19.04.2022, 12:45
Оқылды: 82

Аңғалдық - интернет алаяққа құрбан қылар

Көпшілік ортада естіп, біліп жүргендей, алаяқтарға алданып, қалтасындағы қаражатынан қағылатындар немесе мобильдік қосымшаларды дұрыс пайдалана алмау себебінен бар «жиған-түйгенін» телефонды жақсы меңгеретіндердің «қанжығасына» өзі-ақ байлап бере салатындар бізде жетерлік. Бәзбіреулер бұндай жағдайда  іштен тынып, «алдырғанын» ешкім білмесе екен, «надандығына» күлмесе екен деп жабулы қазанды жабулы күйінде қалдыруға тырысады. Бірақ қолды болғаны, жасырғаны, түптің - түбінде бәрібір әшкере болып жатады. Бұндай оқиғалар адамды материалдық жағынан ойсыратып қана қоймай моральдық тұрғыдан да үлкен кризиске әкеліп соғады. Ал екінші топ - «Жоқ жерден алдандым, кім болса да алғанын қайтарсын!» деп жер сабалап барлық инстанцияларды жағалап, шашын жұлып, өкіріп-бақырып, қалайда ақшасын қайтарудың амалын істеп бағады. Амал нешік, көп жағдайда оған тіпті құқық қорғау қызметкерлері де көмектесе алмайды. Себебі алаяқ интернет пен мобильді телефон функциясын  жақсы меңгеріп қана қоймай, небір талай із кесушіні де шаңына жуытпайтындай әккі болады. Әрі алаяқтар біреу емес бірнеше адам  топтаса отырып, жұмыстану арқасында ізін жасыруға әбден машықтанады. Оның үстіне өрмекшінің торындай торланған жүйенің ең соңғы нүктесі бізде емес, құқық қорғау органдарының қолы жетпейтіндей, тіпті алыс-жақын шетелде болып шығады.

8

Фотосурет: turkystan.kz

Бұл тұрғыда Шыңғырлау аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Арман Есқалиевтың айтары көп, БАҚ беттерінде де, халықпен кездесу кезінде де тұрғындарымыздың мейлінше сақ болуын ескертіп келеміз дейді ол. Өткен жылы  осындай интернет алаяқтықпен Қазақстан бойынша көптеген фактілер тіркеліп, 166 қылмыстық іс қаралған. Тексеру-тергеу нәтижесінде белгілі болғандай, барлығында да тұрғындардың ақ адал тапқан-таянғандарын интернет-алаяқтар қолды қылып, тұрғындарымыздың қаражаты шет елдің банкілеріндегі есеп шоттарға түсіп отырғаны анықталған. Нақтырақ айтсақ, еліміздің қаражаты ресейлік банктерге, Украинаға, Турцияға және Коста-Рика қаласындағы есепшоттарға бір емес бірнеше рет аударылған. Қылмыс жасар сәттердегі телефон байланыстарын тексеру кезінде олардың Алматы қаласынан - 130, Шымкенттен - 37, Нұр-Сұлтан қаласынан - 30, Қарағандыдан - 25, Қостанайдан - 23, ШҚО-дан - 18, Павлодардан - 15, БҚО-дан - 12, Қызылорда, Тараз, Ақтөбе қалаларынан - 10, Атыраудан - 8, Ақтаудан - 7, Ресейден - 21 рет телефон  шалынған, - дейді. Ал қалғандары  бойынша 286 телефон нөмірі тіптен анықталмаған. Себебі олар «Ватсап», «Телеграмм», «Инстаграм» мессенджерлері арқылы байланысқа шығып отырған. Мұндай жағдайда олардың тұрғылықты жерін анықтау мүлдем мүмкін емес. Ал қылмыстық іс қозғалған 117 іс бойынша алаяқтардың БҚО тұрғындарының да қаражаттарын басқа қалаларда отырып, шешіп алғандары ғана белгілі болған. Атап айтсақ, Алматыдан, Шымкенттен,  Нұр-Сұлтанда, Ақтауда,  Қарағандыда, Қостанайда, Атырауда, Алматы облысында, Қызылордада, Павлодарда, Түркістан, Тараз, Ақтөбе қалаларында отырып-ақ алаяқтар біздің облыс тұрғындарының ақшаларын қолды қылған.

Шыңғырлаулықтарға қатысты тағы бір мысалды айта өтсек. Биылғы жылдың 19 ақпан күні шыңғырлаулық И. атты әйел адамға «псевдабанк қызметкері» қоңырау шалып, есепшотындағы қаражатының қауіпсіздігі үшін оны саттыққа шақырады. Сондай-ақ телефондағы өзі айтқан қосымшасын қостырып, қаражатты сонда тез арада аударуын сұрайды. Сөйтіп қауіпсіз болатындығын ескертеді. Аңғал тұрғын көп күттірмей жиған-терген 1 млн. 200 мың теңгесін аудара салады. Енді қараса, ақша да жоқ, ондай банк қызметкері деген атымен-затымен жоқ болып шығады.

Қылмыстық әрекеттерін іске асырған соң, түпсіз терең суға батқандай жоғалып кететін, қолға ұстатпайтын ауадай «жылпос» алаяқтардың дені адам психологиясын да өз пайдасына пайдалануы таңданарлық емес. Оған қоса дауыс интонациясы, сөйлеу мәнері, банк немесе құқық органы қызметкерлері сияқты кейбір мәліметтерді «клиентіне» хабарлау, нақтылау секілді сәттерді кәнігі актерларша орындап отырады. Бұл жағдайда тіпті, үй шаруасындағы қоңыр тірлікпен жүрген адам ғана емес, құқықтық сауаттылығы жоғары жандар да «тұзаққа түсіп», «қапы қалып», «сан соғып жатады». Бопсалау үшін нысанаға сол адамның ең жақынын, бауырын, баласын, тіпті ата-анасын алуы мүмкін. Осындай оқиғаның бірі біздің аудан көлемінде өткен жылы да орын алған. Алаяқтың құрбаны болған тағы бір жерлесіміз, кәдімгі көпшілікке таныс, көзі ашық,  құқықтық білімі де бар  К. есімді азамат. Оған түн ішінде қоңырау түсіп, телефонның арғы жағынан өзін полиция қызметкерімін деп таныстырады. Аты-жөнімен лауазымын айтып қана қоймай  баласының қылмысты болғанын, жедел түрде ішкі істер бөліміне әкелінгенін, айыптау ісіне тіркелетін қылмыстық істің  бабын, сотталған жағдайда қанша мерзімге қамалатынын айтады. Және егер қажет болса көмектесетінін, тек тез арада қомақты ақша беру керектігін ескертеді. Түн ортасында шалынған қоңырау, әрине жайдан-жай болмайды. Әрі мәселе бауыр еті - баласына қатысты болғанда, кім ойланып отырсын. Өкінішке орай, сол кезде баласы  интернет ұстамайтын шет ауылда болған. Баласының  интернет аумағынан тысқары болуы, алаяқтың телефон шалған уақытқа тұспа-тұс келеді. Бұның өзі телефон шалған адамның сөзіне К.-ның сенуіне мәжбүрлейді. Ойлануға уақыт та бермейді. Демек хабарласқан адам бәрін алдын ала жоспарлаған және әке мен баланың уақытша байланыссыз қалуын өз қажетіне жаратып үлгерген. Сұраған ақша сомасының да тез табылатынына сенімді болғандығы байқалады. Бала дегенде жан бар ма, өз баласының қылмысқа бармайтындығына 100 пайыз сенімді әке, әйтсе де соңғы сәтте ой елегінен өткізуге, немесе қалайда баласынан сұрап, бәрін анықтауға шамасы да уақыты да жетпей қалады. Сондай психологиялық дағдарыста қимылға көшкен әккі тез арада  терефонға тіркелген есепшот нөмірін айтып, ақшаны аудартып, қалаған сомасын алып кете барады. Ақша аударып болған әке есін жия алмай үйінде отырса, есіктен дымнан хабарсыз баласы кіріп келе жатады.

Тағы бір мысал келтіре кетсек. Мектепте сабақ беруші Г. атты ұстаз бір күндері айналасындағылардың өзіне бір мүсіркеушілік сезіммен қарайтындарын байқап, түсінбей, ынғайсыздана бастайды. Бірақ ешкімнен ештеңе сұрай алмай, біршама уақыт өтеді. Бір күні шыдамы таусылып, бір әріптесінен не болғанын сұрап, нәтижесінде «АҺ!» ұрады. Сөйтсе, оның атынан екі ай шамасында фейсбук парақшасы ашылып, мұғалім көптеген таныстарымен мессенджер арқылы «сөйлесіп, сыр бөлісіп» келіпті. Сөйлескені ештеме емес. Үй-ішінің қиын жағдайын айтып, бәрінен қарызға ақша сұрап отырыпты. Және бір-екі құрбысынан бірнеше рет өзіне ақша аударуды өтінген және басқа бір есепшотқа ақша аудартқызған, онымен қоймай, бұл туралы жолдасының білмеуі керектігін ескертіп отырыпты-мыс.

Тағы бір мысал: автокөлік сатып алушылардың арасында соңғы кезде жиі-жиі болып тұрған. А. есімді азамат өткен жылы жеңіл көліктер қымбаттайды дегенді естіп, ескі көлігін сатып, оған бар жиған-тергенін қосып, жаңалау көлік алмақ болады. Сөйтіп астына мінуге ыңғайлы, іші де жайлы, көп жүрілмеген машина болса деп армандайды. Су жаңа көлікке қаражаты жетпейді, ал ауыл арасындағы сатылымға шыққан көліктерді менсінбейді. Сол үшін мына тұрған Ақтөбе және Орал қаласынан қарап, сатып алмақ болады. Әйтсе де шаруасы бастан асып, амалсыздан қажет көлігін хабарландыру арқылы іздейді. Ойындағы көлікті де интернет арқылы көріп, оның иесімен сөйлесіп келіседі. Екі күннен кейін Ақтөбе қаласынан барып алмаққа ниеттенеді. Айналасындағыларға қазіргі заманның жетістігін мақтап, уақытын, әрі қаражатының да үнемделетінін айтып, интернетке риза болады. Сол күні аяқ астынан әлгі телефон арқылы келіскен көлік иесі хабарласып, тез арада келмесеңіз көлікті алушылар келіп тұр деп мазалайды. Бұл да болмайды. «Келісіп қойдық, алам деген соң аламын, күтіңіз, мен келемін» -деп. Телефон трубкасындағы адамның күткені де сол еді, онда менің телефон нөмірімдегі есепшотқа 200 мың лақтырсаңыз ғана көлікті ұстап тұрамын демесі бар ма. Жұмыста отырған адам, көп ойлануға мұршасы болмай, 10 минуттан соң айтқан ақшасын аударып жібереді. Аузында «Алласы» бар жігіт екен, мені алдай қоймас деп сенеді. Сөйтіп таң да атады, жұмыстан сұранып, ақшасын сайлап Ақтөбеге жиналады. Шықпас бұрын көлік иесіне звондаса, сөніп тұр. Әлі ерте ғой, ұйықтап жатқан шығар деп қайта звондайды. 5-ші рет  қоңырау шалғанда, іші бірдеңені сезгендей болады. Өкінішке орай, арғы жақтан, «Такой номер не существует» демесі бар ма?! Ары қарай түсінікті ғой, ақша да жоқ, алынған машинада жоқ, алаяқтар салған фотосуреттер де ізінше жоғалады.

Тағы бір мысал, аралас-құралас қыз-келіншектер, үй шаруасында отырған әйелдер арасында  интернет алаяқтардың «жемтігі» болғандары бар. Интернет арқылы табыс тапқысы келгендер үшін желідегі қандай да болмасын барлық хабарландырулар көзден таса қалмайтыны белгілі. Сондайда «Мәтін теруші, копирайтер» қызметін ұсынушы компанияның атын жамылғандар оларды да алдап соққандығын айтады. Белгілі бір схема жасап алған алаяқтар оны да іске асырады. Хабарландыру бойынша оларға әрбір хабарласқан адамды сол сәтте парақшаға тіркеген болады. Парақша арқылы сайтқа тіркелу үшін, жұмыс алу үшін 2000 мың қаражат төлеу міндеттелінеді. Төлем жасалған соң, әп-сәтте парақша да, сайтта кері байланыс түгілі, «доступ» болмай шығады. Ал «жұмыс беруші» атын жамылғандар тағы сондай жүздеген адамның әрқайсысынан 2000 теңгеден ақша сыпырып шығады.

Жоғарыда айтылған жағдайларды айтқан, жазған себебіміз де мақсатымыз да біреу. Ол –«Аңқау елге» қашанда «арамза молда» табыларын ескеріп жүрейік. Онсызда барлы-жоқты қаражатты алаяқтарға санап бермейік. Абай атамыз айтқандай, «Абайлап жүріп анық басайық».

 А.Арыстанова

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале