«Елмен етене болу – еңбек нәтижесін еселейді» дегендей, бүгін Жаңақала округінің әкімі Ақан Қапанов ауыл тұрғындарымен кездесу өткізді.
Алдымен тұрғындарға жеке қабылдау ұйымдастырып, аудан басшысы Алпамыс Көшкінбаев, аудандық мәслихат төрағасы Қамбар Қаменов және мекеме, бөлім басшыларының қатысуымен биылғы 5 айда атқарылған жұмыстарды мәдени-демалыс орталығының залында баян етті: - «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 9 адамның жобасы өтіп, тиісті қаражаттарын күтуде. Әлеуметтік сала бойынша аудандық «Мансап» орталығы комиссия арқылы қайтарымсыз грант алуға өтінімдерді қарастыруда. Ұсынылған бизнес жобалар сарапталып, нәтижесінде комиссия мүшелері 8 грант беруге шешім қабылдады. І тоқсанда атаулы әлеуметтік көмекті 46 отбасы алса, ІІ тоқсанда 50-ге жетіп отыр. «Күміс жас» бағдарламасы бойынша 1, әлеуметтік жұмыс орнына 7, алғашқы жұмысқа 1, «Жастар» тәжірибесімен 9, тұрақты жұмыс орнына 93 адам орналасты. «Елді мекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бағдарламасы аясында 892 857 теңге қаржыға ауыл ішіндегі қураған теректерді шығару жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ «Үздік аула – 2024», «Үздік көше – 2024», «Үздік ғимарат – 2024», «Үздік кәсіпкерлік нысан – 2024» байқауы ұйымдастырылуда. Техникалық су мамыр айының соңында берілген болатын. Алайда құбырлардың шіріп, істен шығуына байланысты тұрақты жүргізілмеді. Алайда қазір тесілген су тұрбалары бітеліп, қалпына келтірілді. Былтыр «Үздік көше – 2023» байқауында жеңімпаз атанған АТП көшесіне балалар ойын алаңы салынды. Сондай-ақ әр жылғы мектеп түлектерінің қолдауымен ауылымызда бірқатар игі істер атқарылды. Өткен жылы Қ.Жантілеуов көшесіндегі көпқабатты үйлерді абаттандыру жұмыстары басталып, биыл қыркүйек айына дейін аяқталады деп күтілуде. Ауылдың оңтүстік бетіндегі қоқыс полигонын реттеу үшін сәуір айында келісімшарт жасақталып, мердігер компаниядан нәтижелі іс күткен болатынбыз. Алайда мердігердің келісімшартты кенеттен бұзуына байланысты сотқа беру құжаттары дайындалуда. Сонымен қатар «Жайлы мектеп» бағдарламасы негізінде мектеп құрылысы мен архив құрылысы сараптамадан өтіп, бюджетке ұсыным берілді. Құрметті ауылдастар! "Бірлік бар жерде тірлік бар" деген қағиданы берік ұстанып, ауылымыздың көркеюіне біркісідей атсалысуға шақырамын, - деп сөзін түйіндеді.
Бұдан өзге тұрғындардың талап-тілектері тыңдалған басқосуда еңбегіне қарай ауылдық округ әкімінің жұмысына тұрғындар тарапынан тиісті баға берілді. Хамидолла Тілепбергенов өзі тұратын Айтқұлов көшесіне асфальт төсеуді сұраса, Сартай Қадырқұлов аудан, ауыл басшысының жұмысына ризашылығын білдіре, соңғы уақытта мал басының санағы үй аралап жүргізілмейтіндігіне наразылығын білдірді. Сонымен бірге ауыл ішіндегі қоғамдық көліктің қызметін қажет кезінде тұтына алмайтындығын айтып, такси бағасын қадағалауды сұрады. Және полиция қызметкерлеріне көшеде жоғары жылдамдықпен жүретін көліктердің иесі мен босып жүрген төрт аяқты жануарларды қатаң назарда ұстау керектігін ескертті. Келесі боп мінберге шыққан Шаһидолла Әбуғалиев: - Бүгінде материалдық жағдайымыз көтерілгенімен, рухани жағынан әлсіреп бара жатырмыз. Үлкенді үлкен, кішіні кіші деп сыйламайтын болдық. Жас демей, кәрі демей, бір-біріміздің жағамыздан алуға дайын тұрамыз. Жолымызды кесіп өтіп бара жатқан жастарға "қарағым, мұның не?" деп айтудан қалдық. Оранған қыздарымыз бен сақалды ұлдарымызға не айта аламыз? Әкім халыққа есеп берсін, мәселені елмен ақылдасып, бірге шешсін дейміз, алайда жиынға адам аз келеді. Елдің мәселесін 5-6 адаммен талқылауды қою керек. Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді, - деп жаңақалалықтарды ауызбіршілікке шақырды.
Ал аудандык коғамдық кеңестін мүшесі Фарида Аманғалиева жастардың тәрбиесін басты назарда ұстау қажеттігін айтып, "Жасыл ел" бағдарламасы бойынша еңбек етіп жатырған сарбаздардың жұмыстарын қадағалау қажеттігін ескертті. Және үй салуға немесе шаруа қожалығын ашу ниетте үкіметтен жер алып, пайдаланбай отырған кейбір тұрғындарға шара қолданылса деген пікірін білдірді. Көше тазалығы жалпыға ортақ екенін айта келе, аудан, ауыл әкімдерінің жұмыстарын қанағаттарлықтай деп, бірлесе жұмыс жасауға үндеді. Роза Әбуова болса, өзі тұратын колледж жатақханасының жағдайы көңіл көншітерлік емес екенін жеткізді. Айтса айтқандай-ақ. Бұл жатақхана тұрғындарының жай-күйін өз көзімізбен көріп, өткен жылы газет бетіне де жариялаған болатынбыз. Алпамыс Жаңабайұлы биыл күзге дейін ол жерге жаңа жылыту қазандығы мен кіреберіске 2 темір есік орнатып беруге уәде етті.
Айзада Ақбасова,
Жаңақала ауданы