4.10.2021, 12:51
Оқылды: 67

Ардагер әкеге тақта орнатылды 

Шөптікөл ауылының тұрғыны Самат Есполов Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагері, Қаратөбе ауданының құрметті азаматы болған әкесі Жақия Есполов атындағы көшенің бастауы, бірінші үйдің шарбағына тақта орнатты.

2991A0ED-4F3F-4170-8748-C38F4283AC49

 Жақия Есполов бұрынғы Орал облысы, Қаратөбе ауданының Соналы ауылында дүниеге келген. Жас кезінен арабша оқып, Құран таныған. Соғысқа дейін Ресей елінің Подольск қаласындағы автомобиль заводында жұмыс жасап жүрген кезде 1941 жылы соғысқа алынып, атқыштар батальонында болған.

1945 жылы соғыстан елге келіп Молотов колхозында өгіз баққан. Орал қаласына өгіз және түйе арбамен астық тасыған. 1953 жылы МТС құрылғаннан кейін колхоз малына қолмен құдық қазған. 1955-1975  жылдар аралығында шопан болып, әр 100 саулықтан 100-156 қозы алған еңбекқор жан. 1966 жылы СССР Жоғары Советі Президумы бұйрығымен Ленин орденімен, 1967 жылы СССР халық шаруашылығындағы жетістігі үшін қола, күміс медалімен марапатталған. Бірнеше рет облыс, аудан чемпионы атағына ие болып, еңбектегі жетістігі үшін В.И.Лениннің 100 жылдық медалімен марапатталған.

«1941-1945» жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің» 30, 40, 50 жылдығы және «СССР қарулы күштерінің» 50, 60, 70 жылдығы медальдарымен марапатталған. 1985 жылы СССР Жоғарғы Советінің Президумы Жарлығымен ІІ дәрежелі Отан соғысы орденімен, 1996 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достығына қатысушы мемлекеттердің Басшылары кеңесінің 1995 жылғы 26 мамырдағы шешіміне сәйкес Кеңес Одағының Маршалы Г.К.Жуков медалімен, 2000 жылы Жеңістің 55 жылдығы құрметіне «1941-1945ж.ж. соғыс ардагері» және «Фронтовик» белгілерімен марапатталған.

Жақия ағай мен Зайыбы Жәния апай отбасында үш қыз, бір бала тәрбиелеп өсірді.

–  Алдағы уақытта әкемнің атындағы осы көшеге саябақ салып, ішіне ескерткіш орнатпақ ойым бар, – дейді Жақия ақсақалдың ұлы зейнеткер Самат Жақияұлы.  

                                     Ерболат Мырзағұлұлы,

Қаратөбе ауданы

zhaikpress.kz

 

                                       

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале