15.10.2023, 11:19
Оқылды: 40

"Арманым – Бәйтеректі кәсіби мамандар ұстаханасына айналдыру"

Мемлекет тарапынан кәсіпкерлікті дамыту мақсатында аукцион арқылы жалдау құқығымен жер телімдері берілуде. Мұны пайдаланып кейбір пысықайлар ол жерге нысан салдым деп өтірік құжат толтырып, сол жерді жекешелендіріп алуды көздейді. Оны болдырмау үшін кейбір заңнамаларға өзгеріс енгізген жөн.

IMG-20231015-WA0003

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша аудандық комиссияның кезекті отырысында кеңінен сөз болды.

Жиынды ашқан аудан әкімі, комиссия төрағасы Марат Тоқжанов комиссия отырысында қаралатын екі мәселенің алғашқысы, яғни жер учаскелерін аукцион, конкурс арқылы беру кезінде заңнама талаптарының сақталуы мен оның ашықтығы өзекті екенін атап өтті.

IMG-20231015-WA0004

Бұл бағытта баяндама жасаған аудандық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Айбану Өтепованың сөзіне қарағанда, биылғы жыл басынан бері ауданда 10 аукцион өткізілген. Нәтижиесінде 12 975 950 теңге сомасында 10 жер учаскесіне жалдау құқығы сатылған. Ал ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін жер учаскелерін беру бойынша 1 конкурс болған. Сауда-саттық қорытындысы бойынша Белес, Шалғай және Бейбітшілік ауылдық округтерінің аумағындағы жалпы ауданы 1859 гектарды құрайтын 5 жер телімі 10 жылға жалға берілді.

Комиссия мүшелері құзырлы мемлекеттік құрылым өкілдері үшін кәсіпкердің жер телімін жекешелендіру бағытында берген құжаттарының дұрыстығын тексеру мерзімінің аздығын атап өтті. Егер тиісті құжаттарды бір күннің ішінде тексеріп үлгермесе, мекеме айыппұл төлейді. Ал барып тексермей рұқсат бере салса, онда сыбайлас жемқорлылыққа алғы шарт жасалған болып табылады. Айбану Өтепованың айтуынша, аталмыш қызмет «бір терезе» қағидаты аясында жүзеге асып жатқандықтан бұл бағыттағы құжаттарды ХҚО-мен бірігіп тексеруге мүмкіндік беретін автоматты базаның жоқтығы қиындық туғызуда. «Жер учаскелерін барып тексеру кезінде құжатпен сәйкеспейтін деректер кездеседі,- дейді ол.

 

- Мәселен, құжатқа тігілген фотоларда көрсетілген нысандар аяқтай барып қараған кезде болмай шығады, орнында шағын вагонша секілді бірдемелер тұрады. Яғни басқа біреудің жер теліміндегі нысандарды салып жіберетіндердің бар екенін осындан-ақ көруге болады.

Соған орай комиссия мүшелері бұл бағыттағы заңнама талаптарына өзгеріс енгізу керектігін, нақтылап айтқанда құжаттарды тексеру мерзімін ұзартып, өтірік мәлімет бергендерді қатаң түрде жауапкершілікке тарту қажеттілігін жеткізді. Сонда ғана халықаралық талапқа сай, мінсіз, мәдениетті, жауапкершілікті сезінетін, елжанды кәсіпкерлер үшін дайындалған заңды өздерінің қарақанбасының пайдасы үшін белден басатындар азаятыны аян.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе мемлекеттік қызметтің оң имиджін және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстар жөнінде болды. Ол жөнінде аудандағы әдеп жөніндегі уәкіл, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатыр баяндама жасады. Баяндамашының сөзіне қарағанда, әлеужелілерде әдеп жөніндегі уәкілдің ресми парақшасында мемқызметтің имиджін көтеру мақсатында арнайы жариялымдар шығады. Онда ұзақ жыл мемқызметте абыройлы қызмет атқарып жүргендер, табысты еңбек етіп жатқан жас мамандар туралы посттар бар. Мемқызметшінің оң имиджін және ұжымды жағымды ахуал қалыптастыруға елеулі үлес қосқан қызметкерлер бейнесін ұжым алдында насихаттауда да жолға қойылған. Бүгінгі таңда аудандағы дербес бөлім мен ауылдық округ әкімдіктері ұжымдарында моральдық-психологиялық ахуал тұрақты. Жанжалды жағдайлар орын алған жоқ.

IMG-20231015-WA0006

- Ауданымыздағы мекемелерге практикадан өтуге келетін жастардың тізімі әдеп жөнідегі уәкілдің, аудан әкімі аппаратының басшысында болуы керек. Олардың сараманнан өтуін де назарда ұстаған жөн. Мүмкін бір бөлімнің басшысы не тәлімгері орынсыз қаталдық танытуының, не артық кетуінің, болмаса «қағаз апарып таста, ананы алып кел» деп қуа беруінің салдарынан бұл жастар мемқызметтен бетбұруы ғажап емес. Ұжымның ішкі бірлігінің болмауы да кері әсерін тигізетіні белгілі. Егер келген жас маман өзінің сол мекемеге керектігін түсінбесе, бүгін болмаса да ертең кетері анық. Жақсы әсер алмағаннан соң олар достарына, айналасына мемқызмет туралы жөнді әңгіме айтпасы хақ. Өкінішке орай, қазіргі қоғамда біреудің әңгімесіне мән беретіндер көбейіп бара жатыр. Сол себепті бұл бағытта кешенді жұмыстар жүргізу керек. Менің арманым – Бәйтеректі кәсіби мамандар ұстаханасына айналдыру. Бәйтерек ауданында еңбек еткен жанның мықты кадр екеніне көпшіліктің күмәні болмауы тиіс. Мемлекеттік қызметтің имиджін көтеру деген осындай іспен айшықталуы керек,- деді Марат Лұқпанұлы.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы 

 zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале