Мемлекеттік қызметшілер күні қарсаңында аудандық мәдениет үйінде мемлекеттік саланың жас қызметкерлері аталған саланың ардагерлерімен кездесті. Салтанатты жиында сөз алған аудан әкімінің міндетін атқарушы Мұхтар Нұрмақов *ҚО* сала қызметкерлерін айтулы мерекелерімен құттықтады. Шақырылған ардагерлер қатарында Рахымжан Ерманов, Әділхан Куликешев, Бақтығали Макеев, Жұпар Имашева, Мұқанғали Ақтауов, Ольга Бовкун, Гүлмира Атаева, Багида Исагулова және Валентина Хабибуллина мен Шара Габдуловалар бар. Жиынға қатысқан жас мемлекеттік қызметшілердің еңбек өтілі - үш айдан бір жылға дейінгі уақыт аралығы.
- Мемлекеттік қызмет саласында жұмыс жасаған ардагерлер сіздермен әріптес болып, бірге жұмыс жасадық. Сіздерді көріп жатқанымызға өте қуаныштымыз. Сонымен қатар бүгінгі жиынға жас әріптестерімізде қатысып отыр. Кәсіби мерекелеріңізбен баршаңызды құттықтаймын. Жұмыс жасап жатқан әріптестеріміздің жұмыстарына табыс тілейміз. Бүгінгі кездесудің мақсаты мемлекеттік қызметте бірнеше жыл абыроймен қызмет атқарған аға-апаларымызды жастармен кездестіру. Арттарыңыздан ерген жас әріптестеріңізге ақылдарыңызды айтып, тәжірибелеріңізбен бөліссеңіздер, - деді аудан әкімінің м.а. Мұхтар Серікұлы.
Ардагерлер осындай кездесуді ұйымдастырып, зейнетке шыққан мемлекеттік қызметшілерді ұмытпай, кәсіби мереке қарсаңында құттықтап жатқан аудандық әкім аппаратына өз алғыстарын білдірді.
- Осы отырған мемлекеттің саланың ардагерлері қызметтік уақытында ауданымыздың дамуы үшін бітқатар жұмыс атқарған жандар. Бүгінгі күні заңды зейнеттік демалысындағы кісілер. Мен 1977 жылы әскерден өз міндетімді атқарып келіп, 1978 жылдың 2 қаңтар күні аудандық қаржы бөліміне инспектор болып қабылдандым. Содан 2021 жылға дейін осы салада қызмет атқарып, зейнетке шықтым. Жастарға еңбектеріңіздің сәтті болуын тілеймін,. Қай уақытта да қызметтеріңізге адал, жұмыстарыңызға тиянақты болыңыздар, - дейді Әділхан Әпиұлы.
Ардагерлер мен жастар өздерін таныстырып, атқарған қызметтері, жұмыс уақытындағы кездескен қиыншылықтарды еске түсіріп, әңгімелесті.
- Біздің кезімізде мемлекеттік қызметші деген болған жоқ. Мен 2013 жылы зейнетке шықтым. Соның алдында 5 жылдай Березовкада әкім болып қызмет атқардым. Сол уақытта ғана мемлекеттік қызмет дегенді естідім. Бұл қызмет жауапкершілігі өте жоғары жұмыс, - деп өзінің атқарған жұмыстарын еске түсірді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Рахымжан Бірманұлы.
Кездесу соңында ардагерлерге гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталып, естелік суретке түсті.
Айдана Абдрахманова
Бөрлі ауданы
zhaikpress.kz