29.10.2021, 17:11
Оқылды: 140

Әлеуметтік қызмет саласы мамандарына құрмет

Мемлекет зейнеткерлер мен әлеуеті төмен, көпбалалы отбасы және мүгедек жандарға жанашырлық танытып, дер кезінде көмек көрсетуге қашан да әзір. Белгілі топтағы азаматтарға қамқорлық жасау — бұлжымас міндет. 2011 жылы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың жарлығымен қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып белгіленді.

59

Бәйтерек ауданында әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күні мерекесіне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды. Өмірін өзгенің бақытына арнаған мейірімді жандарды ұлықтауға арналған мерекелік кешке аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев бастаған лауазымды тұлғалар және әлеуметтік сала қызметкерлері қатысты.

58

-Адамның дүниеге шыр етіп келіп, қария болып өткенге дейінгі кезеңдегі барлық құжаты сіздер арқылы атқарылады. Қоғамның түрлі топтарымен әрқилы жауапты жұмыстар жүгін қаймықпай көтеріп жүрген әлеуметтік сала қызметкерлерін алғы шептің сарбаздары десе де болады. Өйткені алғы соққы қашан да сіздерге келеді. Көмекке мұқтаж әр адам мұңын сіздерге шағады. Барша әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық тілеймін,-деді өз сөзінде аудан әкімінің орынбасары Ерікқали Бисақаев.

Кейін Ерікқали Ғұмарұлы аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Татьяна Чирковаға БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай  Құлқашевтің алғыс хатын табыс етті. Сондай-ақ бірқатар әлеуметтік қорғау жүйесінің үздік мамандары мен қызметкерлеріне аудан әкімі Марат Тоқжановтың алғыс хаты табысталды.

60

62

Одан соң сахна төріне көтерілген аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Болатбек Ахметжанов сала мамандарына деген жылы лебізін білдіріп, БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алтай Құлқаевтың «Еңбек жолы-2021» байқауында «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымын иеленген Переметный мектебінің ұстазы Алма Анципрович пен Достық мектебінің ұстазы Әдемі Магуова және «Өндірістің үздік жас маманы» аталымына қол жеткізген Қасым Қайсенов атындағы мектеп ұстазы Алина Кубашева мен Достық мектебінің мұғалімі Дамира Жиеналиеваны марапаттады. Одан бөлек «Самрұқ қазына» акционерлік қоғамы компаниялар тобының қайырымдылық жобасына атсалысқан Переметный ауылы бойынша қарттар мен мүгедектерді күту жөніндегі әлеуметтік қызметкер Налия Джуманиязоваға да арнайы алғыс хат табысталды.

63
Салтанатты жиын соңы аудан көркемөнерпаздарының концертіне ұласты.

Түгелбай Бисен,
Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале