5.07.2022, 19:56
Оқылды: 69

Ардагерлерге құрмет көрсетілді

Бөкей ордасы ауданы Сайқын ауылдық округінің әкімі Нұргүл Омарова, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Аслан Бижанов және «Нарын шуағы» әйелдер қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлжан Бисекенова еңбек ардагері, «Луч добра» этно-мәдени славяндық қоғамдық бірлестігінің мүшесі Людмила Березина мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған Иманбай Машотовты мерейлі жастарымен құттықтап, шаңырақтарына барды.

B9ED0EB2-890E-4C4C-8E31-47B8CD6D675A

Сексеннің сеңгіріне шығып отырған Людмила Березина көпбалалы ана, ұзақ жылдар М.Мәметова кеңшарында, теміржолда, поштада жұмысшы болған, зейнет алдындағы соңғы он бес жылда жанармай құю стансасында жұмыс жасаған. Бүгінде әжеміздің жолын келіні Әсел  жалғастырып отыр.

– Тоғыз айлығымда тағдырдың жазуымен осы жерге келіппін. Бүгінде осы Бөкей елінен топырақ бұйыртса деп отырмын. Жеті перзент сүйдім. Тағдырым тұрғылықты халықпен етене байланысты. Көршім де, құдам да қазақ. Отыз бесімде жұбайым қайтып, шеттей баламен жесір қалғанымда осы қазақтарға арқамды сүйедім. Тағдырыма ризамын. Қиындықты да бір кісідей көрдік. Тоқырауда жоқшылықтан құтқарған бау-бақша болды. Еңбекпен есейдік, етек жаптық. Қазір өткеніме шүкіршілік айтамын, бүгініме ризамын, – дейді Люда әжеміз.    

Жетпіс жас мерейтойын тойлап отырған Иманбай Машотов ағамыз да еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастаған. Шымкенттегі Ванновка гидромелиоративтік техникумын бітіріп кеп, «Қазсушар» РМК Бөкей ордасы учаскесінде механик боп жұмыс жасап, сол жерден зейнетке шыққан. Еңбектегі жауапкершілігі бағаланып, ағамыз аудандық мәслихаттың депутаты да болған. Зейнетке шыққаннан кейін де аудандық ардагерлер кеңесін басқарып, қоғамдық қызметтен шет қалмады. Туған күн иелеріне ақ тілектерін айтып, аудан әкімдігінің құттықтау хаты мен сый-сияпатын табыс етті.

Анар Артықбай,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале