19.04.2018, 12:11
Оқылды: 158

Аман Ғұмаров, актер: «Мұхтар Әуезовті сомдап шыққасын аяқты аңдап басу керек деп ойлаймын»  

 

«Тар заман» фильмінде Мұхтар Әуезовты сомдап, қазақ көрерменінің жылы ықыласына бөленген жас актер, жерлесіміз Аман Ғұмаров жуырда елге келді.

Мұхтар Әуезовты кинода сомдаған алғашқы актер болып тарихқа енген жас жігіт өңіріміздің тумасы. Кіндік қаны Жаңақала ауданында тамған Аман Зеленов ауданы, Янайкин ауылындағы Батурин мектебінің түлегі. Өнердегі жолы мен өмірдегі ұстаздары, қазақ киносы жайындағы ойларын газетімізге берген сұхбатында айтып өтті.

- Аман, алдымен елге қош келдіңіз!

- Рахмет!

- Жуырда әлеуметтік желіге жүктелген сұхбатыңызда туған өлкеңіз туралы әңгімелеп өткен екенсіз. Өзіңіз туралы енді газет оқырмандарына аша түссеңіз.

- Менің туған жерім Жаңақала ауданының Қызылоба ауылы. Ол жақта 2000 жылға дейін тұрдық. Зеленов ауданы Янайкин ауылындағы Батурин мектебінен білім алдым. Өнердегі алғашқы қадамдарымды да сол мектеп қабырғасында бастадым. «Балдәурен», «Балбөбек» сияқты өнер жарыстарында, Мұқағали, Абай оқуларында бақ сынап, жүлде алып жүрдім. Мені өнерге баулыған туған ағам Замир Ғұмаров. Ұстазым да, сырласым да, ақылдасатын тірегім де Замир ағам.

Оқушылық кезеңге ой жіберсем, алдымен сынып жетекшім Айсұлу Жауынбайқызы мен қазақ әдебиетіне қызығушылығымды оятқан Ақмарал Ғапылқызы еске түседі. Рәмзия Рахатқызы да өзінің көмегін беріп, демеу білдіріп жүретін. Спортқа баулыған Қанат Шаймарданұлына да алғысым шексіз. Бір сөзбен айтар болсам, мектепте сабақ берген әр ұстаздың орны ерекше. Ауыл, мектеп атынан түрлі өнер сайыстарына қатысып, орын алсам, олар да қуанатын. Менің өнер адамы болып қалыптасуыма ұстаздарымның ықпалы зор болды. Өйткені, өнер жолындағы алғашқы қадамдар сол мектепте басталған. Әрине, оның бәрі қазір балалық шақтың естелігі болғанымен, жүрекке жылы.

IMG-20180414-WA0037- «Тар заман» фильмінде Мұхтар Әуезовті сомдадыңыз. Алдағы уақытта тағы қандай тұлғалар рөлінде ойнағыңыз келеді?

- Мұхтар Әуезовті сомдап шыққаннан кейін арзанқол рөлдерге бармай, аяқты аңдап басу керек деп ойлаймын. Оның үстіне қазақ актерлерінің ішінде алғаш болып Мұхтардай жазушыны мен сомдадым. Қазақта сомдайтын тұлғалар көп. Ұсыныс болса, болашақта ойнап шығармын. Ешкімге айтпай, іштей тілеу керек дейді ғой, сондықтан, әзірге келесі рөлім құпия қалсын.

- Бір сұхбатыңызда лирикпін депсіз. Бірақ, танымал актерлердің біразы шеберлігімді шыңдай түсу үшін жағымсыз кейіпкерлерді ойнағым келеді дейді екен. Өзіңізге жағымсыз рөл ұсынылып жатса, қабыл аласыз ба?

- Өнердегі ұстазым, актерлыққа шыңдаған ағам Асхат Маемиров әр сөзінде актер пластилин сынды болуы керек екенін айтып отырады. Ромео мен Джульеттада Меркуционың рөлі бар. Оны енді жағымсыз дей алмайсың, екі қыры бар. Құдайға шүкір, ойнап жүрміз. Дегенмен, лирикті ойнау оңайырақ. Әрине, әр актердің оң жамбасына келетін де, келмейтін де рөлдері болады. Өзіме лирикалық образ жақын. Дегенмен ұсыныс болса, жағымсыз кейіпкерді де ойнаймын.

- «Кластастар», «Сүйе білсең» сияқты фильмдерге түсіп үлгергенсіз. Елге танылған сақа актерлермен қатар біраз жастармен сахналас болып жүрсіз. Өзіңізге жақын, үлгі тұтқан жан ретінде кімді атар едіңіз?

- Ең алдымен Ернар Нұрғалиев түсірген «Сүйе білсең» фильміндегі әріптестерімді атап өтер едім. Әсіресе, Ғазиза Әбдінәбиева, Бақытжан Әлпейісов пен Еркебұлан Дайыров, Жандос Айбасов, Азамат Сатыбалды және «Тар заман» фильміндегі Дулыға Ақмолда,  Медғат Өмірәлі сияқты тамаша актерлерден үйренгенім көп. Олар тек маған емес, қазақ еліне берері мол актерлер. Сондай-ақ Әбілмансұр Серіков, Мерхад Амангелдин, Аян Өтепберген, Асылхан Төлепов сынды жас актерлер буыны қалыптасып келеді. Әрқайсының осы күнге дейін тамаша алып шыққан рөлдері бар. Олар әлі көрерменіне талай дүние ұсынады.

IMG-20180414-WA0039- Ел ішінде Шәкен Айманов қалыптастырып кеткен режиссерлік жол үзіліп бара жатыр деген пікір көп айтылады. Ол туралы не айтасыз?

- Киноиндустрия елімізді дамып келе жатыр. Тіпті соңғы кездері жарыққа шыққан сериалдардың өзі оған дәлел. Әр түрлі жанрдағы фильмдер түсірілуде. Өткенде Еркебұлан ағам бір сұхбатында басқа елден актер шақыра бергенше өзіміздің өнерпаздарды шақырайық депті. Сөзінің жаны бар. Әділ Ахметов, Дәурен Серғазиндер кез-келген рөлді ойнай алатын потенциалы жоғары актерлер. Сондай-ақ Ақан Сатаев «Томирис» фильмімен жұмыстану үстінде. Ермек Тұрсынов, Сатыбалды Нарымбетов сияқты режиссерлер болашақта әлі талай жақсы дүниелер жасайды.

- Айгүл Иманбаеваның «АИ» театрында еңбек ете жүріп, бірнеше фильмге түстіңіз. Киноға түсу туралы ұсыныстар көбейді ме?

- Шынымды айтайын ұсыныс бар. Бір емес, екі киноға түсу туралы ұсыныс бар. Әзірге жауабымды бере қоймадым. Дұрыс таңдау жасап, жақсы рөлді сомдап шықсам деймін. Айгүл Иманбаеваның театрынан бөлек, «Астана мюзикл» театрында жұмыстамын. Актер-режиссер болып спектакль қойып, шама келгенше режиссерлікті де қолға алып жүрмін.

- Соңғы кездері көп көрерменнің киноға сұранысы мен таңдауы өзгерген. Кешегі «Алмас қылыш», «Әміре», «Жау жүрек мың бала» сияқты фильмдерді тамашалаушылар өте аз болды. Атыс-шабыс пен жеңіл күлкі шақырар киноларда зал толып отырады. Бұл не сонда? Тарихқа, ел киносына деген немқұрайлылық па, әлде маркетингтік жеңіліс пе?

- Қазақтың қазақ болып қалуы тарихтағы кесек тұлғалардың еңбегі. Сол біртуар тұлғалар туралы фильмдер көптеп түсірілуі керек. Өз тарихымызды біліп алмай ешқашан алға баспайтынымызды ескеру қажет. Жастарға үлгі-өнеге берер, тарихи тағылымы мол кинолар түсірілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Киноиндустрия біреулер үшін өнер болса, біреулер үшін табыс көзі. Өнерге, тарихқа жанашыр мықты режиссерлер барда қазақ киносының болашағы зор.

- Елімізде танылған режиссерлердің мықты үштігі бар. Сатыбалды Нарымбетов, Ермек Тұрсынов және Ақан Сатаев. Осылардан қатар ұсыныс түссе, қайсының фильмін таңдар едіңіз?

- Әрқайсысы да мықты режиссер. Үшеуі қатар ұсыныс жасаса тамаша, әрине. Тіпті, солардың біреуімен жұмыс жасасақ, мен үшін зор бақыт.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Түгелбай Бисен

zhaikpress.kz

IMG-20180414-WA0038 IMG-20180414-WA0043 IMG-20180414-WA0044

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале