2.03.2023, 20:34
Оқылды: 29

Алғысымыз  шексіз

«Мен 1949 жылдың 15 тамызында Ақтөбе облысына қарасты Новоросиский ауданы Бакай бекетінде қарапайым отбасында дүниеге келдім.  Жанұядағы  5 баланың үлкенімін. Ұлтым - неміс.

IMG_4797

Ақтөбе қаласында газ-электро сварщик мамандығы бойынша оқып, білім алдым. Содан соң Тасқалаға келіп 5 жыл жұмыс жасап тұрмысқа шықтым. Одан кейін нан заводына 17 жыл жұмыс атқардым. 1989 жылы денсаулығым сыр беріп, қазір I топ  мүгедегімін. 1994 жылы жолдасым қайтыс болды. Екі балам бар. Екеуі де отбасылы, Орал қаласында тұрып жатыр. Мен өзімнің  Қазақстан жерінде дүниеге келгенімді мақтан етемін. Әкелерімнің бұл жаққа қалай келгені есімде жоқ. Десек те қазақтардың қонақжай, ақжарқын, қиын-қыстау кезінде өзге ұлт өкілдерін бауырына тарта білген ақпейіл халық ретінде жақсы білемін. Өзімізде қазақтармен етене араласып, олардың салт-дәстүрлерін үйреніп өстік. Сондықтанда алғыс айту күніне орай барлық жерлестеріме, яғни, қазақ халқына алғыстан басқа айтарым жоқ.  Аудан әкімі мен «Аманат» партиясына да алғысым шексіз. Үнемі зейнеткерлерге көмек қолдарын созып тұрады. Барша қазақ халқына амандық, денсаулық тілей отырып өсіп келе жатырған ұрпағымыз саналы, салиқалы болсын дегім келеді»,- дейді Людмила Александровна Зенитова.

WhatsApp Image 2023-03-02 at 18.31.18

***

«Алғыс айту күні - қазақ ұлты үшін де, осындағы өзге ұлт өкілдері үшін де өте маңызды, қуанышты әрі тарихи мереке. Қиын қыстау кезде Қазақстанға қаншама қилы тағдырлы адамдар көшіп келді. Қудалау заманы талай адамды туған Отанынан айырып, бас сауғалатты. Міне, Қазақстаннан дәм бұйырған сол адамдарды қазақ халқы құшақ жая қарсы алды. Бірі – нанын бөліп берді, бірі жатар орын берді, енді бірі ата-анасыз қалған өзге ұлттың баласын бауырына басып, бала етті. Сондай өзге ұлттың әрбірі бүгін қазақ халқына алғыс айтатын күн.

Мен де өзге ұлттың өкілімін. Ұлтым - орыс. 1963 жылы Атырау облысында дүниеге келдім. 3 қызым бар. 1988 жылдан бастап Тасқала ауданында тұрамын. Аудандық мәдени ойын сауық және спорт клубында жұмыс жасаймын.

Алғыс айту күніне орай барша  қазақ халқына рахмет айтамын.  Өйткені олар ұлт болып ешқашан бөлінбейді, барлығы тату-тәтті, кез-келген уақытта көмек беруге дайын. Алдағы уақытта да елімізге тыныштық, амандық тілеймін. Ең бастысы соғыс болмасын».

Анна Анатолиевна,

Тасқала ауылы

***

 

«Мен барша қазақстандықтарды алғыс айту күнімен құттықтаймын. Әсіресе, қазақ бауырларыма ерекше ықылас  танытқым келеді. Қазақтар - расымен бірегей ұлт. Өйткені, өмірі көрмеген өзге ұлт өкілдері сонау қиын кезде жер аударлып келгенде жай көмегі былай тұрсын, бастарына баспана, алдарына ас берді. Қазақстанға жер аударылғандардың қиын тағдырын үлкендерден естіп-біліп жүрміз және сол кездегі қазақ ұлтының бауырмалдығын ұмытуға болмайды, ол ұмытылмайды да. Жер аударылып келген адамдар үшін, сол адамдардың ұрпағы  үшін Қазақстан Отанымызға айналды. Сондықтан, ұлтым орыс болса да, менің Отаным, туған жерім – Қазақстан және мен Қазақстанды ешбір байлыққа айырбастамаймын. Өз басым 1942 жылы Семей облысында дүниеге келдім. Тасқалаға 1961 жылы қоныс аудардық. 40 жылдан астам жүргізуші болып еңбек еттім. Үш қызым бар. Қазақтармен етене араласып кеткендіктен өзіміз де қазақ болып кеттік деуге болады. Сондықтан мереке қарсаңында барлық қазақстандықтарға қиын қыстау кезде өзге ұлт өкілдерін бауырларына басқаны үшін алғыс айтамын. Еліміз тыныш болып, Алла баршамызға  денсаулық берсін. Ең бастысы соғыс болмасын.

Виктор Елишев,

Тасқала ауылы

 

***

«Алғыс айту күні - ерекше мереке. Өйткені, біздің елімізде 130 дан астам ұлт өкілдері тату тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл татулық - қазақ халқының  арқасы. Қиын-қыстау кезде түрлі ұлт өкілдерін жер аударуға мәжбүр болды. Қарындары аш, киімдері тозған, баспанасыз қалған өзге ұлт өкілдерін  сол кезде бауырына басқан қазақ халқы еді. Бүтін нанын бөліп беріп, үйдің төрін ұсынды. Осылай өзге деп өгейсінбей, бауырына басқан болатын. Сондықтан, біз, өзге ұлт өкілдері, қазақ халқына алғысымызды айтқанбыз да, айта береміз де. Тек бүгін ғана емес, әрқашан бір-бірімізге алғыс айтып, өзіміз де алғысқа бөленіп жүре берейік".

Людмила Михайловна,

Тасқала ауылы

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале