Аңқаты ауылдық округінің жұртшылығы ауылдың болашағына күмәнмен қарайтынын есептік кездесуде аңғардық. Ауыл әкімі есебін берсе де, жұмысына наразы халық бірден ашу мен ызаға ерік берді.

Айта кету керек, Қазақстанды әбігерге салған су тасқыны аталмыш ауылды да айналып өтпеді. Аңқаты һәм Сатымшеген ауылдарындағы 48 тұрғынның баспанасын су шайып өтті. Аңқатыда 24 үй тұруға жарамсыз болып, 23 үйдің құрылыс жүргізілді. Бір тұрғынға өзінің өтініші негізінде қаражат бөлініп, баспана әперілді. Тұрғын үй құрылыстарын «Алаш» пен «Иском» ЖШС-тері жүргізген еді. Бірақ жүздесуге жиналған халайық жаңа үйлердің сапасына ашынды. Сонымен қатар үй маңында жол жабыны жоқтығын жеткізіп, жаңбыр жауса, ми батпаққа айналатын айтты.
Ауыл тұрғыны Б. Нұрғалиев ауылішілік жолдарды және жаңадан салынған үйлердің көшесін толықтай күрделі жөндеуден өткізсе деген арман-тілегін білдірді.
Аудан басшысы әртүрлі көлемде шешімін табатын мәселелерді назарға алып, Ұзынкөл ауылына аялдады. Ауыл әкімі Жалғас Ерсайыновтың халықты ортақ ұғымға ұйыстырғаны байқалды.

Әуелі өз баяндамасын жеткізіп, алдағы жоспарларға тоқталды. Зейнеткер, ауыл тұрғыны Арыстанғали Ищанов әкімі жұмысына жоғары баға берді. Қандай да бір іс бастамас бұрын, елмен ақылдасып, пікірлеріне жүгінетін ауылдың басшысы халықтың көңілінен орын алған. Арыстанғали Закарияұлы:
– Ауылда анау айтарлықтай мәселе жоқ. Ең бастысы бірлігіміз – бекем, тірлігіміз – жайлы. Тек азық-түлік бағасының қымбаттап, қымбатшылық қанап тұрғаны бар. Ол енді жалпы еліміздегі түйткіл екені белгілі. Ал Ұзынкөлдің өзге тірліктері оңалып келеді, - деді ел алдында.
Ақтілек Әлібекұлы
Теректі ауданы