Ұстаз ұғымы қашан да тұғыр биігінен түскен жоқ. Бүгінгі дамып алға қарай аптыққан заманның өзінде де оның құны төмендемек емес. Біздің ауданымызда білім саласына бар ғұмырын арнап, талантты шәкірттердің қанатын қақтыруға таудай еңбек сіңірген ұстаздар аз емес. Соның бірі Ақсай қаласы №3 ЖОББМ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстазы, педагог-шебер санатының иегері Балхия Меңдібаева. Ол саналы ғұмырын өзге ұлт өкілдерінің балаларына қазақ тілін меңгертуге арнаған. Қазіргі таңда зейнет жасына шықса да, осы салада талмай еңбек етіп жүр.
Бөрлі ауданындағы жас әріптестерге де үнемі жанашырлық жасап, білгенімен бөлісіп, ұстаздық саланың қыр-сырын үйретуде еш жалықпай қолдау жасап келеді. Осындай жан-жақты, жаны жомарт, мінезі жайдарлы, ұлағатты ұстаз Балхия Кибатуллақызымен шағын сұқбат жасадық.
- Құрметті Балхия Кибатуллақызы, алдымен туған жеріңіз, отбасыңыз туралы айтып өтсеңіз?
- Менің туған жерім қазіргі Сырым ауданы (Жымпиты) Правда совхозы. Мен дүниеге келген мезгіл – совхоздың даму шыңына шыққан кез. Мен орталықтан 2 шақырым жердегі ауылда дүниеге келдім. Ауылымның тап-таза түзу көшелері, көрші тұрған адамдар, ауыл сыртындағы ойын алаңдары бәрі-бәрі бұрынғы өзгермеген қалпында көз алдымда сақтаулы. Қанша уақыт, қанша заман өтсе де сол тәтті шақты, балғын балалықты есмімнен шығарған емеспін. Правда совхозының жалпы білім беретін орта мектебін 1980 жылы жақсы тәмамдадым.
- Ұстаз болу бала күнгі арманыңыз болды ма, әлде өмір жолы соған әкелді ме? Ұстаздық мамандықты неге таңдадыңыз?
- Мамандық таңдау жағына келгенде жаңсақтық жібермедім деп ойлаймын. Айтсам күлетін шығарсыз, бастауыш сыныпта мұғалімімнің «Болашақта кім боласың?» деген сұрағына еш ойланбастай «Фигуристка боламын» деп жауап бергем. Сол күйі тіпті конькимен сырғанауды да үйренбедім. Оған неге қызыққанымды өзім де түсінбеймін. Адамның мамандық таңдауына оны қоршаған жандардан алған тәлімі, айналаның ықпалы үлкен болатыны сөзсіз. Өйткені жастар негізінен көзі көріп жүрген нәрселерге қарай ұмтылады ғой. Менің әлгі фигуристка боламын деген арманым жоғары сыныпқа келгенде мұғалім болуға ауысты. Жастар өзіне кумирді көбіне алыстан іздемейді. Біреулер әкесі мен анасын, басқалар ағайын-туғанын көріп, солрға ұқсасам деп жатады. Өзінің сабақ берген ұстаздарына еліктейтіндер де аз болмайды. Мен солардың соңғысы болдым. Маған орыс тілі мұғалімі Храмова Клавдия Ивановна деген ұстаздың сабақтары қатты ұанайтын. Ол кісінің жалпы өзін-өзі ұстау, сөйлеу мәдениеті, сабырлылығы, өз пәніне деген көзқарасы мені қатты қызықтырды. Сондықтан мектепті аяқтаған соң бірден Орал қаласындағы А.С.Пушкин атындағы педагогикалық институттың филология факультетіне тарттым. Бірақ ол жылы жолым болмады. Содан оқуға түсе алмай ауылға қайттым. Бұрынғы кезде біздің қатарларымыз күресуге, дегеніне жетуғе келгенде ештеңеден тайсалмайтын. Ауылға қайтып келіп, бидай жинакға қатыстым, сиыр сауатын гуртте, құрылыс ұйымында, асханада жұмыс жасадым. Қол қусырып қарап жатпадым. Дегенмен ұстаз болу туралы арманымнан бас тартқаным жоқ. Осылайша келесі жылы тағы да институтқа бардым, бар мүмкіндігімді салып, намысқа тырысып, өзімді қамшыладым. Сол табандылықтың арқасында студент атандым. Осы тұста негізгі пәндерден дәріс беріп, өз пәніне қызығушылық оятып қана қоймай, өмірлік қағидаларды бойыма сіңірткен ұстаздарыма мың алғыс.
- Ұстаздық етудің артықшылығы мен кемшілігі қандай? Ұстаздық – үнемі ізденісті, көп уақытты талап етеді. Оны қасыңыздағы жарыңыз түсіне алды ма?
- Еңбек жолымның әр түрлі кезеңдерінде кездескен оқушылар да әр түрлі ғой. Алға қойған мақсаттары, талпыныстары, өмірлік ұстанымдары дегендей. Бірақ бәрін де біріктіретін ұқсастықтары да жеткілікті. Ол – білімге деген құштарлық. Ал ұстаз – ол әрқашан ұстаз болып қала береді. Оның негізгі мақсаты да өзгермейді деп ойлаймын. Бұл – сапалы білім беру, балалардың бойындағы ерекше қасиеттерін дамыту, оған өмірінде пайдаға асатын құндылықтарды барынша ұғындыру. Менің ойымша әрбір шәкірт дарынды болады.
Өмірлік серігімнің негізгі мамандығы – физика пәнінің мұғалім. Менің жұмысымның маңыздылығы ол үшін жаңалық емес. Бірақ 90-жылдардағы қиын-қыстау кезеңдерде ол газ-мұнай саласындағы жұмысқа ауысып кеткен еді. Оның негізгі мамандығы ұстаздық болғаннан ба, мен әрқашан оның қолдауын сезіндім. Менің көтерілген шыңдарым, қол жеткізген жетістіктерім – барлығы да сол қолдаудың арқасында. Өйткені Сізге қасыңыздағы жарыңыз сенім артпаса, қолдау жасамаса, бекер тыраштанғаннан ештеңе шықпайды. Өйткені биік шыңдарды өзара қолдаудың арқасында ғана бағындыруға болады. Ал менің ол жағынан жолым болды деп айта аламын.
- Қазір Ақсай қаласы №3 ЖОББМ-де қызметтесіз. Бұл мектеп қаладағы алғашқы қазақ сыныбы ашылған мектептердің бірі. Сол туралы естеліктермен бөліссеңіз?
- Шынына келсек, алғашқы қазақ сыныптарында мен сабақ берген жоқпын. Дегенмен, тұңғыш қазақ мектебінің бірінші қарлығаштарының қанат қағуларының куәгері болдым. Қызықты кезең болды. Мұғалімдердің, оқулықтардың, көрнекіліктердің жетіспеуі біздің ұстаздардың тауын қайтармады-ау. Өйткені алғашқы қазақ сыныбының ұстаздары деген үлкен жүк тұрған еді. Осылайша шағынауданда орналасқан үлкен мектептің жанынан қазақ сыныбы, өз жұмысын бастап, әріптестеріміз жемісті еңбек етті. Ол кез үшін ол үлкен жетістік болатын. Біз сол бір тарихи кезеңдердің куәсі болған едік.
Еңбек жолымның 39-жылын Ақсай қаласының №3 жалпы білім беретін мектебі қабырғасында өткізіп, осы мектептен зейнеткерлікке жеттім. Бұл мектептің менің өмірімдегі орны бөлек.1988 жылы мектеп есігін алғашқы ашқанда мен де табалдырығын бірінші болып аттағандардың қатарында болдым. Осы мектепте кәсіби өстім, үйрендім, шыңдалдым. Ұлы ұстаз атағына лайықты әріптестеріммен бірге жұмыстандым.
- Алдымызда үлкен Наурыз мерекесі келе жатыр. Мерекеге орай елге тілегіңізді білдірсеңіз?
- Баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл – жаңару мен жақсылықтың, бірлік пен берекенің мейрамы. Ұлттың ұлы құндылықтарын дәріптейтін, көктемнің шуағын ала келген әз-Наурыз әр шаңыраққа шаттық пен молшылық әкелсін!
Ұстаз ретінде шәкірттерімізге білім мен тәрбие беруде бар күш-жігерімізді сарп еткен жылдарымыз – біз үшін ең үлкен бақыт. Сол еңбектің жемісі болып, еліміздің болашағы жарқын, жастары білімді, өнегелі болғай! Наурыз мейрамы құтты болсын!
- Қадірлі Балхия Кибатуллақызы біздің сұрақтарымызға жауап беріп, сұқбат жасағаныңыз үшін алғысымызды білдіреміз. Жарқын сәттеріңіз көп болғай!
Сұхбаттасқан Мейрамбек Сыдықов
Бөрлі ауданы