6.06.2023, 11:44
Оқылды: 88

Алыптарды ұшырғайсың, "Алтын ұя"!

Мектепке дейінгі бала тәрбиесі – кез-келген ата-ана үшін, қоғам үшін маңызды мәселе. Негізігі мамандығы педагог, информатика пәнінің мұғалімі Манарбек Жайсұлтанов кәсіпкерлікке бет бұрып, «Алтын ұя» жеке балабақшасын ашып, игілікті істі қолға алғанына екі жылдың жүзі болды. Екі жыл ішінде балабақша ата-аналар тарапынан оң пікірге ие болып, мектепке дейінгі бала тәрбиесіне қомақты үлес қосып келеді. Айта кетейік, «Алтын ұя»  – аудандағы лғашқы жеке балабақша.

с1

Редактордың тапсырмасымен балабақшаға арнайы, барып, жұмысымен танысқан едік. Іші жарық, әдемі, кірген бойда бір  жылулық есетінін сезесің. Біз алғашқы кірген топта балапандар бесіндік асын ішіп отыр екен. Қазіргі балалар суретке түсіп, әбден машықтанып қалғанын аңғардық, суретке түсуге өздері-ақ ыңғайлана берді. Бүлдіршіндердің бұл әрекеті еріксіз езуге күлкі үйірді.  Тәрбиешілерінің айтуынша, әрбір шарадан кейін суретке түсу дәстүрге айналған, балалар суретке түскенді жақсы көреді екен.  Енді бір топта  балалар қаздың балапанындай тізіліп, мультфильм көріп отыр екен. Олар да қолдарын бұлғап, періште жүректерімен келген қонаққа ілтипаттарын білдірді.

с2

Міне, «Алтын ұяға» кіргендегі алғашқы әсеріміз, жанарымызға іліккен сурет  осындай еді. Әрі қарайғы жұмысты балабақша меңгерушісі Манарбек Жайсұлтанов таныстырды.

«Алтын ұя» балабақшасы алғаш рет 2021 жылы қыркүйекте 30 балаға арналып  ашылды.  2022 жылдың  шілде айында  балабақша кеңейтіліп, қосымша ғимарат жалғанып салынды. Оған тағы да 30 бала қабылданып,  бүгінде барлығы 60 бүлдіршін тәрбиеленуде. 60 бүлдіршін үш топқа бөлінген.  Сәбилер «Алтын ұяға» екі жастан бастап бөбекжайға қабылданады.  Екі жасар 20 сәби, үш жасар 20 және 4 жасар 20 бүлдіршін бар. Балабақша жаппай заманауи жабдықпен қамтылған. Өрт қауіпсіздігі хабарлама арқылы дауыстап, дыбысзорайтқышпен  айтылады. Ғимараттың іші-сыртына 15 бейнебақылау камерасы орнатылған. Жиһаздары, ойыншықтары, балаларға арналған жуынатын бөлме, дәретхана бар.

с3

Таңертеңгі сағат сегізден бастап балалар балабақшаға қабылданып, таңғы жаттығуларын жасап, таңғы астарын ішеді. Одан кейін сауат ашу сабақтары өткізіліп, әріптерді үйрену, түстерді айыру, санауды үйренеді.  Кейін бір сағат қолайлы ауа райында таза ауада ойнап, серуендейді.  Түскі ас ішіп,  сағат 13:00-ден 15:30-ға дейін ұйықтып, демалады. Тынымсағаттан кейін  бесіндік ас ішіп, дамытуға арналған ойындар ойнайды.  Сағат алты-алты жарымға дейін ата-аналар балаларды алып болады.

Күні кеше бес жасқа толған 13 түлек балабақшамен қоштасып, мектепалды даярлық сыныбына жолданды.  1 маусым күні ол топқа жаңадан тағы балалар қабылданады.

 

1 маусым халықаралық балаларды қорғау күніне орай  ертеңгіліктер, мерекелік шаралар ұйымдастырылады.

Балабақшада барлығы 14 қызметкер  жұмыс жасайды.  Оның үшеуі тәрбиеші,  үш көмек тәрбиеші,  екі аспазшы,  бір медицина қызметкері, екі күзетші, бір аула сыпырушы,  бір кір жуушы. Балалардың төсек жаймалары апта сайын жуылып, ауыстырылады.  Сол себепті кір жуушы сенбі, жексенбі күндері жұмыс жасайды.

Балабақшаның түлектері, тәрбиеленушілері  түрлі аудандық байқауларға қатысып, жүлде алып жүр.  Мектепке дейінгі ұйымдар арасында өткен аудандық Қадыр оқулары байқауында  Руқия  Бағдатқызы 1 орынды жеңіп алған болатын.

Биыл алпыс балаға арналған қосымша жаңа ғимарат құрылысы іргетасы құйылып басталады.  Қаражат жетіп жатса, ғимаратты биыл  аяқталып қалуы мүмкін.  Ол үшін Манарбек Қайырбекұлы несие алуды көздеп отыр. Жаңадан салынатын ғимаратқа тағы да 60 бала қабылданады. Сонда «Алтын ұя» балабақшасында барлығы 120 сәби тәрбиеленеді.  Аудан әкімінің орынбасары  Ерболат Ахметов Жымпиты ауылының халқымен кездесу жиынында  «Алтын ұя» балабақшасында осынша бала тәрбиеленетін болса, аудандағы балабақша кезектілігі де шешілетінін айтқан болатын.

Аудандық білім беру бөлімі  бала басына  50 мың теңге демеуқаржы төлейді. Ол қаржы «Алтын ұя» балабақшасының қызметкерлерінің жалақысына  жұмсалады.  Ата-ана ай сайын бір балаға 15 мың теңге төлесе, төлем  балалардың күнделікті үш мезгіл тамақ ішуіне кетеді.

«Алтын ұя» балабақшасының ауласына бір ай бұрын 3 млн теңгеге  балалар ойын алаңы әкелініп, орнату жұмыстары басталды. Орнату жұмыстарына қосымша 1 млн теңге жұмсалуда. Енді он бес күнде ойын алаңы толық пайдалануға беріледі.

Кәсібіне, қызметіне әбден ден қойып, шын беріле кіріскен «Алтын ұя» балабақшасының меңгерушісі Манарбек Жайсұлтанов:

– Мақсатым – балабақшаны үлкейту, дамыту, кәсібімнің өрісін кеңейтіп, аудандағы балабақшаға кезектілік мәселесінің шешілуіне үлес қосу, халыққа тұрақты жұмыс беру.  Жұмыс болған соң, қиындығы да болады. Құжаттандыру, тексеріс жұмыстары, әрбір балаға аса үлкен жауапкершілікпен қарау, ата-ананың бабын табу  оңай шаруа емес. Бұл жағына келгенде ең үлкен жүк тәрбиешіге түседі. Бірақ, қай істі де үлкен жауапкершілікпен, ауызбіршілікпен атқарамыз,- дейді.

 

Балабақшаның бір мәселесі – көктемгі және күзгі мезгілдерде балшықты күндеріндегі жолдың қиындығы болатын. Мұндай күндерге арнап Манарбек Қайырбекұлы арнайы «УАЗ» көлігін сатып алды. Бұл көлікпен «Алтын ұя» балабақшасынан орталықтағы «Мерей» мейрамханасына дейін балаларды тасымалдап, әкеп беріп жүрді.  Бұйырса, бұл мәселе де шешімін тапқалы тұр. Жуырда өткен Жымпиты ауылдық округінің әкімі Мейрам Қайырғалиевтің  халықпен кездесу жиынында халықтың сұрағаны «Алтын ұя» балабақшасына жол салу болды. Биыл асфальтты жол Молдағалиев көшесімен келіп, Асадуллин көшесін түседі, одан Сатаев көшесіне  жалғасып, жол салынады.

Сөз соңында айта кетейік, Манарбек Қайырбекұлы  баспасөзге жазылу науқанына қатысты қол ұшын созатынын, өзінің 10 қызметкерін «Сырым елі» газетіне жаздыратынын айтты.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале