саны 2021-2022 жылдармен салыстырғанда екі есеге (32-ден 72-ге дейін) өсіп отыр.
Бұл туралы БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Нұрболат Мұхсинов бәйтеректіктермен болған кездесу кезінде баяндады.
Аудан орталығындағы «Шың» театрында өткен кездесуге аудан әкімінің орынбасары Ерлан Ғалиев, мекеме-кәсіпорын қызметкерлері, Қ.Аманжолов және Камен орта мектептерінің жоғары сынып оқушылары, колледж студенттері мен жұртшылық өкілдері қатысты.
Жедел уәкіл атап өткендей, қазір БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті өндірісінде 3 қылмыстық іс бар, олар "Life is good", "Chia Tai", "World money" компанияларына қатысты. Соның ішінде "Chia Tai" бойынша 730-дан астам азамат арыз түсіріп, 800 млн.теңге көлемінде залал келтірілгені анықталды.
-Өкінішке орай, адамдар әлі де тез және көп ақша табуға үміттеніп, алаяқтардың тұзағына жиі түсуде. Әсіресе, осы қаржы пирамидасының құрбандары көбінесе зейнеткерлер, студенттер, үй шаруасындағы әйелдер, педагогтар, денсаулық сақтау саласы қызметкерлері болып келеді. Қаржы пирамидасына тән мынадай белгілер бар: қандай да бір топқа не ұйымға кіруге ақы төлеу ұсынылады, нарықтағы жағдайдан бірнеше есе жоғары кіріске кепілдік беріледі, интернетте, соның ішінде әлеуметтік желілерде жарнамалық науқан арқылы салымшыларды белсенді түрде тартады, басқа клиенттерді тартқаны үшін сыйақы беруге уәде етеді, компанияның қаржылық жағдайы туралы нақты ақпарат берілмейді. Сондай-ақ ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен халықтың ақшалай салымдарын тартуға лицензия немесе бағалы қағаздар нарығында қызметті жүзеге асыруға лицензиясы болмайды,-деді Нұрболат Мұхсинов.
Кездесуде лудомания, яғни құмар ойындары туралы да ақпарат ұсынды. ҚР ҚК 307-бабына сәйкес заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар мен оның қатысушылары, сондай-ақ заңсыз ойын бизнесіне үй-жайын бергендер қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Құқық бұзушылықтың осы түрімен айналысқанның мүлкі тәркіленіп, 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. «Егер сіз заңсыз ойын бизнесінің қызметіне куә болсаңыз, сондай-ақ қандай да бір компаниядан қаржы пирамидасының белгілері бар деп күмандансаңыз Орал қаласы, А.Каримуллин көшесі, 2/2 мекен жайында орналасқан БҚО бойынша Экономикалық тергеу департаментіне
(8-7112-53-84-23, 53-84-27) кез келген уақытта хабарласа аласыз», -деді Нұрболат Серікұлы.
Нұрсәуле Әбілпейісова,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz