24.11.2023, 16:45
Оқылды: 41

Ардагер ұстаздардың кеңейтілген отырысында не айтылды?

Бүгін Жәнібек аудандық білім бөлімінде ардагер ұстаздардың кеңейтілген отырысы өтті. Аталған бөлімнің басшысы Асхат Молдағалиев кездесудің маңызын түсіндіріп, бағалы уақыттарын бөліп келген ардагерлерге алғысын білдірді. Әдістемелік кабинеттің меңгерушісі Аққу Нұрғалиева кеңес туралы кеңірек тарқатты.

405233519_886958096767199_7522667746312236197_n
- Білім саласының ыстығы мен суығына төзіп, қастерлі мамандықтың қасиетін сезіне білген ардагер ұстаздар қауымы! Аудандық ардагер ұстаздар кеңесінің ашылуы облыстық кеңестің ашылуымен тұспа-тұс келді. Төрағасы жерлесіміз Өтебай Құспанов болса, аудандық кеңестің төрағасы Қабаш Жүнісов болды. Күні бүгінге дейін кеңестің жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қазіргі таңда кеңес төрағасы – Дина Сапашева. Алғашында құрамда тек үш адам болды. Мақсатымыз ауқымды кеңейтіп, мүшелерін көбейтіп, жұмысты одан сайын қарқынды жүргізу керек, - деді Аққу Нұрғалиева.

404678805_886947450101597_1117618640262511936_n

Айтуынша, ардагер ұстаздарға қолдау, оларды марапаттау көңіл көншітпейді.

Бұрын марапатқа бір ғана ардагерді сұраса, соңғы жылда жиырмаға жуық саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған ұстаздарды елеп-ескеру қолға алынды. Ал биыл тағы да ереже өзгеріп, бөркімізді аспанға атып үлгермей қалдық. Мінездеме жазудан бөлек құрметтеуді баллмен есептейтін болған. Дегенмен кәсіподақ арқылы тізім беріліп, ардагерлерді ұлықтаудың амалы табылды. Кеңес төрағасы Дина Сапашева Ақжайық ауданына барған сапарын айтты. Арайлы Ақжайықтың ардагерлерге құрметіне ерекше тоқталып, ризашылығын білдірген ол ауданымызда осындай жиындарды жиі өткізіп, ұстаздарды дәріптей білген жөн деген ойын білдірді. Онымен қоса, ардагер ұстаздардың өмір дерегін жинақтап, энциклопедия шығару жөнінде келелі ұсыныстарды жеткізді.

Бұл ұсынысты қолдаған аудандық музей бөлімінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова:
-Әрине, бұл өте жақсы бастама. Аты елге жетпей жатса да, қыруар іс тындырған мамандығына адал ұлағатты ұстаздар қаншама. Оларды дәріптеуде энциклопедияның маңызы зор.

«Бүгінгі күн ертеңгі тарих» дейтін болсақ, тарихта қалуға лайық ардагер ұстаздарды ардақтау, елге таныту – парыз. Ұсынысты қолдаймын, әрі жүзеге асуына тырысамыз, - деді.

Әрмен қарай әдістемелік кабинетінің әдіскері Толқын Кисекова алдағы жылға арналған кеңестің жұмыс жоспарын баяндады. Біраз мақсатқа жетуге арналған жоспарда мін жоқ.

Қатысушылардың арасынан сөз алған жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталықтың директоры Мөлдір Әбдірешева ұстаздарға тілегін арнады.

Лебіздер мен кеңес жұмысы үйлесім тапқан жиын соңында Асхат Хамитұлы ҚР-ның оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың алғысхатын Ұзынкөл мектебінің мұғалімі Жаңылсын Чукинаға, Гүлзада Еркеғұловаға, Т. Жароков атындағы мектептің мұғалімі Нәзімғаным Нарыноваға, Ө. Сахипов атындағы мектептің мұғалімі Бибігүл Өтегеноваға табыстады.

Марапат иелерін құттықтаған Қабаш Жүнісұлы кеңесті батамен түйіндеді.

Әлібек Қаржау,
Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале