Бүгін Казталов ауданы әкімдігінің үлкен залында «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалы фракциясының отырысы өтті. Жиынға фракция депутаттарымен қатар аудан әкімі Рүстем Зұлқашев, аудан әкімінің орынбасарлары Зәйлім Мажитова, Қадер Нұрғалиев, партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сәрсенбай Молдашев, ауылдық округ әкімдері, мемлекеттік және салалық мекемелер басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты. Фракция отырысына «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ерболат Бекмулдин төрағалық етті.
Фракция отырысында «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламаның Жол картасының 2022 жылдың І тоқсанына бойынша және 2021 жылғы орындалмаған көрсеткіштердің жүзеге асу барысы, «AMANAT» партиясының аудандық филиалының жаңадан құрылған қоғамдық кеңестерінің құрамы мен қызметі жөнінде және депутаттардың рейтингісі туралы мәселелер қаралды. Алғашқы мәселе бойынша аудан әкімі Рүстем Зұлқашев баяндама жасады. Ол өз сөзінде сайлауалды бағдарламада жүзеге аспаған 9 жобаны атап өтті.
- Өзіңізге мәлім 2021 жылдың 15 ақпанында «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасы бекітілді. 2021 жылы 69 іс-шара жоспарланған болса, оның 60 іс-шарасы (87,0 пайыз) орындалып, 9 іс-шара (13,0 пайыз) іске асырылмады. Осы 9 жобаға тоқталатын болсақ, оның ішінде 6 жоба орындалу үстінде. Олар: Жұлдыз ауылындағы 108 орындық мектеп, Казталов мектеп-лицей ғимаратын жөндеу, Қоныс ауылын сумен жабдықтау, Талдықұдық ауылын сумен жабдықтау құрылыстары, Талдықұдық ауылындағы С.Есетов мектебін күрделі жөндеу және Казталов ауылындағы 320 орындық спорт кешеннің құрылысы. Орындалмаған 3 (үш) жобаға тоқталар болсам, олар денсаулық сақтау саласына қатысты Бостандық ауылындағы дәрігерлік амбулатория және Қараөзен ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы. Осы жобаларды іске асыру бойынша жобалық-сметалық құжаттама жасақтауға қаражат сұрау бойынша бюджеттік өтінім облыстық басқармаға жолданды. Қаржыландыру мәселесі шешіліп ағымдағы жылы жобалық-сметалық құжаттама жасақталған жағдайда 2023 жылы құрылыс жұмыстары басталатын болады., - деді аудан әкімі. Бұдан бөлек ол электр энергиясымен және газбен қамтамасыз ету мәселелеріне де тоқталып, жүзеге асырылмауы мүмкін жобаларды атап өтті. Сондай-ақ, бірқатар жобалардың жүзеге асырылуы бойынша тиісті тұлғаларға тапсырмалар берді. Рүстем Мүлкайұлы тілге тиек еткен 6 жобаның құрылысы ағымдағы жылы аяқталмақ.
Күн тәртібіндегі кезекті мәселелер бойынша «AMANAT» партиясы Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі Ерболат Бекмулдин баяндама жасап, партия жанындағы қоғамдық кеңестер мен комиссиялардың төрағаларын таныстырды. Сонымен қатар, қоғамдық кеңестердің жұмысын атап өтіп, олардың партияның сайлауалды бағдарламасының орындалуын қадағалайтынын баса айтты.
Жиында депутаттар мен партия мүшелері ауданымыздың білім, денсаулық сақтау, инфрақұрылымдық даму, әлеуметтік мәселелері бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстарын жолдады. Партияның Казталов аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ерболат Мұратқалиұлы жиында қаралған және ұсынылған мәселелердің маңызы зор екендігін алға тартып, депутаттарды бірлесе жұмыстануға шақырды.
-Көріп отырғандарыңыздай партияның да, мемлекеттің де алдында тұрған мақсаттары ауқымды. «AMANAT» партиясының басты принципі қоғамның негізгі сұраныстарына – адалдық пен әділдікке, тиімділік пен жауапкершілікке, жеделдік пен ашықтыққа негізделген. Ел Президенті партияның ХХІ Съезінде сөйлеген сөзінде саяси күштер мен қоғамды «Жаңа Қазақстанды» құру жолындағы негізгі міндеттерді шешуге жұмылдыратындығын жеткізді. Осы орайда, «AMANAT» партиясы «Жаңа Қазақстан» бағытын жүзеге асырудың негізгі локомотивінің бірі болмақ. Осы мақсатта партия депутаттары, елімізде орын алып жатырған жаңару мен жаңғырту процесіне атсалысып, «AMANAT» партиясының қоғамдағы рөлін күшейту, «Жаңа Қазақстанды құруда» қалыс қалмай бірлесе жұмыс атқаруымыз тиіс деп есептеймін, - деді.
Асылбек Нәсіпқали,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz