23.08.2021, 10:58
Оқылды: 157

Ардагерлер арасында спорттық жарыс өтті

21 тамыз күні Казталов ауданындағы «Айбын» спорт клубының ұйымдастыруымен спорт кешенінде зейнет жасындағы ардагерлер арасында спорттық жарыс өтті.

ш3

Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған ауданішілік іріктеу жарысында ардагерлер волейбол, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарында өзара бақ сынасты.

Жарысқа Казталов, Талдықұдық, Талдыапан, Бостандық, Тереңкөл, Жаңажол, Қараөзен, Қошанкөл, Қараоба ауылдық округтерінің еңбек ардагерлері қатысты.

ш4

Жарыстың ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мажитова спорт саласында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, ардагерлерге сәттілік тіледі.

- Биылғы жылдың ерекшелігі баршамызға мәлім. Ол ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы. Бүгінгі ардагерлер арасындағы спорттық жарыс – соның бір айғағы. Жалпы, спортты жанына серік ету адамның өзіне байланысты. Елімізде азаматтарымыздың қай спорт түрімен болсын, шұғылдануына барлық жағдай жасалған. Ауданда да бұқаралық және кәсіби спорттың дамуына ден қойылып келеді. Соның бір дәлелі Жалпақтал ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің салынуы. Сонымен қатар, келер жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланып отырған, аудан орталығындағы 320 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысын атап өтуімізге болады. Бұдан бөлек, ауданымызға қарасты 16 ауылдық округте шағын футбол алаңдары салынған болса, елді мекендерде футбол алаңын салу қолға алынып, бүгінгі таңда үш елді мекенде аталған алаңның құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осының барлығы мемлекеттің спортты дамытуға деген қолдауы деп түсінуіміз керек.

ш2

Бүгінгі еңбек ардагерлері арасындағы спорттық жарыс ардагерлердің бірін-бірімен етене қарым-қатынас орнатып, бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізері сөзсіз. Іріктеу жарысында өзінің спорттық шеберлігін көрсеткен ардагерлеріміз 24-25 тамыз аралығындағы облыстық ардагерлер арасындағы турнирге жолдама алып, ауданымыздың намысын қорғайды. Барлық спортшы ардагерлерімізге сәттілік серік болсын, - деді аудан әкімінің орынбасары.

Жарыс қорытындысы бойынша үздік ойын өрнегін көрсеткен ардагерлерге дипломдар мен медальдар табысталып, облыстық кезеңге жолдама алды. Спорттық дода санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды.

 

Асылбек Нәсіпқали,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале