10.09.2021, 14:54
Оқылды: 3108

Алмастай жарқылдаған Алмаз еді...

Тұрлаусыз тіршілік. Өткінші өмір. Ерте ме, кеш пе бәріміз де ата-бабамыз жатқан жаққа қарай жөнелетініміз хақ. Дегенмен де шығар шыңы, алар асуы алда, жалындаған жас замандастарымыздың дәм-тұзы тұтқиылдан таусылып жатса, көңіліңді ащы өксік кернейді екен. Алайда Алланың ісіне шара ма?! Бұл жалғанмен ерте қоштасса да тарихта аты, өмірде ізі қалған қазақта талай марғасқа жігіттер болған. Сондай ел-жұртының қамын жеген, ауыл-аймағымды көркейтем, қайтсем де халқыма жақын әкім болам деген жанның бірі – Алмаз Нұрғазинов еді. Алмаз ағамыз туралы суық хабарды естігенде есеңгіреп қалдық. Біреу төбемізден мұздай су құйғандай болды. Өлім түгіл, өкпеге қимайтын аңқылдаған асыл азамат еді.

1

Әкімдігі бір төбе, азаматтығы бір төбе

Найзағадай жарқ еткен Алмаз замандас 1989 жылдың 5 қаңтарында Жаңақала ауданы, Қырқопа ауылында дүниеге келген. Асқар тау әкесі Байғуат аға Алмаздың 10 жасында о дүниелік болады. Ал аяулы анасы Дания Сапашева Карманов орта мектебінде ұстаздық қызмет атқарып, Алмазын және екі қарындасын ешкімнен кем қылмай өсіріп, жетілдіреді.

Қашанда анасы мен қарындастарына қамқор болуды ойлаған Алмаз ерте есейіп, ерте еңбекке араласады. Кейіпкеріміз 1996 жылы мектеп табалдырығын аттап, оқуда озат болған. Ол 2007 жылы мектепті үздікі тәмамдап, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «Машина жасау» факультетінің «Техникалық машиналар және жабдықтар» мамандығына грантка оқуға түсті. Жоғары оқу орнында да өзінің білімін жоғары екенін көрсете білген Алмаз оқуды 2011 жылы қызыл дипломмен аяқтады. Жалынды жас университет қабырғасында жүріп-ақ еңбек жолын бастады. Алғаш еңбек жолын 2010 жылы "Оралмұнайгазгеология" акционерлік қоғамынан бастаған Алмаз Байғуатұлы осы салада 2 жыл қызмет атқарды. Кейін мемлекеттік қызмет саласына бет бұрған ол 2014 жылы С.Меңдешев ауылдық округі әкім аппаратының бас маманы қызметіне орналасты. Қызметте өзінің кәсіби біліктілігін, жан-жақтылығын, қарым-қабілетін көрсете жүріп, 2020 жылы тамыз айында аталмыш округтің әкімі болып тағайындалды. Өмірінің соңына дейін осы лауазымдық қызметті адал атқарып, халықтың көңілінен шыға білген Алмаз Байғуатұлы туған елі үшін маңдай терін төгіп адал еңбек етіп, алақандай алтын бесік ауылының дамуына зор үлес қоса білді. Өз ісіне ерекше жауапкершілік пен қарап, халқына адал қызмет атқарды. А.Байғуатұлы ауыл ақсақалдары мен ақ жаулықты аналарын қадірлеп, оларға әркез құрмет көрсетті. Сондай-ақ жастарды да назардан тыс қалдырмай, бастамаларын қолдап, қуаттады. «Білімді мыңды жығады», «Білімдінің күні жарық» деген қағиданы берік ұстанған жас әкім кітапты көп оқып, түсінігін айтқан өрелі өрендерді қуантып, оларға өз қаржысы есебінен велосипед сыйлады. Және ұлтымыздың болашағы саналатын балалардың кітапқа деген махаббатын, ынтасын ашып қоймай, спортпен шұғылдануға мүмкіндігінше жағдай жасады.

«Жақсының аты өлмейді...»

22

- Негізі, қазақта: «Болар бала боғынан...» деген сөз бар. Алмаз ата-анасының тұңғышы әрі жалғыз ұлы болса да, тентек болып, есерлік, еркелік жасаған емес. Оның үстіне әкесінен мезгілсіз, 10 жасында айырылғаннан кейін, тіпті ерте есейді. Ауыртпалықтың қамытын мойнына ерте киді. Қос қарындасына, анасына деген қамқорлығы ерекше болды. Өзінің буыны қатпай, бұғанасы бекімей, бойы құртақандай бола тұра, қыста есік алдының қарын күреп, әлі келмесе де, қораға кіріп, малға шөп салатын. Сабағынан да қалмай әрі үздік оқыды. Ұйымдастырушылық қабілеті де бала күннен қалыптасты. Мектептегі мәдени не спорттық шаралар болсын, бел ортасында жүретін. Сырт көзге тұйықтау көрінгенмен, тындырары көп еді. Сондай ерекшелеу өскен ұл болатын. Орта мектепті тәмамдағанда да өз білімімен грантқа оқуға түсіп еді. Студенттік тамаша күндерінде де Алмаз туралы жағымды сөздер еститінбіз. Ол анасының нағыз жанашыр ұлы болғантұғын. Университетін де үздік аяқтаған Алмаз "далада" көп тұрақтамай, елге оралды. Бас маман болып жұмыс істеп жүрген кезінде ол өзін оң қырынан танытты. Қалаға барып, қызмет істеуге талай рет мүмкіндік болғанда да, онда кетпей, туған еліме қайтсем, қалай көмек етем деген шешімінде қалып, тынымсыз шаруаға кірісіп еді. Әттең, кенеттен келген ажал жалындап тұрған жас жігіттің арман-мақсаттарының жүзеге асуына мүмкіндік бермей, жарым жолда қиып түсірді. Сол өте өкінішті болды. Алмазжан аз өмір сүрсе де, оның жақсы қасиеттері көп-ақ болатын. Алмаз қандай қиын жағдайда да мойымайтын, сынбайтын, қайсар жан еді. Туған елін, жерін шексіз сүйетін. «Туған жеріме, халқыма не істей аламын» деп зыр қағып жүгіріп жүретін-ді. Сөйтіп жүріп, өзіне көңіл бөлмей, қыршынынан қиылды... Біз оны мәңгі ұмытпаймыз, - дейді жанарының жас сығып, шәкіртін сағынышпен еске алған ұстазы Мәншүк Сәркенова.

Ал Қырқопа ауылының тұрғыны Амангелді Тархипұлы Алмаздың іскер, жаңашыл әкім болғанын тілге тиек етті:

- Алмазды бала кезінен білемін. Көз алдымызда аңқылдаған бала кейпі қалды. Бала кезінен елгезек, аңқылдақ, қай жерде көрсе де шауып келіп амандасатын. Сол қасиеттерімен адамды өзіне баурап, тартатын. Жоғары оқу орнын аяқтаған соң ауылына келіп, қызмет атқарды. Алмаздың көзінде ерекже жалын бар болатын. Оның ауыл үшін жасаған әр жақсылығы өскелең ұрпаққа кеңінен үлгі болды. Жоспарларымен бөлісіп, арман-мақсаттарын жиі айтып ақылдасатын. Соңғы рет 15 шілде күні жұмыс орнына барып, кіріп шықтым. Өткен-кеткенге көз жүгіртіп, болашақ жоспарлармен бөліскен болатын. Ауылымызға биік ту тұғыры мен саябақты қайта жаңартып, су бұрқағын орнату жөнінде өз ойын айтты. Оның жарқын бейнесі әлі есімнен кетпейді. Соңғы кездесудегі жарқын бейнесі әлі есімде. Оның қазасы бәріміздің қабырғамызды қайыстырып кете барды. Егерде 3-4 жыл көлемінде әкім боп отырғанда өзінің азаматтығы мен іскерлігін әлі талай көрсетуші еді, - дейді ол.

Сөз соңы

Көңіл қимағанмен, арсыз ажал Алмаз ағамызды арамыздан алып кетті. Алмаз Байғуатұлына қандай жақсы сөз арнаса да соған лайықты азамат еді. Жатқан жері жарық болып, жанына жәннаттан орын тисін, нұры пейіште шалқысын дейміз. Алмаз білетіндердің есінде жаны жайсаң, еңбекқор, мамандығына адал, жұмысына берілген, үлкенге лайықты іні, кішіге құрметті аға бола білген азамат ретінде сақталатыны күмәнсіз.

Алтынбек Ермекқалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Нұрболат Сәрсенғалиұлы,

Назарбаев зияткерлік мектебінің оқытушысы,

(бала кезінен бірге өскен жақын досы,сыныптасы):

- Жоғары сыныпта бәріміз бір бағытты ұстанып шығармашылыққа бет бұрдық. Мектеп кезінде өзіміздің «Сегіз сері» атты жайдарман тобымызды құрған болатынбыз. Сыныптағы жігіттер боп,сахнаға шығып өнер көрсеттік. Сол шақтарда Алмаз қатарының алды боп, ең алдымен көзге ерекше түсетін. Өз ортамызда сыйлы болды. Құрдастарымыздың бала-шағасына дейін Алмазды жақын тартып, жақсы көреді.

Құрдастарымыздың арасында Алмаз ғана туған жеріне қайта оралып, қызмет атқарды. 2017 жылы мектеп бітіргенімізге он жыл толуына орай ауылымызға «I love Kyrkopa» ескерткіш монументін сыйға тарттық. Ауылымыздың игілігі үшін атқарылған қарекетте Алмазжан басы-қасында жүріп қызмет атқарды. Біз қаладан қажетті заттарды алып бердік. Жер мәселесі басқа да жұмыстарды өзі ұйымдастырды. Біздің ортамызға Алмаз «Туған жерге меценнаттық тарту» деген ұғымды алып келді.

Одан кейін әкім болып қызмет атқарған шағында Кеңес үкіметі кезінен бері тұрған тұрбаларды ауыстырып, осы күнге дейін ешбір шенді жасай алмаған істі жасады. Өзінің ерекше мінезімен талай шыңдарды бағындырды, әлі бағындырары да көп еді... Алмаз туралы айта берсем, ыстық естеліктер көп. Біздің көз алдымызда Алмаздың жарқын бейнесі қалды. Оның есімі мен бейнесі біздің ғана емес өскелең жас ұрпақтың тарих беттерінде қала бермек.

Жақсылық Хайрелов,

Пятимар ауылдық округінің әкімі, (әріптесі):

- Алмаз бауырым көңілі жарқын, қашан көрсеңде күлімдеп амандасатын жарқын жүзді азамат еді. Көрші ауыл болғасынба, бір-бімізбен тәжірибе алмасып жүруші едік. Бірлесіп алдағы уақытта Пятимар тоғайында екі ауыл арасында достық фестивальдарын өткізуді жоспарлап жүр едік. Әттең, ажал  арамыздан ойы терең, жұмысқа икемді азаматты ерте алып кетті.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале