19.08.2020, 15:28
Оқылды: 81

Әлди айтқан үн қалсын құлағыңда

   Бесік деген қазақ халқына етене таныс, жүрегіне жақын сөз. Сәбиді бесікке саларда үлкендер: «Тал бесіктен басталған өміріңе жер бесікке жеткенше жамандық жоламасын»! деп тілек айтып жатады. Қазақта бесік қасиетті, киелі, сәбидің «алтын ұясы» болып есептеледі. Ол әртүрлі ағаштардан жасалады. Негізінен тобылғы бесікте тербелген сәби «арыстандай топ жарады, жолбарыстай жол тосады» деп ырымдаған.     

Besik (1)

Жақында бесіктің киесі ұрған қыздың тағдыры туралы әңгіме оқыдым. Баяғыда бір ауылда Майра есімді қыз болыпты. Сұлулығымен барлық жігіттің арманына айналыпты. Олардың үйлерінде ескі бесік болған екен. Бірде Майра сол ескі бесікті  «ешкімге қажеті жоқ, керексіз дүние» деп өртеп жібереді. Мұны     естіген әжесі немересіне қатты ұрсыпты.

Кейін әжесі көз жұмып, ал Майра ақылынан адасыпты. Кейде ағаштарды жинап өртейді де, «Бесікті өртегенім жоқ, қазір отты өшіремін», – деп өзі жылап су шашатын көрінеді. Лаулаған от өшсе, Майра да жылауын тоқтатады дейді. Ауылдағы үлкендер «Майраны бесіктің киесі ұрған» дейді екен. «Бесікті отқа жақпа, аяқасты етпе, жалпы, сәби жатуға жарамсыз болған бесікті жерге көміп тастаңдар» деген үлкендер сөзі  тегін айтылмаса керек. Анада ФБ желісінде үлкен бір қалада бесікті көшеге шығарып тастаған сурет те желіні біраз шулатты.

Besik (2)

Жалпы баланы бесікке салатын адам алдымен бесікті аластайды. «Алас, алас, алас, бар пәлеңнен қалас! Тілдінің тілінен алас, көздінің көзінен алас! Алас, алас, алас» деп адыраспанмен, болмаса, күкіртпен үш немесе жеті рет бесіктің төрт бұрышын, қуыс-қуысын аластап шығады. Ондағы мақсат – құрт-құмырсқа өрмелемеп, жын-шайтан жоламасын дегені. Содан кейін жөргегін салмай тұрып, бесіктің түбек қояр тесігінен «тыштырма» ырымын жасайды. Әрқайсыңның үйіңде шілдехана болсын, ұрпақтарың көбейсін дегенді білдіреді екен бұл. Тыштырмадан соң жөргегін салып, жастығының астына «жаны айнадай таза, мөлдір, шашын тарап өскен сұлу да сыпайы болсын» деп айна мен тарақ қояды. Осылайша бесіктің жасауын жасап болғаннан кейін сәбиді салып: «Ағаш бесікке түстің, адам қатарына қосылдың, ата-анаңа опалы, ел-жұртыңа қайырлы бол» деп игі тілек білдіреді. Ал жеті түрлі нәрсені, яғни қапшық – ұйқысы қаптай қалың болсын деп; жайнамаз – сәби ержеткенде иманды болсын деп; дастархан – пейілі кең, қонақжай болсын деп; ер бала болса, қамшы немесе жүген ел қамын ойлайтын атқамінер болсын деп, қыз бала болса, шолпы жүрісі кербез өзі сұлу болсын деп, ата-әже, ата-анасының киімдерін солардың бойындағы жақсы қасиеттері дарысын деп бесіктің үстіне жабады. Бесікке мінгені: болашақта ержеткен азамат жоғарыдан көрінсін, биікте жүрсін дегені. Әрі қамшымен қаттырақ ұрса, бала өскенде қайратты, өткір, қиындыққа төзімді болып өседі, қамшы жай тисе бос, болбыр, ынжық болады деп ырымдаған. Біз қазақ халқы өте ырымшыл халықпыз ғой, қандай іс-әрекетіміз де жақсылықты шақырып, соған қарай бейімделіп тұратын.

Besik (3)

Сондай-ақ аналарымыз бесік жырын ермек қылып немесе баласын жұбату үшін ғана айтпаған. Ұрпақтарының құлағына халықтың салт-дәстүрі мен адамгершілігін, ізгіліктің, даналықтың тағылымдарын құю үшін айтқан. Бесік жырын тыңдап өскен бала көкірегі ояу, сезімтал, мейірімді болып өседі екен. Бұл туралы Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» кітабында: «... Ертексіз өскен бала рухани мүгедек адам. Біздің қазіргі балаларымызға әжелері, не шешелері ертек айта білмейді. Содан қорқам. Менің қазіргі келіндерім немерелеріме бесік жырын айта білмейді. Бесікте жатқанда құлағына анасының әлди әні сіңбеген баланың көкірегі кейін керең болып қалмаса деп  қорқамын. Ал менің кәрі апам Қызтумас маған ертекті, әлди әнді көп айтатын. Арада неше заман өтті. Қызтумас апамның сүйегі әлдеқашан қурап кетті, ал әлди ән айтқан үні әлі тұр құлағымда...» деп жазады.

 

                                                                               Ғазиза Рахметова,

Теректі ауданы

                                                                               zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале