Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Аралтөбе ауылдық округіндегі ауылдық округ әкімдерінің халықпен кездесу жиынына қатысты.
Жиында ауыл әкімі Әділхан Мұхитов атқарылған жұмысқа қысқаша тоқталып, тұрғындармен кездесуді еркін сұрақ-жауап форматында өткізді.
Әділхан Рахымжанұлының сөзіне сүйенсек, ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы саласы бойынша 4 672 бас ірі қара, 1 768 бас жылқы, ұсақ мал 8 885 басты құраса, округте 32 шаруа қожалығы мен бір ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жұмысын дөңгелетіп отыр.
Елді мекендерді абаттандыру бағытында ауыз су мәселесі бойынша Аралтөбе ауылында ауыз су мәселесі толық шешілген.
Қызылағаш ауылы тұрғындарын таза ауыз сумен қамту мақсатында биыл «Қуатты өңірлер - ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 348,2 млн теңге қарастырылып, аталған жоба барысында жоспарға сай жұмыс атқарылып жатыр.
Жиынға жиналған халық тарапынан егін егу, заңсыз берілген жер мәселесі, күрес сыныбының жұмысын жандандыру, бапкер алу мәселелері көтерілді.
Ауыл үлкендерінен: «газ есептегіш құралды қалаға барып ауыстырмай, сатып алып қойсақ, қаладан арнайы мамандар келіп бірнеше үйдің газ есептегішін орнатып берсе», «ерекше күтімді қажет ететін балаларымызға аудандық, қалалық ауруханаға қатынау қиын, тым құрығанда округке жедел жәрдем көлігі берілсе екен» деген ұсыныс, өтініштер түсті.
- Газ есептегішін ауыстырып беру мәселесі біздің құзіретімізде болмағандықтан, облыстағы тиісті мекемеге өтініш айтып көрейік. Ал жедел-жәрдем көлігімен барлық ауылды қамти алмасақ та, ауданымызға алдағы уақытта берілетін, жолы бір бағытта орналасқан Талдыбұлақ, Тасқұдық, Аралтөбе секілді ауылдарға жалпылама бір жедел жәрдем көлігін қарастыруды ойлап отырмыз, - деді аудан әкімі Жұмагелді Жолдыбайұлы.
Халықпен кездесу жиынынан кейін аудан әкімі мен бірқатар сала басшысы тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады.
Айжан Бауыржанқызы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz