23.05.2017, 11:58
Оқылды: 206

Алтынбек Қоразбаевтың «Сәлем саған, Ақжайық!» атты ән кеші өтті

 Terekti Korazbaev    Теректі ауданында ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Парасат» және ІІІ дәрежелі «Барыс» ордендерінің иегері, композитер, халық қалаулысы Алтынбек Қоразбаевтың «Сәлем саған, Ақжайық!» атты ән кеші өтті.


    «Домбыра – менің жан серігім. Әндерімнің 50 пайызын қазақтың қара домбырасымен шығарғанмын», -  деп жиі айтатын Алтынбек Қоразбайұлы сахна шымылдығын «Елге сәлем» әнімен ашты. Аудандық Мәдениет үйінің залына лық толған көрермен табиғи дауыста шырқалатын әндерге сусап қалған екен. Бірден қолпаштап, әншіні демей жөнелді.

    Концерт барысында Алтынбек аға «Аманбысың, елуім?», досы Иран-Ғайыптың сөзіне жазылған (әні – өзінікі) «Ән – қалқа», туған інісіндей болып кеткен қырғыз композиторы Бек Бөрбиевтің «Қазақ қызы» әндерін домбырамен нақышына келтіре орындаса, «Сағындың ба?» «Айхай, 25-ті» халықпен бірге шырқады.

  Көрерменнің ерекше қошеметінен делебесі қозған Алтынбек Қоразбайұлы қазақтың ақиық ақыны М.Мақатаевтың «Таудағы көктеміне» жазған жаңа әнін сиясы кеппеген күйінде көрермен назарына ұсынды.

   «Ұстазсыз шәкірт тұл» демекші, сонау Алматыдан өнердегі ұстаздарының шашбауын көтеріп, «Меломен» тобының жігіттері де келген екен. Олар репертуарларындағы хит әндерін айтып, жастарды сергітті. Әсіресе, «О,махаббат», «Сүйгенім бол», «Арман шағалаға» қосылмаған қыздар кемде-кем шығар. Теректі төріндегі сазды кеш Алтынбек Қоразбаев пен «Меломендік» жігіттердің орындауындағы «Әке мен бала» атты әнмен қорытыланды.

    Аудан әкімінің орынбасары А.Тоқжанов алыстан ат терлетіп келіп, тамаша көңіл-күй сыйлаған әншілерге ризашылығын білдіріп, дәстүр бойынша бас қонақ Алтынбек ағамызға шапан жапты.

Аягөз АЙТҚАЛИЕВА

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале