5.08.2021, 16:07
Оқылды: 80

Әлемнің ең басты мінбесінде

Өткен кезеңге көз жіберсек, дербестігіміздің әр жылының сыны да, жүгі де бөлек екен. Тәй-тәй тұрып, қадам басқан күндер, апталар, айлар. Қанаттанған белестер. Тұтас халықтың, мемлекеттің бағытын, бет-бейнесін өзгерткен оқиғалар. Әрқайсысының тәуелсіздік тарихындағы орны, ізі бар. Соның бәрі бүгінгі буынға жауапкершілік артады. Яғни тәуелсіздік тағдырына жауапты екенін меңзейді. Бодандықта болған кезіміздегі қайшылықтарды, ерік-жігерді тұмшалаған үстемдікті естен шығарма дейді. Бүгінде қолда бар құттың құнын біл дейді.

елбасы

Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесі дегенде, бірден-ақ қарасұр граниттен қашалып жасалған оның айбынды көрінісі көз алдыңа тұра қалады ғой. Фотосуреттен, теледидардан көргеннің өзінде бір өктем ерекшелік, сұстылықты сезесің.

1992 жылғы қазан айының басында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев осы Ұйым Бас Ассамблеясының 47-інші сессиясында сөйлеуіне шақырту алғаны туралы бұқаралық ақпарат құралдарынан білдік. Сонда талай қазақстандық айрықша толқу-тебіреністе болғаны сөзсіз. Өйткені бұл Қазақстанның әлемнің ең басты мінбесінен тұңғыш рет көрінуі еді. Сосын біздің мемлекетіміз басшысына дейін ТМД елдері Президенттерінен ешкім БҰҰ мінбесінен сөйлемеген екен. Демек, әлемнің мәртебелі, беделді Ұйымы тарапынан Қазақстанға, оның Көшбасшысына деген құрметтің болғаны ғой. Неге болмасын, егемендігіміздің аз ғана айларында-ақ Н.Ә.Назарбаев қазаққа  абырой әкеліп, небір сынақтан өтіп үлгерген-ді.

БҰҰ-да әлбетте, «майда-шүйде» емес, дүниежүзілік ауқымдағы проблемалар көтеріледі. КСРО-ның «шекпенінен» кеше ғана шыққан, яғни тоқырауға белшесінен батқан империядан азат болғанына әлі жыл толмаған, экономикасының кетеуі кеткен елдің басшысына сын көзбен қарағандар да жетіп артылғаны кәміл. Елбасымыз дүние жүзі алдында айтулы бір сынақтай өтетіндей болды емес пе? Шынтуайтында, бұл жас мемлекетіміздің өрісіне, бағдарына сынақ еді.

Теледидарға үңілдік

Н.Ә.Назарбаев ортасына БҰҰ-ның мөртаңбасы шегеленген мінбеге ширақ көтерілді. Осы халықаралық бас қауымдастықтың бейбітшіл күш-қуатын бірлесіп нығайту, әлемдік жанжалдың бір негізі – мемлекеттердің шекараларын қайта қарауға жол бермеу, аз ұлттарға өздері тұратын мемлекетте тілін, мәдениетін, дәстүрін дамытуға жағдай жасау хақында тың ойлармен тұжырымдап, түйіндеп айтты.

Сондай-ақ Кіндік Азиядағы су мәселесі ұлтаралық дауға айналуы ықтималдығын, демек, мұның алдын алу жайында баяндағаны да зор ықылас туындатты. Және осындағы ұсынысы бірден құп алынып, кейін Азиядағы өзара ықпалдастық пен сенім шаралары кеңесі құрылды.

БҰҰ-ның барлық тілдеріне аударылып берілген оның сөзі әлемде зор ынтызарлық туғызды. Иә, сол 1992 жылғы 5 қазан қазақтың тегін жұрт емесін шартарапқа танытты. Содан бері біздегі саяси тұрақтылық, жаһандық антиядролық қозғалыс көшбасшылығына айналғанымыз жан-жаққа нағыз үлгі болды, Қазақстан жер шарындағы талай күрделі, күрмеулі проблемалардың шешімін табуына қозғау салды, елдер арасындағы әлдебір шиеленістерді реттеуге атсалысты.

Содан бері Тұңғыш Президентіміз БҰҰ Бас ассамблеясының негізгі мінбесінен әлденеше рет сөйледі. Жаһан Қазақстанмен санасатынына осы да мықты дәлел. Қазақстан үйренуші елден үйретуші елге айналғанына да үлкен бір мысал осы емес пе?!

Бұрын, КСРО құрамында тұрып, қайсыбір елмен терезесі тең қарым-қатыс жасап көрдік пе? Жоқ, көргеніміз жоқ.

Мың да бір шүкір, бүгіндегі мына кірпияз дүниеде көшіміз түзу. Бірақ әрине, қапыларымыз бар, соны түгендеп, ешқашан ешкімге есемізді кетірмеу үшін атсалысуымыз керек. Тіршіліктің талабы қатты, тегеурінді, сындарлы.

WhatsApp Image 2021-08-05 at 16.06.22

Данагер Абайдың ақылын алсақ, бағымыз асады

Былтыр Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына байланысты мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылғаны мәлім. Бүкіл Қазақстан данагердің мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Әлем ойшылдары қатарындағы ғұламаның еңбегіне шартараптан қызығушылар көбейе түсті.

Ойшыл, ақын, композитор, аудармашы, ағартушы, жаңа әдебиетіміздің негізін қалаушы. Осындай дананы тереңірек білуге, тануға байыпты қадам егемендігіміздің алғашқы кезеңінде басталғанын да білгеніміз абзал. «Неге, Абай одан бұрын да ұлықталды емес пе?» дерсіз. Ұлықталды, бірақ...

Оның асыл мұратына Кеңес үкіметі о бастан түзу қараған  жоқ. Мектеп оқулықтарында тек ағартушы ақын дәрежесінде атап өтіліп, республикалық деңгейдегі мұражайының ашылуы абайтанудың бастауындағы Мұхтар Әуезовтің тынымсыз тірлігінің, оған тілектес інілерінің арқасында орындалды. Өкінішке қарай, көрнекті абайтанушы ғалым, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қайым Мұхамедханов «Егемен Қазақстан» газетіне (2002 жыл) сұхбатында айтқандай, сол мұражай жәдігерлерін билік коммунистік идеология тұрғысынан өзгерткен. М.Әуезовтің ақылымен Абай мектебін зерттеуге кіріскен оның өзін қуған-сүргінге ұшыратып, елуінші жылдар басында соттап жібереді. Ал жас шағынан-ақ үндеместер тарапынан желкесіне қойылған қарауылдан М.Әуезов тек Лениндік сыйлыққа ие болған соң құтылғаны көпке аян.

Қысқасы, бұрын Абай өсиеті, шығармалары ұлттық идеологиямыздың темірқазығына айнала алмады.

«Сеңнің қозғалғаны» – дербес мемлекет болған соң. 1993 жылдың мамырында Президентіміздің ЮНЕСКО-ның сол кездегі бас директоры Федерико Майорға «...Абай әлемі біз үшін рухани мәдениеттің мол қазынасы ғана емес, ол ең алдымен өміріміздің кең тынысты тарихи келбеті, рухани дара белгісі, осы заманғы көрінісі... Ағылшындар үшін Шекспир, француздар үшін Бальзак, орыстар үшін Пушкин қандай болса, біз үшін Абай да дәл сондай.

...Абай Құнанбаев дүниежүзілік қауымдастыққа танылуға әбден лайық», – деп, ғұламаның 1995 жылғы 150 жылдығын халықаралық дәрежеде атап өтуді ұсынып жазған хаты сөзсіз қолдау тапты. Бұл жерде мына жайтты ұмытпаған жөн: ЮНЕСКО шеңберінде әйгілі адамдардың мерейтойларын өткізу тәртібі бойынша тек 100, 200, 500, соңы бірнеше нөлмен аяқталатын осындай жүздіктер қаралады. Бірақ бұл жолы жас мемлекеттің тұңғыш ұсынысы түсіністікпен қабылданды, Н.Назарбаевтың халықаралық қатынастардағы белсенділігі, беделі де ескерілді.

Сөйтіп, тәу етер тәуелсіздігіміздің арқасында даңқты тұлғамыздың дүниежүзілік мәдениетке қосқан қарымды қолтаңбасын бағалау осылай басталған-ды. Еліміздегі сол 150 жылдық мерейтойлық шараларға Ф. Майордың өзі келіп қатысты. Тоталитаризм кезінде әрі тасталған өмірбаяндық деректерінің көмескі парақтары көтерілді, алыс-жақын көптеген ел ойшылдың философиялық, эстетикалық, әдеби көзқарастарына қанықты, тамсанды.

Ұлт ұстазының өткен жылғы мерейтойы да бізді оны тануға, яғни, өзімізді өзіміз тануға меңзеді. Алдымен өзіміз тереңірек үңілсек, біз арқылы әлемнің де Абайды білуі, үйренуі өрістей бермек. Оның қарасөздерінің өзі классикалық өнегелі ойлар шоғыры, аса құнды. Мына заман – ақыл-оймен озатын заман. Ендеше данагер Абайдың ақылын алсақ, көштен қалмаймыз, бағымыз асады, жұлдызымыз жарқырайды. Білім-ғылым, дін-дәстүр, табиғат-талбесік – бәрі-бәрімен қоса шаруашылықты ширату, есептілік, ұқыптылық және келер күнді ескеру жайында айтып кеткені ешқашан маңызын жоймайды. Бұл сөзсіз.

Ол қазақтың кемшілігіне жаны ауырып, қатты сынады. Қаншама батырып айтса да, жанашырлығы жалындап, қазағын тек жақсылықпен қауыштыруды көздеді. Соны армандады. Ал айтып кеткен сыны, ескертулері бүгін де күшінде...

Мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  өткен жылдың басында баспасөзде жарияланған «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында «...шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек», – деді.

Осыған атсалысуға тиіспіз. Оның бәрі әрине, Абай үшін емес, өзіміз үшін қажет. Ұлы мәртебелі тәуелсіздігімізді нығайту үшін керек.

Алаштың Ақордасы

Ықылым заманнан ата-бабаларымыз елдің шаңырағы биік, керегесі кең болса екен деген асыл армандарын әманда ақ орда ұғымымен байланыстырған екен.

Елордамызда, 2004 жылдың 24 желтоқсанында, Есілдің сол жағалауында жаңадан бой көтерген Президент резиденциясы салтанатты, өте әсерлі жағдайда ашылғаны да есімізден шықпайды.

Асқақ, сәулетті, келісті жаңа ғимарат еліміздің нышанындай болуы үшін Ақорда деп аталады деген тоқтамын айтты Елбасы. Аға буын өкілдері – руханиятымыздың көшбасшылары, ұлтымыздың көрнекті қайраткерлері Мырзатай Жолдасбеков, Әбіш Кекілбаев, Ақселеу Сейдімбек ортаға шықты. Мырзатай аға Елбасына «Далаңыз егісті, Ордаңыз кеңісті, келісті болсын. Отырған орныңыз ел-жұртыңызға құт, жүрген жеріңіз берекелі болсын!», – деп ақ батасын берді. Елбасыға берілген бата – Қазақ еліне бата.

Мұндай Президент Резиденциясы, яғни айбындылығы мысыңды басатын ғимарат басқа қай елде бар екен? Болар, алайда біздің Ақордамыздың артықшылығын айт. Бүгінде адамзаттың түйінді мәселесі Ақордасыз талқыланбайды.

Кеңес кезінде алты құрлықтың тағдыры үшін алпауыт елдердің басшылары төрімізге келді ме, алқалы кеңес құрды ма? Жоқ.

Бүгін жағдай өзгеше. Ел өзгерді. Осылай, өмір сөзсіз қажет ететін өзгерістерге ұмтылуымыз керек. Алаш шындап ұмтылса, ұтып шығатынын азаттығымыздың өткен жылдары жарқыратып көрсетіп берді.

Тыныштықтың, бейбітшіліктің аралы – Қазақстан Ақордасынан адамзатқа нұр тарап тұр. Әлемде бейбіт күн барлық елде салтанат құрсын деген ізгі, аппақ ниеттің нұры бұл.

Айесен Қуат,

еңбек ардагері

Чапаев ауылы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале