1.03.2023, 18:00
Оқылды: 57

Алғыс айту күні: Переметный ауылында мерекелік жиын өтті

Переметный ауылында Алғыс айту күніне орай «Ризашылық және алғыс» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

8DC28450-ADCC-44A9-8C21-EB64D38B1643

Аудандық кітапхана мен мәдени демалыс орталығы ұйымдастырған іс-шараға халықтық «Ақ ниет» әжелер, «Калинушка» ансамблдерінің, «Риченька» украин, «Шатлық» татар халық шығармашылығы ұжымдарының мүшелері қатысты.

​– Көктемнің алғашқы күніндегі тамаша мерекеде мына дөңгелек үстел басында сіздермен жолығып отырғаныма қуаныштымын. Қилы заманда тағдыр айдап әкелген өзге ұлт өкілдеріне қазақ халқы кең құшағын жайып, бауырына тартты, бір үзім нанымен бөліскені белгілі. Қазақ халқының мейірімділігі мен қонақжайлылығының арқасында бүгінде елімізде, соның ішінде облысымызда, ауданымызда қаншама этносөкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Өзара ынтымақтастығымыз дос, көрші, құда-жекжат болудың арқасында беки түсуде. Ең бастысы, әрбіріміз өз отбасымызда ұрпағымызға түзу тәрбие беріп, ізбсарларымызды елжандылыққа, бауырмалдылыққа, адамгершілікке тәрбиелей білейік, - деді жиынды ашқан аудан әкімі Марат Тоқжанов.

5CA766CB-33EE-4F52-9EB1-BD70AFAA80F7

Жиналғандарды аталмыш мерекемен құттықтаған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев көп ұлтты мемлекетіміздің кешегісі мен бүгінгісіне тоқталды. «Кешегіміз – тарих, болашағымыз – болжам. Сол себепті бүгінгі жағдайымызға, қолда барға қуана білейік,-деді Мәлік Сейсенбайұлы.-Көптеген сыртқы күштер біздің бірлігімізді бұзғысы келді. Бірақ татулығымыздың беріктігінің, аға ұрпақтан қалған аманаттың, кейінгі буынның сол аманатқа адалдығының арқасында бейбітшілікті, ынтымақтастықты сақтап қалдық. Ауданымыз көп ұлтты болған соң, «мынау орыстың, мынау татардың мерекесі» деп бөліп-жарып жатқан жоқпыз, бәріміз бір кісідей жүріп тойлаймыз. Осынау жарастығымыз, бірі-бірімізге деген сеніміміз арта берсін».

«Ақ ниет» әжелер ансамблінің мүшелері Күмісханым Берекетова, Мензипа Пазылова, Ханшайым Күсегенова, «Калинушка» ансамблінің өкілі Вера Павлова, «Риченька» украин халық шығармашылығы ұжымының мүшесі Людмила Ишкулова да бұл атаулы күннің мәні мен маңызын айтып өтіп, өз арнауларын оқыды.

B7497DCD-53BB-484B-AB98-E46483A1D78B

​– Мен өзімнің ансамблімнің мүшелеріне алғыс айтқым келеді. Біздің өнер ұжымының құрлығанына биыл он жыл болды. Қазақ және орыс мәдениеттерінің ынтымақтастығы мен бірлігінің көрінісі ретінде құрылған ансамбліміздің мүшелері де өзара тату-тәтті тірлік кешуде. Соның арқасында біз елге, шетелге танылдық. Бұйыртса, ертең Татарстандағы халықаралық байқауға бара жатырмыз. Қазан қаласындағы сахнада да Отан, туған жер, махаббат, бақыт, бірілік туралы әндерді екі тілде шырқайтын боламыз. Елімізден ынтымақ кетпесін, - деді халықтық «Достық-Дружба» ансамблінің жетекшісі Сергей Саяпин.

Мереке құрметіне орай іс-шара барысында жергілікті өнерпаздар әннен шашу шашты.

Серік Маратұлы

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале