Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев үстіміздегі жылдың 1 қыркүйегіндегі Жолдауында биыл елімізде кезектен тыс сайлау өткізуді ұсынған болатын. "Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын", - деді Президент Қазақстан халқына Жолдауында.
Фото: egemen.kz
Осыған орай, «Кезектен тыс Президент сайлауы қалай өтеді және Шыңғырлау аудандық сайлау учаскелерінің дайындығы қалай?» деген сауалдарға жауап алу мақсатында аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиевпен сұхбаттастық.
- Ең алдымен «Кезектен тыс Президент сайлауы қалай өтеді?» деген сауалға келсек, бұл сайлаудың да алдыңғы сайлаулардан көп өзгерісі жоқ. Барлығы Қазақстан Республикасының "Сайлау туралы" Конституциялық заң аясында жүзеге асатын болады. Белгіленген тәртіп бойынша Президенттікке үміткерлер тіркеліп, тиісті үгіт-насихат жұмыстары жүргізіледі.
Аудандық деңгейде де сайлауға дайындық жұмыстары басталып кетті. Яғни, учаскелердің шекаралары бекітіліп, сайлау комиссиясының құрамы жасақталды. Атап айтқанда, аудан бойынша 19 сайлау учаскесі бар, онда 101 учаскелік және 7 аумақтық сайлау комиссия мүшелері аудан көлемінде сайлау жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысады. Ендігі кезекте сайлаушылардың тізімдері қаралуда.
- Президенттiкке кім кандидат бола алады?
- Бүгінгі таңға дейін орталық сайлау комиссиясы арқылы Қазақстан Республикасының Президентіне 7 үміткер тіркелді.
Жалпы өздеріңіз білетіндей, Конституцияға сәйкес, Қазақстан Президенті болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын, 40 жасқа толған, мемлекеттік тілді еркін меңгерген, Қазақстанда соңғы 15 жыл бойы тұратын және жоғары білімі бар республика азаматы сайлана алады. Одан бөлек, "Сайлау туралы" Конституциялық заң бойынша, мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда кемінде 5 жылды құрайтын жұмыс тәжірибесі болуға, сондай-ақ белсендi сайлау құқығына ие болуға тиiс. Ел Президентін жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзімге сайлайды. Алайда жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев Президент мандатын 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынды. Яғни, қайта сайлануға тыйым салынады.Бұл үшін Ата заңға өзгеріс енгізілуге тиіс. Конституцияға өзгеріс енгізілген жағдайда болашақ Президент жеті жылға және бір мерзімге ғана сайланады.
- Қандай жағдайда Президент сайланды деп саналады?
- Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 50%-нан астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.Егер кандидаттардың бірде-бірі көрсетілген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екі кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледі.
- Сайлауалды үгіт-насихат қашан басталады?
- Үгіт-насихат жұмыстары 2022 жылдың 21 қазанында басталады. Қазақстан Республикасының Президентіне үміткерлердің сенімді өкілдері халықпен кездесіп, насихат жұмыстарын жүргізуге белгіленген арнайы орындар тізімін аудандық бұқаралық беттеріне жарияланады. Сонымен қатар, әр сайлау учаскелері жанында үгіт-насихат материалдарын орналастыру орындары бекітілді.
Жоғарыда айтқандай, сайлаушылардың тізімі жасақталып жатыр. Дегенмен Шыңғырлау ауданында 9 мыңға жуық сайлаушы бар. Осы орайда әр аудан тұрғынын үстіміздегі жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан Республикасының Президенті сайлауына бейжай қарамай, өзінің қалаған үміткеріне дауыс беруге шақырамын.
Себебі, әр дауыс ел болашағы үшін маңызды!
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz