25.06.2025, 17:30
Оқылды: 552

Алыстан көрінген от

Бақтығұл Ойшыбаев – Тайпақ өңірінің тумасы. Ол да бала болып, қой қуды. Бозбала болып, шаш қойды. Бірақ, Бақтығұлда былайғы балаларда көп байқала бермейтін ерекше іңкәрлік бар-тын. Ол қолы қалт етсе, тіпті арнайы уақыт тауып, ақын-жазушылардың әдеби кітаптарын жата-жастанып оқуға құштар еді.

WhatsApp Image 2025-06-25 at 13.29.01

Соның әсері болуы да мүмкін, Жұмаштың Бақтығұлы Базартөбедегі орта мектепті 1959 жылы үздік бітірген соң бірден газет редакциясына барды. Иә, газет редакциясы – жазу адамы үшін үлкен мектеп. Оны түсінетіндер де, құптамайтындар да бар. Өзіміз ішінен шығып, өнегесін көргесін айтамыз ғой.
Сөйтіп, Бақтығұлдың еңбек жолы Тайпақтағы «Ленин жолы» газетінде корректорлықтан басталды да кетті. Жас жігіт Бақтығұлдың бұрқырата жазуы газет редакциясында қарқын ала түспесе, бәсеңдемеді.
Алғашқы мақалалары жарық көріп, оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алып та жатты.
Қаламды жанына серік етуді басты міндет санаған Бақтығұл Жұмашұлы 1961 жылы Алматыдағы С. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түсті. Журфактың студенті болу мәртебе емей немене?!
Шіркін, қаламды қолына ұстап, журналист болуды армандаған Бақтығұлдың сондағы қуанған сәтін көрсеңіз ғой – ол енді бөлек әңгіме.
Мүйіздері қарағайдай, елге аты танылған Зейнолла Ғабдолов, Бейсенбай Кенжебаев, Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеевтен дәріс алған сәттерін де кезінде Бәкең майын тамыза әңгімелеуші еді.
Бақтығұл Ойшыбаевпен қызметтес болған, журналист, жазушының ақ батасын алған шәкірті, ақын, журналист Махмет Қажиахметовтің де әріптес ағасы жөнінде айтары баршылық:
– Бақтығұл аға «редактормын, басшымын» деп ешқашан да шіреніп көрген емес. Ол әркезде өзін қарапайым ұстап, қатарлас қызметкер ретінде ақкөңілдікпен, шынайы түрде әңгімелесетін. Менің бір ұққаным – Бақтығұл ағаның жазған дүниелері сол жылдардың өзінде «Қазақ әдебиеті», «Жұлдыз» басылымдарында жарық көрген. Бұл оның ауылда жүріп-ақ қабырғалы қаламгер ретінде қалыптасқанын білдіреді, – дейді шәкірті Махмет Мүтиұлы.
Бақтығұл Ойшыбаев қолына күректей дипломын алған 1966 жылы оған жата-жастанып «құда» түсушілер көп болды. Бәрінің Бәкеңе айтатыны: «Алма иісі аңқыған Алматы төрінде қалсаңшы, сендей журналистке радио, газеттен де орын табылады» – деген қолқа еді.
Бұған көнетін Бәкең бе, «Алматы маған өкпелемес» деп, саласы шашын бір қайырды да балығы тайдай тулаған, Жайығы бұлқына аққан ақ Тайпағына – еліме, бірге туған ағайын-тума, ауылдасқа деген сағынышпен ауылға жол тартты.
Журфактан келген жас журналист Бақтығұл Ойшыбаевты ел басшылары құшақ жая қарсы алды. «Ізденгенге – сұраған» дегендей, жазған шығармаларына әуелден етене қанық басшылар Бәкеңді Тайпақтың «Ленин жолы» газеті редакциясына редактордың орынбасары қызметіне тағайындады.
Осыдан соңғы Бәкеңнің журналистік жолы көршілес Жымпитыдағы “Қызыл ту” газетіне бас редактор болуымен жалғасты. Міне, Ойшыбаев әрі қарай “Қызыл тумен” бірге “өмір сүрді”.
Бұл 1973 жыл болатын.
Мал және егіс шаруашылығы дүркіреп тұрған Жымпиты өңіріндегі басылым шығару қызметін Бақтығұл батыл түрде қолға алды.
Батыл түрде деуіміздің де өзіндік мәні бар еді.
Өйткені, ол жылдары кеңестік дәуірдің қатал заңы, темірдей тәртібі өз алдына, аудандық партия комитетіндегі хатшысынан бастап, шаруашылық меңгерушісіне дейін кіріп, шаруаңды айту – Мәскеудегі Кремльге кіргенмен пара-пар болатын.
Ал, оларға кіріп ұсыныс, сөз айтудың қандай деңгейде екендігін осыдан-ақ түсінуге болады. Мінезі жетіспей, не мансабын қимай, хатшыларға барып тұрып, қалың ағаш есікті қағуға дәті шыдамаған талай басшы болды ғой.
Бірақ, Бақтығұл Ойшыбаев болса, сол кездің өзінде мұндай қатал тәртіп пен саясатқа қарсы тұра білген, бұқпантайламай, батыл түрде айтарын оқтай дәл жеткізе білген журналист болды. Ол бюрократизмнің қас жауы болды. Талайдың “шатырын” қаламымен тесті де.
Тіпті, ол өзі аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болса да, сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысына аудандағы мал өнімін өндірудегі орын алған олқылықтар жөнінде батыл ойын айта білгендігіне куә болдық.
Бақтығұл Ойшыбаевтың Жымпиты өңіріндегі қалған іздері болса, сайрап жатыр.
Мәселен, өзі аяқтай жүріп, басшылардың есіктерін тоздыра жүріп салдырған аудан орталығындағы екі қабатты баспасөз үйі жазушының көзіндей болып бүгінде ауыл шаруашылығы саласының бағаналы білім ордасына айналды. Ол жерден енді жас журналистер емес, жас мамандар түлеп ұшады.
Ал, Бақтығұлдың шекпенінен шыққан небір жас қаламгерлердің аудан, облыс ақпаратында қалам тербеп, бүгінде зейнеткерліктің жемісін көріп отыруының өзі ұстаздың арманының орындалғандығы емес пе?!
Журналист-жазушы Бақтығұл Ойшыбаевтың қаламынан туған “Алыстан көрінген от”, “Құралайдың салқыны”, “Қимас күндер” және тағы басқа шығармалары бүгінде оқырмандардың сағына оқитын дүниелеріне айналды.
Дарабоз жазушы, қарымды қаламгер Бақтығұл Ойшыбаев бүгінде ортамызда болмаса да, оның жарқын жүзі, ақ жарқын көңілі әрқашан әріптестерінің жадында.
Бақтығұл Жұмашұлы зайыбы Мәнира Зәкірқызымен ұлағатты да білімді ұрпақ тәрбиелеген өнегелі отбасы болды.
Ал, осы ұлағатты ұядан ұшқан ұрпақтары ортасында Кемелбек бүгінде еліміздің басты арнасы – Қазақстанның халықаралық телеарнадағы бейнесі – “Хабар” агенттігінің төрағасы қызметін атқаруда.
Осы тұрғыда айта кетуге болады: кеше ғана мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бұқаралық ақпарат қызметкерлері күніне орай республика тынысының тамыршысы – “Хабар” агенттігінің басшысы Кемелбек Ойшыбаевты арнайы қабылдап, ұжымының қызметіне ризашылығын білдіріп, өз қолынан марапат тапсырды. Бұл марапат “Хабарға” емес, ең әуелі Бақтығұл Ойшыбаевтың мектебіне берілген баға деп түсініп отырмыз біз.

IMG_3819
Әке жолын жалғастырушы ұрпақ Кемелбек те Президенттің жанында тұрып осыны ойлаған шығар.
Иә, Жымпитыда Ойшыбаевтардың ізі жарқырап жатыр. Жуық арада аудан орталығынан М. Есламғалиев атындағы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі үшін арнап салынған қос қабатты ғимарат пайдалануға беріледі. Осы ғимараттың ішінен үлкен оқу залы Бақтығұлдың атына беріледі деген жақсы хабар бар. Бұл игі іс – қалам ұстаған қауым үшін ортақ құрмет болары сөзсіз.
Биыл Бақтығұлдың туғанына 85 жыл толады. Бәкеңнің қара шаңырағы – “Қызыл тудың” ізіндегі “Сырым елі” газетінің редакциясы Ойшыбаев атындағы журналистер байқауын әне-міне жария етпек. Асыл ердің қадіріне жетердей жақсы шаралар көбейсе, бек қуанар едік.
“Алыстан көрінген от” – Бақтығұлдың бір кітабының аты. Бүгін Бақтығұлдың өзі де анау қырдың басынан қызарып тұрған отқа айналған. Ұстазымыздың отына көңіліміз әлі жылынып жүр. Ал, Кемелбектердің көзінен, Айнагүлдердің жанарынан (тарих әлеміне тереңдеген қарындасымыз) сол отты, сол жалынды көреміз.

Мүсірбек Айташев,
журналист,
Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале