Сырым ауданындағы А.Шайхиев атындағы балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіндегі футбол үйірмесінде 60 бала жаттығады. Бірақ, мектептің директоры Бауыржан Ихсанов үйірмеге тіркелмей, тізімнің «сыртында» жүргендерді есептесек, жаттығу уағындағы ойындарға кемі жүз шақты бала қатысады дейді. Міне, футболға деген махаббат!
Жас футболшылар бүгінде белгілі бапкер Руслан Чукуров пен әріптесі Бекзат Бекниязов тәлім алады. Ауылдың қарадомалақтарынан жасыл алаңның арыстандарын шығарамын деген Руслан бапкердің ойы ақталғандай. Осы уақытқа дейін Жымпитыдағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері халықаралық, республикалық турнирлерді айтпағанда, мектеп оқушылары арасында өткен Қазақстан чемпионатында кубок көтеруге сәл қалды. 2018 жылы Семейде өткен ел чемпионатынан күміс жүлде бұйырды. Үйірме түлектерінің арасында кәсіпқой клубтарда өнер көрсетіп жүргендері де жоқ емес.
Астаналық «АрланТРАНС» логистикалық компаниясының иесі Қайрат Қабдығалиевтің біздің футболшыларға жанкүйер болып келе жатқанына біраз болды. Спортшылардың жарыстарға қатысуына, ұйымдастыру жұмыстарына қаржылау қолдауын үзбейтін жомарт жан биыл да биігінен табылып, А. Шайхиев атындағы спорт мектебінің футбол үйірмесі үшін 12 дана былғары доп сыйлады және командаға арнайы форма тіктіріп берді. Жымпитылық футболшылар енді алаңға «АрланТРАНС» деген жазуы бар жейдемен шығады.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz