15.10.2024, 10:45
Оқылды: 175

Арақ пен темекі. Қайсысы көбірек зиянды?

Саламатты өмір салтын сақтайық дегенді естіп жүргелі көп болды. Ал сол саламатты өмір салты деген не? Бұл ең алдымен денсаулықты сақтауға, күтуге, оны ары қарай нығайтуға бағытталған белсенді іс-әрекет делінеді. 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» атты Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласын дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, 2016-2020 жылдарға арналған «Денсаулық» бағдарламасы да болды. Ал 2020 жылдан бастап халыққа 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» атты денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасы қызмет етеді. Бәрінің мақсаты бір. Еліміздің орнықты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін халықтың денсаулығын нығайту.

Cold whiskey and cigar against ancient backgroundСурет: freepik 

Денсаулыққа көзқарас

Нақтырақ айтқанда, зиянды заттардан, зиянды іс-әрекеттерден өз-өзіңді тежеп, өз денсаулығыңа қамқор болу. Иә, ол үшін үлкен ерік-жігер, қажыр-қайрат қажет екені белгілі. Әйтсе де адам денсаулығының 50 пайызы осы салауатты өмір салтын қаншалықты сақтап жүруіне байланысты деген дерек бар. Ғалымдар ең бастысы адамның өз денсаулығына деген көзқарасын өзгерту деп есептейді екен. Көзқарас өзгермесе, жұртқа ілесіп диета ұстау, ананы жемеймін, мынаны жеймін, жұртпен бірге жүгіремін дегендер еш нәтиже бермейтін сыңайлы. Өйткені, мұның бәрі өз жүрек қалауы емес, теренд, хайп, болмаса модаға ілесу, еліктеу ғана. Өйткені аталғандардың бәрі заман ағымына сай уақытша нәрселер. Ал адам организміне шынайы қамқорлық керек. Мәселен, спиртті ішімдіктер ішу мен темекі шегудің адам денсаулығына зиян екендігі туралы айтылып та, жазылып та жүр. Одан ішімдік ішу мен темекі шегу азайған жоқ. Сонда да болса адам организміне зиянды заттармен күрес ешқашан тоқтамайтыны белгілі. Ал аталған екеуінің қайсысының көбірек зиянды екенін ешкім білмейді. Әйтеуір екеуі де зиянды. Ал зиянды әрекеттермен күресудің басты құралы ақпарат беру. 2020-2025 жылдарға арналған «Денсаулық» атты денсаулық сақтауды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасындағы «Қазақстанда темекі шегудің таралуы ерлер арасында 42,4% және әйелдер арасында 4,5% құрайды. Ал алкоголь тұтыну Қазақстандағы аурулардың жалпы ауыртпалығындағы негізгі қауіп факторларының бірі болып қалады. 1916 жылы ерлер өлімінің бауыр циррозынан болған 74 % жуығы және жарақаттанудан болған 34 % ішімдік ішумен байланысты болды, әйелдер үшін бұл көрсеткіштер тиісінше, 45 % және 31% құрады» деген жолдар көп нәрсені аңғартса керек.

Арақ пен темекі. Қайсысы көбірек зиянды?

Бөрлі ауданы әкімдігінде өткен бір жиында белгілі айтыс ақыны, бөрлілік тұрғын Жарқынбек Шынтаев «соңғы заң ережелері бойынша темекі деген зиянды зат болғандықтан, қазір дүкендерде оның бетін жауып қоятын болған. Жас балаларға жарнама жасағандай болмасын деген ойдан туындаған шығар бәлкім бұл әрекет. Құптаймын. Ал арақ-шараптың беті неге ашық тұр онда. Спиртті ішімдіктер неге сөрелерде самсап тұр. Олар неге ашық сатылып жатыр. Арақтың адам денсаулығына зияны темекіден аз ба сонда» деген ой айтқан еді. Және айтып қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысты осы пікірінің жоғары жаққа жеткізілуін сұраған болатын. Жоғары жаққа жеткен-жетпегенін білмеймін, өз басым осы тақырыпқа біраз ойланып, бұрын көп мән бере қоймаған жайттарға тереңдеп көрдім. Қайсысының көбірек зиянды екенін білмесек те, темекімен күрес барынша жүріп жатыр деуге болады екен.

Темекінің түтіні

Темекі шеккен адамның өз денсаулығын ғана құртпай, қасындағы адамға да әсері ескеріліп темекі шегетін арнайы орындар белгіленген. Темекі қораптарындарының сыртында оның денсаулыққа аса зиянды екені туралы «Қазақстан республикасы денсаулық сақтау министрлігі ескертеді» деп басталатын қорқынышты суреттер де бар. Ескертуін ескертіп жатыр ау. Бірақ...

Темекі түтініндегі зиянды заттар рак ісігін асқындырады, соның ішінде бензопирен деген ерекше зиянды болып табылады екен. Шылым шегетіндер шылым шекпейтіндерге қарағанда жиі ауыратыны, әсіресе өкпенің созылмалы қабыну, туберкулез, тыныс демікпесі ауруларына жиі ұшырайтыны бұрыннан мәлім.Темекіні бір ғалымдар «мәдени улар» деп атаса, енді бір ғалымдар темекі заңды түрде қолдануға болатын есірткі түрі деп баға берген.

Арақ ас па еді?

«Арақ атаңнан қалған ас емес» деп қанша ұрандағанымызбен, бүгінде біздің қоғамымызға әбден сіңісті боп кеткен сыңайлы. Оны көбірек тұтынатындар арақтың адамға пайдалы екенін, әсіресе керемет антисептик екенін дәлелдеп бағады. Олай дейтіндер, кез келген өнім сияқты арақтың да пайдалану модерациясы бар екенін ұмытып жатады. Негізінде, алкоголь да биологиялық у болып саналады. Ол барлық организмді зақымдайтыны белгілі. Арақ организмге бірден сіңіп, қанға өтетіндіктен, ағзаның түрлі жұқпалы ауруларға қарсы тұру қабілетін жойып жібереді. Сондықтан да арақ ішетін адам аурушаң болады екен. Арақтың мидың қызметін босаңсытып, бауырды зақымдайтыны белгілі. Денсаулықтан бөлек, арақ ішкен кісінің жүрген ортасына қауіп төндіретіні де қазір қоғамды қатты алаңдатып отыр. Күнделікті тұрмыста болатын жарақат алушылардың 20 пайызы осы арақ ішкеннен болады екен. Оған енді «мас екен ғой» деп көбіне кешіріммен қарасақ, жол-көлік оқиғаларының 50-ы осы арақ ішкеннен болады деген де мәлімет бар. Ал жол-көлік апаты деген көбіне жарақат алу, кейде кісі өлімімен де аяқталып жатады. Адам өлген жерде қандай кешірім болуы мүмкін. Бір үй адамынан мәңгіге айырылса, бір үйде соттасу, кикілжің басталады. Отбасынан береке қашты дей беріңіз.

Айтқым келгені:

Иә, мемлекетіміз әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы медициналық көмекті жақсартуға, сол арқылы халықтың денсаулығын нығайтуға күш салуда. Сонымен бірге осы жерде әркімнің денсаулығы, ең бірінші кезекте өзіне ғана керек екенін еске сала кетсек. Негізгі ойым саламатты өмір салтын ұстанайық деу еді.

                                                                                Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале