«AMANAT» партиясының Теректі аудандық филиалы актив отырысын өткізді. Онлайн байланыста өткен жиынды партияның аудандық филиалының бірінші орынбасары Мирхат Ибраеев жүргізді. Жиынға партия филиалының саяси кеңесі мүшелері, аудандық мәслихат депутаттары, партия ардагерлері және ауылдық округ әкімдері қатысты. Күн тәртібіндегі негізгі мәселе партияның кезектен тыс ХХІІ съезінің шешімдерін орындаудағы Теректі аудандық филиалының міндеттері жайында болды.
Естеріңізге сала кетсек, «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХІІ сьезінде Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының жетекшісі Ерлан Қошанов партия атауын «AMANAT» деп ұсынған болатын және ол бір ауыздан мақұлданды.
Партия сьезінде қабылданған басымдықтар, көтерілген мәселелерді қолдайтындығы жөнінде кеңес мүшелері сөз сөйледі. «Өркен» бөбекжайының меңгерушісі Жаңылсын Оразғалиева, аудандық жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың басшысы, мәслихат депутаты Нұрсәуле Аткеева және «Ақсуат» бастауыш партиясының төрағасы, Ақсуат ауылдық округінің әкімі Жаннұр Ахметов биліктің халықпен тікелей байланысын жақсарту, халықтың мұң-мұқтажы туралы ақпарат алу, жағдаймен нақты танысуға бағытталған жұмыстар жүргізу бағытында өздері қолға алатын шаралар жайын баяндады.
«AMANAT» партиясының Теректі аудандық филиалының төрағасы Тілек Габдушев кеңес қатысушыларына нақты жүктелген тапсырмалардың уақытылы орындалуын тапсырды.
- Президентіміз партияға «Жаңа Қазақстан» бағытын жүзеге асырудың негізгі рөлін жүктеп отыр. Халықпен тығыз қарым-қатынас орнатуымыз тиіс. Өйткені, құр уәде, құрғақ сілтемемен жауап беруі кесірінен халықтың партияға, билікке деген сенімі азайып отыр. Әр шағым-өтінішті тұрғынның жан айқайы деп қабылдауымыз керек. Сондықтан тұрғындармен ашық диалог өрбітетін қабылдау бөлмелерін ашуды тапсырамын. Партия атауында немесе құрылымында тұрған ештеңе жоқ. Сондықтан алға қойған мақсат-мүдделерді орындау жолында білек сыбана жұмыс жасауға, аманатқа адал болуға шақырамын, - деді аудан әкімі Тілек Александрұлы.
Сөз соңында ол «AMANAT» партиясының Теректі аудандық филиалына съезд қорытындысынан туындаған барлық тапсырмаларды мүлтіксіз орындауды тапсырды. Және де бастауыш партия ұйымдарының төрағаларына партия ұйымдары қатарына жастарды, белсенді азаматтар тарту, азаматтарды қабылдау ұйымдастыру, партия мүшелері арасында съезд қорытындысын түсіндіру жұмыстары жүргізу жөнінде баса айтты.
Балнұр Қуанышқызы,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz