Әз Наурыз мерекесі қарсаңында Бәйтерек ауданы Рубежка ауылдық округінің әкімі Асылбек Кенжин елді мекенде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Александр Старцев, ауыл ақсақалы Александр Имашев, көпбалалы ана Қамеш Қарашаева мен Орын Шағраева және І топ мүгедегі Төлеген Төлепбергеновтің үйлеріне барып, мерекемен құттықтап, көрісті.
Амандық-саулық сұрасып, ақжарма тілегін жеткізген ауыл әкімін тұрғындар емен-жарқын қарсы алып, ақ баталарын берді.
-Мереке бір күнмен немесе Наурыз мейрамымен шектелмейді. Біздің мақсатымыз - жастарға дәстүріміз бен тарихымызды насихаттау. Жалпы Көрісу мерекесі Ұлыстың ұлы күнінің бастауы екенін жеткізу. «Наурыз мейрамын тойлау «Рухани жаңғыру» бағдарламасының идеологиялық құндылықтарын іске асыру аясында үлкен маңызға ие екені де айтылады. Бұл мереке - ұлттық бірегейлік пен келісім, береке мен бірліктің мерекесі. Сондықтан да біз оның маңызын арттырып, жалпыұлттық мерекеге айналдыра білуіміз керек,- деді ауыл әкімі Асылбек Кенжин.
Гүлжан Аязбаева,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz