Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан еңбекке қабілетсіз 2277 батысқазақстандық әлеуметтік төлем алуда. Асыраушысынан айырылған 2110 облыс тұрғынына да осындай төлем жүргізілуде. Ал биылғы 1 сәуірден бастап айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюына байланысты 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша отырған БҚО-дағы 13 794 адамға төлем мөлшері ұлғайтылды.
Бұл туралы өткен жұма күні Бәйтерек ауданында «Әлеуметтік қорғау жүйесіндегі өзгерістер» тақырыбында өткен жиында айтылды. Оған БҚО бойынша еңбек департаменті басшысының орынбасары Жеңіс Беріков пен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының БҚО бойынша филиал басшысы Арман Елдесов қатысты. Олар тұрғындарды әлеуметтік қолдаудың қосымша шаралары туралы айтып берді.
Спикерлер мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін орындау – Қазақстанның ішкі саясатындағы басты басымдықтардың бірі екенін атап өтті. Олардың айтуынша, әлемдегі жағдайлардың еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін азайту мақсатында ел қазынасынан азаматтарды әлеуметтік қолдауды артыру үшін қосымша 185 млрд теңге бөлінген. Бұл қаражат зейнетақылар, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің мөлшерін қосымша 4%-ға индекстеуге бағытталуда. Соның нәтижесінде былтырғы деңгеймен салыстырғанда ынтымақты зейнетақы мөлшері 11%-ға, ал базалық зейнетақы және басқа да төлемдер 9%-ға өседі. Нақты айтқанда, әлеуметтік қамтамасыз етуге және халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына арналған шығыстардың жалпы көлемі 4,4 трлн теңгеден немесе республикалық бюджет шығыстарының төрттен бір бөлігінен (25%) асады.
Сонымен қатар бүгінгі таңда еліміздің 4,2 млн азаматы түрлі әлеуметтік төлемдерді (зейнетақы, мемлекеттік жәрдемақы, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін төлемдер) алушылар болып табылатыны айтылды. Олардың ішінде 2,3 млн. адам зейнеткер болса, 1,2 млн – бала тәрбиелеп отырғандар, 700 мыңға жуығы мүгедектігі бар және басқа да санаттағы азаматтар.
Өз тілшіміз,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz