22.11.2024, 16:45
Оқылды: 13

Алмалылық бағбандар шетелдік көрмеде жүр

Алмалы ауылы бағбандарының еңбегі алыс-жақын жерге мәлім. Олар жыл сайын
танаптарға қарбыз-қауын, көкөніс, картоп отырғызып, бақша шаруашылығын дамытып жатыр.
IMG_2655

Олар өз еңбегінің өнімін арттыру мақсатында тамшылатып суару, алқаптарды тыңайту 
әдістерін қолданып келеді. Енді бағбандар мұнымен шектелмей, шетелдік тәжірибенің де үздіктерін бағамдап, тиімділерін өз кәсіптеріне енгізуге бет бұрыпты.
Атап айтсақ, осы ауылдағы «Алдаоңғар» шаруа қожалығынан Ержан Тілекқабылов пен «Нәсіп» шаруа қожалығынан Аслан Нәсіпов Түркия мемлекетінде өтіп жатқан XXII GrowTech көрмесіне аттанды.
IMG_2654
Жылыжай өндірісі бойынша әлемдегі ең көлемді көрмелердің бірі болып саналатын бұл көрме 20-23 қараша аралығында Анталияда өтіп жатыр.
Жылыжай технологиялары, суару жүйелері мен технологиясына арналған маңызды шараға дүниежүзінен 600-ден астам компания өкілі жиналған. Бұл көрмеде әлемнің белді компаниялары ирригациялық технологиялар, тұқым өсіру, өсімдіктерді қоректендірудің автоматты құрылғылары, конструкциялық жылыжай жүйелері, органикалық ауыл шаруашылығы, ауылшаруашылық жабдықтарын ұсынып отыр.

IMG_2653

Біздің бағбандарымыз осы көрмеде тұқымдарды өңдеу мен өсіру, өскіндерді күтіп-баптау, бақша өнімдерін зиянкестерден қорғау бойынша соны әдістермен танысты.

– Адам қандай кәсіпті қолға алса да, сол кәсіпте өзінің білімін үнемі жетілдіріп отыруы керек. Заман бір орында тұрмайды, күн құрғатпай, салада соны өзгерістер болып, озық технологиялар енгізіліп жатыр. Ауылда шаруа етсек те, біз де осындай жетістіктерді біліп, өз кәсібімізде қолдануға талпыну керекпіз. Әлемдік деңгейдегі көрмеден көргеніміз, ойға түйгеніміз мол, – дейді Ержан Тілекқабылов.
Әсел Сағын
Ақжайық ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале