4.05.2022, 23:22
Оқылды: 90

Ән байқауы

Жәнібек аудандық мәдениет үйінде ауданның 100 жылдығына орай "Әнімді саған арнадым - Жәнібек" атты ән байқауы оздырылды. Ол жергілікті әншілердің орындауында "Жәнібегім" әнімен ашылды.

IMG-20220504-WA0187

Аудан әкімі Азамат Сафималиев қонақтарға қош келдіңіздер айтып, ән байқауына қатысушыларды шын жүректен құттықтады.

Сонан кейін ол осы жерде туып-өспесе де, "Жер жаннаты - Жәнібек" деп, тарихы бай өлкеге ән-жырларын арнап жүрген ақын, тележурналист, бірнеше жыр жинақтары мен әңгімелердің авторы Мұнайдар Балмолда мен композитор Жаскелең Ғайсағалиевке сый-құрмет көрсетіп, аудан жұртшылығы атынан иықтарына шапан жапты.

Ж.Орынбасарұлы қонақкәде ретінде белгілі әнші-сазгер Ескендір Хасанғалиевтің "Күн дидарлы Қазақстан" әнін орындап берді. Әрі қарай Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Жаскелең Ғайсағалиев, БҚМУ доценті, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі Қуаныш Қисметов, облыстық халық шығармашылығы орталығы "халық шығармашылығы" бөлімінің басшысы Батырхан Қайыров, ақын, журналист Манас Жармұқанов және аудандық музей бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Меңдігүл Фазылова қазылық еткен ән байқауы басталып кетті.

Байқау барысында Жәнібекті жырлаған он үш ән көрермендерге жол тартты. Ән байқауының қорытындысында әділқазылар алқасының шешімімен "Елге сағыныш" әні (сөзі: Гүлжайна Бисенғалиева, әні: Жақсылық Бисенғалиев, орындаушы Асылан Боранбаев, Жәнібек ауданы) үшінші орынға, "Ғұмардың елі" әні (сөзі: Абдул Рахметов, Асантемір Қаршығаұлы, әні: Ербол Ақбасов, орындаушы Райымбек Кәрімов, Жәнібек ауданы) екінші орынға және "Жәнібегім" әні (сөзі: Бауыржан Ширмиденұлы, әні: Армат Алдамжаров, орындаушы Тарас Жауынбаев, Сырым ауданы) бірінші орынға лайық деп танылды. Ал Бас жүлде - "Жәнібегім-мекенім" әніне (сөзі: Әділет Орынбасар, әні: Думан Бекқалиев, орындаушы Д.Бекқалиев, Тасқала ауданы) берілді.

IMG-20220504-WA0208

Әннің авторлары мен орындаушыларына дипломға қоса, тиісінше 100, 150, 200 және 300 мың теңгенің ақшалай сертификаттары салтанатты түрде табыс етілсе, қалған қатысушылар түрлі аталымдар бойынша дипломдармен марапатталды.

IMG-20220504-WA0217

Ән додасына Тасқала ауданынан келіп қатысқан, жасы сексеннің сеңгірінен асқан сазгер Лұқпан Шөкеновтің иығына шапан жабылып, үлкен құрмет көрсетілді.

А. Есіркепов,

Жәнібек ауданы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале