11.12.2019, 18:13
Оқылды: 33

Александровка ауылында медициналық пункт жаңарды

Ұлт денсаулығы – жарқын болашағымыздың негізі. Қазіргі күні мемлекеттік бағдарламалар аясында денсаулық сақтау ісін реформалау, халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі іс-шаралар тиімді жүзеге асып келеді. Мәселен, Бөрлі ауданында өткен жылы екі ФАП күрделі жөнделсе, биыл үш медициналық ғимарат күрделі жөндеуден өтті.

borli (1)

Тәуелсіздік мерекесі  қарсаңында Александровка ауылында да сондай игі шара жүзеге асты. 1990 жылы салынған нысан бұған дейін ешқандай жөндеу көрмеген-ді. Салтанатты шараға аудан әкімінің орынбасары Еркебұлан Исханов қатысып, ауыл тұрғындарын нысанның ашылуымен құттықтаса, жөндеу жұмыстарын жүргізген мердігер SK "ALI-Stroi" ЖШС жетекшісі Лесбек Нүрпейсов принтер сыйлады. Ал ауыл тұрғындары Амангелді Ихсанғалиев пен Нина Лебедь медициналық пунктті жөндеуге аталысқан барша азаматтарға жерлестері атынан алғыс айтты.

borli (2)

Жалпы нысан заманауи құрылғылармен жабдықталған. Енді осы ауылдағы төрт жүзден астам тұрғынға сапалы медициналық қызмет көрсетілмек. Әрі бұл медициналық нысан диагностикалық бөлмемен және қант диабетіне шалдыққан тұрғындарды бақылауда ұстайтын аппаратпен қамтылған. Осынау ғимаратты жөндеуге 22 миллион теңге қаражат жұмсалыпты.

borli (4)

 

Әзірше медициналық пунктте мейірбике ғана қызмет етсе, алдағы кезде қабылдау өткізбек. Осы ретте, келер жылы Бумакөл және Жарсуат ауылдарындағы емдеу мекемелеріне де күрделі жөндеу жүргізу жоспарланып отырғанын айта кетелік.

Айым Нұрғалиева

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале