Мүмкіндігі шектеулі, қолдауға мұқтаж жандармен жұмысты шыңдау мақсатында Ақжайық арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында «Қызмет алушыларды заманауи әдістер арқылы еңбекке баулу және психологиялық әлеуметтік аспектілері» тақырыбында флеш-семинар өткізілді. Аталмыш шараға қатысқан арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету мамандары қызмет алушылардың жеке қажеттіліктеріне қарай толыққанды қолдау, психологиялық жай-күйін түзеу, еңбек дағдыларын қалыптастыру, олардың дамуы мен мінез-құлқындағы ауытқулардың алдын алу, бірлесіп еңбектенуге баулу турасында көптеген маңызды мағлұмат алды.
Семинардың ашылуына Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары Б.Әбуов, ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау комитетінің Батыс Қазақстан облысы бойынша департаментінің директоры Г.Орынтаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының өкілдері қатысып, сөз сөйледі.
Шараның пленарлық отырысында арнайы қызметтер көрсету саласындағы қолданыстағы стандарттар мен нормативтік құқықтық актілердің нормаларын сақтау мәселелері, ҚР Әлеуметтік кодексінде көзделген әлеуметтік қызмет көрсету жүйесін трансформациялау сұрақтары қаралды.
Содан соң ұйымдастырылған шеберлік сыныптарында мамандар қазіргі заман талабына сай жаңа әдістер мен технологияларды қолдану аясында қызмет алушыларға оң нәтиже беруге қауқарлы әдіс-тәсілдерін бөлісіп, тәжірибе алмасты. Сонымен қатар қатысушылар орталықтың қамқорлығындағы азаматтардың жұмыстары қойылған «Ұлттық құндылықтар – ұлт қазынасы» атты қолөнер көрмесі және «Шексіз әлем» атты фотостудиямен танысты.
Шараға меймандар да құр қол келмепті. Атап айтсақ, Бәйтерек арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директоры А.Талпақов бастаған ұжым жеміс ағаштарының 40 көшетін сыйға тартып, отырғызды.
Семинар «Жақсы көңіл-күй – жан шуағы» атты командалық тимбилдинг ойындарымен аяқталды. Мұнда қызметкерлер 4 топқа бөлініп, сайыс кезеңдеріне белсене қатысты. Ойын соңында қызметкерлер дипломдармен марапатталды.
Аида Асылбек,
Ақжайық ауданы
zhaikpress.kz