Осыдан екі апта бұрын, "Теректі жаңалығы" газетінің 44 санында «Құдық қазсаң, қайыры болар» деген мақала жариялап, Шалқар ауылдық округінің Шалқар ауылына ауыз су тартылғаны жайлы жақсы хабар жеткізген болатынбыз. Сөз соңында мал да, жан да су тапшылығын тартып отырған Богданов ауылдық округінің Алғабас ауылының жағдайын айтып кеткенбіз. Бүгін сол округтің әкімі Асқар Нұрғалиевпен хабарласып, ауылда игі іс атқарылғанын білдік.
-Алғабас 57 аула, 200 тарта тұрғыны бар шағын мекен. Халық негізінен мал ұстайды. Жайылымдық жер болғанымен, суат жағы тапшы. Әсіресе, жазда қиын. Былтыр сол мәселені шешуді қолға алып, мал суаратын бір тоғанды тазаладық. Бұл жұмыс мемлекеттік қаржыға жасалды. Биыл алғабастықтар өздері ортаға ақша жинап, ауыл шетіндегі тоғанды жөндеп алды. Табанын тереңдетіп, жал топырағын көтерді. Қазір тоғанды қысқыға дайындап, әлсіз жерлерін бекітіп жатыр. Қар суы мол болса, келесі жаз мал судан тарықпайды деп отырмыз,-дейді шаруаның басы-қасында жүрген Богданов ауылдық округінің әкімі Асқар Нұрғалиев.
Ия, алғабастықтар ұйымшыл. Жыл сайын судан тарыққан тұрғындар былтыр ақша жинап, ескі элеватор маңындағы су ұңғымасын қалпына келтіріп алған болатын. Енді тоғанды жөндеп алған. Жауыр болған «әкімдік қайда қарап отыр?» деген сауал тастап, шеттен келіп біреудің істеп беруін күтпеген алғабастықтардың ісі құптарлық.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz