16.07.2021, 20:13
Оқылды: 42

Әр аманат - партия бақылауында

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен 25 шілдеде тұңғыш рет аудандық маңызы бар қалалардың, аудандар мен ауылдық округтердің әкімдерінің сайлауы өтеді. Ағымдағы айда жоспарланған сайлауға саяси партиялар тікелей қатысып, өз үміткерлерін ұсына алады.

Бәйтерек ауданында жүргізіліп жатқан сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының бағытын білу мақсатында «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бибігүл Ахметжановамен кездесіп, сұхбаттасқан болатынбыз.
952BE1C3-1154-4DFE-9716-E1D3FA688137

-Бибигүл Меңдіғалиқызы, тұңғыш өткелі отырған аудандық маңызы бар сайлау ауданымыздың қай ауылдық округтерінде жоспарланған және үміткерлер анықталды ма?

 -Бәйтерек ауданында "Nur Otan" партиясы филиалының кезектен тыс XXXI сессиясы өткізілген болатын. Конференция қаулысына сай аудандық "Nur Otan" партиясының ұсынуымен өкілетті мерзімдерінің аяқталуына байланысты сайлауға түсетін 3 үміткер расталды. Олар: Январцев ауылдық округі бойынша, партия мүшесі Жумагалиев Аблай Еспайұлы,  Зеленый ауылдық округі бойынша, партия  мүшесі Давлетов Изгалий Сапарғалиұлы, Чиров ауылдық округі бойынша Штык Николай Петрович. Бүгінде аталған үміткерлер аймақтық сайлау комитетінде тіркелген және өздерінің сайлау алды бағдарламаларын жасақтап, ауылдастарының назарына ұсынып, үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті.

 -Партия тарапынан кандидаттарға қандай қолдау көрсетіледі?

 -Партия өз кандидаттарын ұсына отырып, ел Президенті айтып өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында халықпен өзара қарым-қатынастың жаңа мәдениетін қалыптастыра отырып, заманауи тәсілдерді ендіруде. Бұл үшін біз өз кандидаттарымызды жаңа жағдайда, адамдармен тікелей қоян-қолтық жұмыс істеуге бағыттай отырып, тиімді кері байланыс орнатуға оқытамыз. Жергілікті  кандидаттармен штаб мүшелері Саяси менеджмент мектебінің базасында семинардан өтіп, қажетті ұйымдық, әдістемелік және басқа да қолдаулармен қамтамасыз етілуде.

 -Сайлауалды бағдарламаның орындалуы қандай дәрежеде өтіп жатыр?

 -Бәйтерек ауданы бойынша сайлауалды міндеттемелерді орындау аясында «Nur Otan» партиясының аудандық сайлауалды бағдарламасына жүйелі мониторинг ұйымдастырылған. Ол үшін ауданда 9 қоғамдық кеңес құрылды. Арнайы құрылған қоғамдық кеңес аясында 21 отырыс өткізіліп, 42-ден  астам мәселе қаралып үлгерді. Жалпы, биыл бірінші жартыжылдықта сайлауалды бағдарламаға жүргізілген талдау 138 іс-шараның 15- і (11%) орындалғаны, 74-і (54%) орындалу сатысында тұрғанын, 49-ы (35%) орындалу мерзімі бірнеше жылды талап ететін шаралар екені анықталған.

-Сайлауалды бағдарламада қандай бағыттарға ерекше назар аударылған?

-Атап айтқанда, орындалған іс-шаралар шеңберінде қабілетті және импортты алмастыратын өнім шығаратын жаңа өндірістерді ашуға баса назар аударылып келеді. Мысалы, ірі қара санын 41 мың бастан 45 мың басқа дейін ұлғайту есебінен мал шаруашылығын дамыту шарасы бойынша жұмыстар жүйелі жүргізіліп, 2021 жылдың 1 жарты жылдығындағы жағдай бойынша ІҚМ басы 45834 басты құрап отыр.

 -Сайлауалды бағдарламаларды жүзеге асырумен қатар, халықтың аманатын орындауға бағытталған қандай жұмыс атқарылып келеді?

 -Шалғай ауылдық округі халқының басты аманаты ауылдың 7 тоғанын жаңарту болған болатын. Бүгінгі таңда Шалғай ауылының «Карповский», «Нижний», «Верхний», «Чамчиан», «Таловка», «Фрегат», «Белоглинка» тоғандары демеушілердің қолдауымен жаңартылды.

Жайылымдарды, шабындықтар мен көпжылдық екпелерді цифрландыру жөніндегі жұмысты аяқтау, мал шаруашылығында смарт-фермалар, өсімдік шаруашылығында цифрлық шаруашылық құру, цифрландыру элементтерін қолдана отырып, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын сатып алу мәселесі де өз шешімін табуда.  

 -Бәйтеректіктерді қазіргі таңда қандай мәселелер алаңдатып отыр және мәселе шешімін тауып жатыр ма?

 -Аудан тұрғындарының аманаттарының басым бөлігін қарастыратын болсақ, тұрғындарды жол мәселесі көптеп алаңдататынын байқауға болады. Аталған бағытта Переметный-Вечный көлік жолының 24 шақырым жері бүгінгі таңда жөнделіп келеді. Трекин ауылының кіре беріс 2 шақырым жолын жөндеу үшін конкурс жарияланып, бүгінгі күні жеңімпаз нақтыланып, өз жұмысын бастағалы отыр. Январцев ауылдық округінің Кирсанов елді мекенінің 2,6 шақырым жерін жөндеу жұмысы да басталу үстінде. Раздольный ауылының 10,3 шақырым жолын жөндеу бойынша құжаттар дайындалуда.

Сондай-ақ, таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де назарда. Бүгінгі таңда Бәйтерек ауданының 68 ауылдық елді мекенінің, 46,7 мың халқы бар 32 ауылы (47,1%) орталықтандырылған сумен қамтылған. Біз 2025 жылға қарай ауданның барлық ауылдарын сумен қамтамасыз ету мәселелерін шешуді мақсат етіп қойдық.

Сайлауалды бағдарламада көрсетілген Мичурин ауылдық округінің Асан елді мекенінің және Октябрьская елді мекенінің тұрғындарының аманаты су құбырын жүргізу болды. Аталған мәселе де оң шешімін тауып, орындалды.

 -Сайлауалды бағдарламада білім саласы мен жастар саясатын дамыту бағытында жүргізілген іс-шаралар бар ма?

 -Әрине. 2020 жыл бәріміз үшін үлкен сынақтардың жылы болды. Коронавирустық пандемия біздің өмірімізді, басымдықтарды өзгертіп, көптеген сұрақтарға басқаша қарауға мәжбүр етіп, басты құндылық адамның өмірі мен денсаулығы екенін дәлелдеді. Осы ретте мекетеп оқушыларына да оңай болмай ауданның әлеуметтік осал отбасыларының балаларына қашықтықтан оқу үшін компютерлік техникалармен жабдықтау мәселесі басты назарға алынды. Бүгінгі күні әлеуметтік осал отбасылардың балалары компьютерлік техникалармен 100% жабдықталды. Мектептерде құрделі жөндеу жасау мәселесі де көтеріліп келеді, осы ретте Достық ЖОББ мектебінің ЖСҚ-ы, жасақталуда, Жамбыл ЖОББ мектебін жөндеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сонымен қатар, жастар мәселесі де назардан тыс қалмады. Бәйтерек ауданында 11 мыңнан астам жас тұрады. «Nur Otan» партиясы мен аудандық жастар ресурстық орталығы жастарға жан-жақты қолдауды күшейтеді. 2025 жылға қарай біздің міндетіміз - мемлекеттік органдармен бірлесіп, жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету, ауылдық жерлердегі жастарды тарту және ұстап қалу, олардың шығармашылық өзін-өзі жүзеге асыруы және олардың әлеуетін дамыту үшін жағдайлар жасау. Осы ретте ауданда 5 волонтерлік клубтар құрылып жұмыстануда.

-«Nur Otan» партиясы атынан ауылдық округ әкімдерінің сайлауына қатысатын үміткерлер мен дауыс берушілерге тілегіңіз.

 -Елбасының партияны жүйелі қайта жандандыру бағдарламасы аясында аймақтық өкілді партия органдарының мүшелері 40%-ке жаңарды. Жаңа стандарттар мен қоғам сұранысы ескеріле отырып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес одан әрі күшейтілуде. Жарғы мен Этика кодексіне сәйкес партия қатарын «тазарту» жалғастырылуда.

Партия төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев атап өткендей, "нұротандықтардың" басты қағидаттары – жауапкершілік, командалық рух, партия идеалдары мен құндылықтарына беріктік. Бүгінгі бүкіләлемдік эпидемиологиялық ахуал жағдайында «Nur Otan»-ның оларды еңсеру бойынша нақты бағдарламалары мен құралдары, партияластары мен қоғам белсенділері, саяси ерік-жігері мен шешімтал іс-қимылы бар. Баршаңызды өңіріміздің одан әрі дамуы үшін алда келе жатқан сайлауға белсенді қатысып, лайықты үміткерге дауыс берулеріңізді сұраймын.

Сұхбаттасқан

Аружан Болатбек,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале