23.01.2023, 11:45
Оқылды: 17

«Ән - махаббат» көрермендерді махаббатқа бөледі

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, Сырым ауданының Құрметті азаматы Жаскелең Ғайсағалиевтің мерейлі 55 жасына орай аудандық мәдениет үйінде «Өнегелі өмір өміршең өнер» жобасы аясында «Ән - махаббат» атты шығармашылық кеші өтті. Кеште  Жаскелең Ғайсағалиев туралы бейнефильм көрермен назарына ұсынылып, өмір жолы мен шығармашылығы таныстырылды. 

Сырым (2)

Қадыр Мырза Әлидің сөзіне жазылған «Не жетеді?», Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Музейдегі ой немесе Әлия-Мәншүк», «Әкені аңсау» әндерін композитор клавишті аспаптың сүйемелдеуімен өзі орындады.

Жаскелең аға өзінің ұстазы Бауыржан Раяновқа алғысы зор екенін жеткізді. Өзі құрып, республикадан жеңімпаз боп  оралған «Назқоңыр» ансамблі туралы айтты.

— «Назқоңырды» құруға  еңбек сіңірген ағаларымның кейбірі өмірден өтіп кетті. Жеңіс Қажиақпаров, Сабыр Оразов, Төлеген Төреғалиев, Шынар Дүйсенғалиевалар ансамбльдің жеңісі үшін зор қолдау көрсетті, - деді Ж.Ғайсағалиев.

InShot_20230123_112230586

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі,«Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Донеділ Қажымов сахнаға шығып:

«Ақ түйенің қарны жарылған күнде тамаша өнер кешіне келіп отырмыз. Еліңнің өнеріңе берген бағасынан артығы жоқ», - деп, Жаскелеңді филармонияның қара нарына теңеп, киноға арнап әндер жазғанын, әрлеген әндерінің деңгейі өте жоғары екенін атады. Донеділ Қажымов Жаскелең інісіне шапан жапты.

Сахнаға көтерілген Сабыр Оразов Жаскелең Ғайсағалиевтің ауыл клубында қона жатып, үлкен талпыныспен, құлшыныспен қызмет еткенін, Алматыда жүретін өнер адамы болса да, елді қимай, өңірде өнерді дамытып жүргенін, адамға жұғысты қасиетін бағалады. Жеңіс Қажиақпаровтың жары Мария Қажиақпарова азаматының өнерге жанашыр жан болғанын, Алматыға байқауға баратын Жаскелең бастаған «Назқоңыр» ансамбліне арнайы киім тіктіргенін, байқауда Жаскелеңнің жары Айтжанға арналған «Сүйкімді қыз» әні бірінші орынға ие болғанын атады.

InShot_20230123_112158184

Омар Хибашев, Медет Оразов, Рүстем Кереев, Асланбек Қуаналиев, Ақмарал Ахметова, Бекей Қанатов, Марат Сарбөпеев, Алмас Елшібеков, Еркін Өтегенов, Жаңылсын Хасанова секілді облыстық филармония әншілері Ж.Ғайсағалиевтің сөзіне жазылған әндерді көрерменнің құлақ құрышын қандыра шырқады.

Халықтың сүйікті әніне айналған «Анаға сый», «Сүйкімді қыз»,«Жосалы», «Ән өлке Жымпиты», әндерін композитор өзі орындады. Жуырда ұлы түсірген «Жастық шақ» әнінің клипі көрермен назарына ұсынылып, Жаскелең аға әнді бірге орындады.

Жымпитылық әуесқой ақын Азамат Құдияров Жаскелең ағасына арнап жазған өлеңін оқыды.

Сырым ауданы әкімі Төлеген Төреғалиев елдің атынан рухани демалыс кеші үшін алғыс айтып, Жаскелең Ғайсағалиевтің шашбауын көтеріп келген облыстық филармония әншілеріне ыстық ықыласын білдірді.

InShot_20230123_112216664

— Жаскелең Жосалы ауылында туып-өсіп, еңбек жолын сол ауылда бастап,  ауылдас ағаларының қолдауын сезініп, үлкен өнерге қадам басты. Жаскелеңмен ел мақтанады. Қазақтың әнін әлі талай  биіктерге шығаратынына сенемін, - деген аудан басшысы, композиторды мерейлі 55 жасымен құттықтап, иығына шапан жапты. Мерейтой иесінің туған жері Жосалы ауылының азаматтары мәдениет үйінің алдында ат мінгізді.

Шынар Молданиязова,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале