Бүгін Жәнібек аудандық мәдениет үйінде Сая Қасымбектің «АЛЖИР» драмасы сахналанды. Сталиндік зобалаң, солақай саясаттың зардабын шеккен тағдырлардың өмір үшін күресі көрініс тапқан қойылымның салмағы ауыр. Тарих беттерінде «үлкен терор» деген атаумен қалған сұрқия бастаманың кесірінен қазақ зиялылары айдалды һәм атылды.

Олардың әйелдері де бұл жазадан айналып өте алмады. Қазақ қаймақтарына «Халық жауы» деген айып тағып, жұбайларына ол жаланы адам сенгісіз әрекеттермен «мойындатқысы» келіп «АЛЖИРДЕ» азаптады. Азап пен қорлыққа шыдас берген Дәмеш Әмірханқызы, Гүлбаһрам Сейфуллина, Күнжамал Майлина, Кира Нұрмағамбетова және олардан бөлек көптеген алаш қайраткерінің жарлары болды. Осы жантүршігерлік оқиғалар аудан сахнасында жадымызда жаңғырып, ерліктері аудан тұрғындарына насихатталды. Жәнібек аудандық халық театр актерлері аталған тұлғалардың рөлін сәтті сомдап шықты. Аталмыш қойылымды музыкалық театр актрисасы, түрлі аспапты жете меңгерген, аудандық демалыс орталығының дирижері Лунара Сәбитова сахналады. Режиссерлық дебютін жоғары деңгеймен бастаған ол:
- Алғашында қорқыныш сезімі болды. Ірі тұлғалардың кешегі өткен өмірін елге жеткізу оңай дүние емес. Оның үстіне қаншама қорлыққа төтеп берген келіншектердің бастан кешкендері жаныма маза бермеді. Өте үлкен жауапкершілік жүктеді. Дайындық барысында әріптестеріме де күдікпен қарадым. Себебі, айтып өткенімдей, бұл жай ғана қойылым емес. Дегенмен, үміт ақталды, - дейді.

Расымен, өнер көрсеткен, жо-жоқ сол сахнада өмір сүрген актерлердің шеберлігіне ел сүйсінді. Қойылым соңында аудан әкімінің орынбасары Асхат Молдағалиев өткен Халықаралық театр күнімен құттықтап, театр ұжымына алғыс хат табыстап, алған әсерімен бөлісті.
Ақтілек Әлібекұлы,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz
