11.01.2022, 17:00
Оқылды: 32

Әлеуметтік қор елдің мүддесін көздейді

Парламент Мәжілісінің алдында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі көңілімізге қонды. Ел болашағына алаңдаған азамат мемлекетімізде қордаланған мәселелерді жасырмай, ашық айтып, сонымен бірге, аса күрделі проблемаларды шешудің жолдарын нақты көрсетті.

43

Ол алдымен Премьер-Министр лауазымына мемлекеттік қызметте тәжірибесі мол, саяси сауатты тұлға Әлихан Смайыловты ұсынып, Мәжілістегі саяси партиялардың фракциялары Президенттің шешімін бірауыздан қолдады. Яғни Үкімет енді артылған жауапкершілікті сезініп, халықтың сенімін ақтау керек деп білемін

Бұл отырыста Мемлекет басшысы алдағы дамуымыздың міндеттері мен жаңа көкжиектерін бағамдады. Осы тұста Президент мемлекетімізде төңкеріс жасап, елдің тұтастығына қауіп төндіргендердің арам пиғылы бірлігіміздің арқасында жүзеге аспағанын баса айтты. Ол қысқа мерзімде бүлікшілердің ойранынан зардап шеккен Алматы мен өзге облыс орталықтарының қалпына келтіруге күш салатынын, мұны өзінің жеке міндеті екенін жеткізді.

Бұл мәлімдемеде  елдегі әлеуметтік теңсіздік мәселесі, жұмыссыздық, өзге де мәселелер көрініс тапты. Соның ішінде әйел-ана ретінде менің жүрегімді ерекше жылытқаны – «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының құрылатындығы.

Қашанда жесірін қаңғыртпаған, жетімін жылатпаған елміз. Сол игі үрдістен танбаған халқымыз талай баланың еміне, қайғымен бетбе-бет келген отбасыларға, мұқтаж жандарға қаржылай қолдау көрсеткені – бойымыздан ешқашан жоғалмауға тиіс адамгершіліктің, жанашырлықтың белгісі. Президентіміздің бұл шешімі тығырықтан шығар жол таппай қиналған талай жерлесіміздің сөне жаздаған үмітін лаулатары сөзсіз. Жаңа қор денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қолдау көрсету салаларындағы нақты мәселелерді шешумен айналыспақ. Былтыр ел болып, өте сирек кездесетін туабітті дертке шалдыққан жерлесіміз, ақсайлық Эмир Шахмаровтың еміне қаражат жинадық емес пе?! Енді қыруар қаражатты талап ететін осындай науқастардың еміне қордан қаражат бөлінетіндігін естіп, ана ретінде қуанып қалдым. Қызметі, қаражаттың қайда жұмсалғандығы жөнінде қоғамға есеп берілетін бұл қор қабілетті балалардың білім алуы, рухани жетілуі, қалалардың қалпына келтірілуіне септеспек.

Осыдан-ақ әлеуметтік қордың болашақта елдің мүддесін көздейтінін анық аңғаруға болады. Президентіміздің елдегі әрбір азаматтың әлеуметтік қорғалуын қамтамасыз етудегі бастамаларын орындау ендігі уақытта Үкіметке, жергілікті деңгейдегі әкімдіктерге  міндет.  Ал оның жүйелі жүзеге асырылуы көптеген отандастарымыздың тұрмыс сапасын жақсартуға сеп болатыны анық.

Мәншүк Мәмбешева,

«Шуақ» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале