22.12.2020, 16:04
Оқылды: 177

Армандай асыл жан еді...

Адам өмірі мәнді ғұмырмен құнды. Қас-қағым мына дүрбелең дүниеде артына із қалдырған асыл жан, аяулы ана, керемет ұстаз болған Лиза Хамидоллақызы Аюпова жайлы қаншама естелік айтса да, орны ойсырап тұратыны неліктен екен?.. Бұл, сірә, кісілігі биік ұлы ұстаздың қайталанбас болмысынан шығар-ау. Әріптестері оны ұлы ұстаз ретінде жақсы білетін. Қимас құрбы ретінде сырласып, қадірлі әріптес болып сыйласатынбыз. Қандай жақсы адам еді?! Басымыз қосыла қалғанда марқұмның кәсіби біліктілігін, адами тазалығын қимастықпен еске алудан басқа шара жоқ...

Асыл жан еді1

Ұстаз едің, жүректерге гүл еккен,

Адалдықты көкіректерде түлеткен.

Сенің биік рухыңа бас иіп,

Еске аламыз сағынышты жүрекпен, - дегендей, міне, өз ортасында үлкен сүйіспеншілікке бөленген Лиза Аюпованың өмірден озғанына да биыл бес жылдың жүзі болыпты-ау?! Неткен тоқтаусыз зымырап жатқан уақыт десейші?!

Күні кеше ғана ортамызда шоқтығы биік боп жайраңдап жүргендей еді... Әрдайым тәжірибесімен бөлісіп, нағыз ұстаздық болмысымен ақылшымыз болған әріптесімізден айырылып қаламыз деп кім ойлаған?! Жазмышқа не шара?!

Бұл өмірде аса сыйлы, жүрек жылуымен айналасына шуақ шашып жүретін Лиза Хамидоллақызын жақынтуыстары жыл бойы сағынышпен еске алып, аза тұтып келе жатқаны сөзімізге дәлел. Жан жары Самат, ұрпағы «отбасымыздың жаны, жарығы» десе, бірге туған бауырлары Лизаның «жанашыр жан» болғанын, ал қайын жұрты «әулетке келген құт еді» деп еске алады.

Ол 1967 жылы Жаңақала ауданына қарасты Бірлік ауылында дүниеге келген. 1988 жылы жүрек қалауымен Орал қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетіне оқуға түседі. Әдебиет атты алып мұхиттың тереңінен білім іздейді, талмай ізденеді. Ақын жырларымен сусындайды. Әлем классиктерінің озық шығармаларынан нәр алады.

Еңбек жолын Тасқала ауданындағы Атамекен ауыл мектебінде қазақ тілі пәнінің мұғалімі боп бастайды. 1991 жылы Ақтөбе облысы Алға ауданына қарасты Еркінкөш ауылының негізгі мектебінде қызмет етіп, кейін Тасқала ауданына оралып, Амангелді мектеп-балабақшасында меңгеруші қызметін абыройлы атқарады. Ы.Алтынсарын атындағы білім ұясында өмірінің соңына дейін адал қызмет етеді. Өзі оқытқан, тәрбиелеген шәкірттері бүгінде аудан, облыс, республика деңгейінде қызмет етіп жүр. Ұстаздың жас ұрпақ тәрбиесіндегі ерен еңбегі бағаланып, әр жылдар ішінде аудан, облыс, республикалық деңгейде Құрмет грамоталарымен, ал 2013 жылы мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған еді. Нұр жүзінен әрқашан мейірім мен иман төгіліп тұратын Лиза Хамидоллақызы сүйікті жұбайы Самат екеуі екі ұл, бір қызғалдақ-қызды тәрбиелеп, екі немере сүйді. Адал жар, аяулы ана, сүйікті әже болды.

Әріптестері білікті де жаңашыл маман, «уақыттан озық» жүретін жан ретінде бағалап, үлгі тұтса, «жасындай жарқ еткен» гүл-ғұмырының куәсі болғандар оның асылдан жаратылған қимас жан, ардақты ана, асыл әже болғанын айтудан жаңылмайды. Ең бастысы, еске алушылардың дені оның осынау асыл қасиеттерден бөлек, қадірлі жан екенін жиі айтады. Сағынышпен әңгімелейді. Үлгі тұтады.

Л.Аюпованың бүкіл өмір жолы өз ісіне шынайы берілген, өмірлік құлшынысы арқасында азаматтық борышын адал атқарған адам өмірінің жарқын үлгісін көрсетті. Ол 27 жылдық саналы ғұмырын ұстаздыққа арнады.

Өмірінің соңғы жылдары Ы.Алтынсарин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде өтті. Әріптестер жүрегінде үлкен орын алды. Лиза Хамидоллақызымен өткен күн кешегідей санада жаңғырып тұр. Кескін келбеті, мінезі, ақыл-парасаты...

Қысқа болса да, мағыналы өмір жолы, рухани жан-дүниесінің байлығы, адамға деген мейірімі ерекше еді-ау? Иә, қадірлі ұстаз өзінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған еді. Өте байсалды, тұла бойы тұнып тұрған талант-тұғын. Күлімсіреп қарағанының өзі адамды шабыттандырып, керемет бір күйге бөлейтін...

Қандай қызмет атқарса да, адаммен ортақ тіл табыса білетін. Қарапайым, адал, өз ісінің нағыз шебері болатын. Әрқашан көмегін аямайтын, байсалдылығымен адамды өзіне тәнті ететін. Арманшыл еді...

Уақыт – үздіксіз жаңа белес пен өткеннің елестерін ала қашып, зымырап барады. Тоқтаусыз. Өткен күннің қайталанбас әр сәті құнды екенін қадірлі жанды жоғалтқанда бір-ақ біледі екенсің. «Қандай керемет адаммен бірге қызмет еткенбіз» деп көңіл төрінде қонақтаған әріптеске деген сағынышымызды айту арқылы жеңілдеп қалатынымыз рас.

Иә, өзі өмірден өтсе де, ұрпақ болашағына, тәрбие мен білім кеңістігіне қосқан елеулі үлесі ел есінен кетпесі анық. Сабақ түсіндіру тәсілі де ерекше еді. Сол үшін де шәкірт жүрегінен орын алды.

Міне, тағы бір қыс көрпесін жамылды. Айнала ақ мамыққа оранған. Бір-біріне ұқсамаған әр мезгілдің қайталанбас күндері үзіліссіз өтіп жатыр. Ештеңе нақты өзгермеген де сияқты. Бәрі бұрынғыдай. Тек сонау әр жүректе ұялаған керемет жанға деген махаббат қана осынау ұжымды рухтандырып тұрғандай көрінеді. Үнемі жаңашылдыққа ұмтылысын, мейірімді жүзін сағынсақ та, оның өзгеге ұқсамайтын болмысын ұжым ішінде жоғалтып алмауға тырысып, нық қадаммен алға басамыз. Себебі бізге көктен Лиза Хамидоллақызы жымия қарап тұрғандай болады да тұрады.

Айтқалиевтер отбасының ақылшысы, аяулы отанасы, ұрпақтарының мақтанышы болған Лиза әріптесіміздің жарқын бейнесі жүрегімізде мәңгі сақталары анық.

Эльмира Дакишева,

Ы.Алтынсарин атындағы білім ұясының директоры

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале